Әлемде инфекция жұқтырғандар саны 2 миллион 600 мың адамнан асты. Кейбір мемлекеттерде карантин шараларын тоқтатып жатыр. Осыған орай Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы ескерту жасап отыр.
«Біз әлі ұзақ күресеміз, дұрыс түсініңіздер. Вирус бірден жойылып кетпейді. Карантиннің көптеген елдерде адам өмірін сақтауға қалай көмектескенін көріп отырсыздар. Шектеу шараларын тоқтату өте қауіпті. Осы орайда эпидемия қайтадан күш алып кетуі мүмкін екенін ескертемін», - деді БӘДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.
Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі эпидемияның шарықтау шегіне енді жеткенін айтып отыр. бұл елде жағдай тұрақталып, күніне 4-5 мың жаңа науқастар тіркелуде. Ал инфекциядан қаза тапқандар саны 17 мың адамнан асады.
Италияда да жағдай тұрақталып келеді. Кеше бұл елде жазылып шыққан адамдардың рекордтық саны тіркелді. Бір күнде 2 943 адам дертінен айыққан.
Дегенмен, Еуропа елдері шектеу шараларын тоқтатуға бейіл. Осы ретте халықаралық ұйымдар аталған мемлекеттерді адам өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Басып шығару