Жалпыхалықтық үндеу: Меркель нені меңзеді?


Біз, веб-сайт журналистері, қанша жерден нақышын келтіре жазсақ та мәтін адамның бет-бейнесін, дауыс тембрін бере алмайды. Әрине, мультимедиялық журналистиканың дамыған дәуіріндеміз. Әйтсе де, кей уақытта бейнені жүктеу, халыққа ұсыну белгілі бір кедергілерге ұшырайды. 

Бүгін Германия канцлері Ангела Меркельдің неміс жұртшылығына жасаған мәлімдемесін тікелей эфирде тамашаладық. Нағыз көшбасшы! Биіктен қарап, міндеттеп, шарт қоя сөйлемеді! Тек ел-жұртына аманшылық тілеп, індеттен тезірек шығудың жолдарын айтты. Жүзінде, дауысында үлкен діріл һәм толқыныс бар. 

Құрметті оқырман, Bairaq.kz тілшісі сіздің назарыңызға неміс көшбасшысының мәлімдемесінің толық мәтінін ұсынады. 

Германия кацлері – Ангела Меркельдің шұғыл телевизиялық үндеуі

Құрметті азаматтар!

Коронавирустың елде тарауы біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. Ешқашан адамзат баласының басынан мұндай нәубет өтпеген. Қазір миллиондаған адам жұмысқа бармай, үйде отыруға мәжбүр. Балаларымыз мектепке, балабақшаға бара алмауда. Өзіміз жұмысқа шықпай, театрға бармай, дүкен аралай алмай қалдық. Бұл – қоғамдық өмірді түбегейлі басқа тәртіпке көшірген жағдай. 

Қазір бәріміздің көңіліміз алаң. Әрі қарай жағдайдың қалай жалғасатыны беймәлім. Мен сіздерге канцлер есебінде емес, әріптес ретінде бірқатар дүниелерді айтқым келеді. Біздің үкіметте қазір барлық лауазымды қызметкерлер өмірін бәйгеге тіге жүріп жұмыс жасауда. Қолдан келген барлық шараларды қолданудамыз. Ашық демократия деген осы: біз қандай шешім қабылдасақ та, ол әмбеге аян. Халыққа түсіндірілуі тиіс. Егер біздің азаматтар үкімет тапсырмаларын өз міндеті ретінде сезіне алса, біз бұл жағдайда еңсеретінімізге кәміл сенемін!

Біз бірігуіміз қажет. Қойылған талаптарды мүлтіксіз орындап, қоршаған ортаға инфекция таратпау үшін өз денсаулығымызды күтуге міндеттіміз. 

Германияның біріккен тұсынан бері, жоқ, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері біздің күнделікті тіршілігімізге кері әсер еткен оқиға орын алмап еді. 

Мен сіздерге қазіргі уақытта федералды үкімет пен мемлекеттік органдар немен шұғылданып жатқанын түсіндіргім келеді. Біз экономикалық, қоғамдық, мәдени салаларға кері әсер ететін эпидемияны жеңуге күш саламыз. Қазір сіздердің әрбіріңіздің қолыңыздан келетін нәрсеге назар аударғым келеді. 

Менің эпидемия туралы айтқандарымның барлығы Роберт Кох институтының ғалымдары мен өзге де вирусологтардың тұжырымына негізделген. Қазір әлем ғалымдары коронавирусқа қарсы жұмыс жасауда, бірақ әзірге ешқандай терапия немес вакцина жасалмады. 

Бұл – уақытша жағдай. Біз қазір инфекцияның таралу жолын кесіп, уақыт ұтуымыз керек. Кем дегенде бір ай вирусты осы деңгейден өсірмей ұстап тұрсақ. Ғалымдар вакцина ойлап табады деген сенімдемін. 

Германияның денсаулық сақтау саласы – әлемдегі ең үздік жүйенің бірі. Оған сенуге болады, әрине. Бірақ қазір біздің ауруханалар толық. Егер алдағы уақытта тағы да жаппай адамдар вирус жұқтыра бастаса, жағдай шиеленісейін деп тұр. 

Бұл – тек қана абстрактілі статистика емес, бұл санның ішінде біреудің анасы, бірінің әкесі, бірінің баласы бар. Біз – бір қоғамбыз, әр адамның өмірі қымбат. 

Мен елдегі дәрігерлер туралы айтқым келеді. Олар өз өмірін бәйгеге тігіп, ауруларды қабылдауда. Олармен бірінші кезекте кездесуде. Қолдан келген ем-дом шараларын жүргізуде. Олар – батырлар. Барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын. 

Қазіргі уақытта ең маңызды нәрсе – адам өмірі. Сол үшін біз қоғамдық қатынастарды тоқтатқанымыз абзал. Әрине, ақылға сыярлық межеде. Біз осылай жасауға мәжбүрміз. 

Иә, мен білемін, бұл жағдайдың қиын екенін. Осы уақытқа дейін демократиялық мемлекетте шектеу деген ұғым болмады. Қиын, мектеп пен университеттерде сабақ жоқ, балабақшада ойын-күлкі жоқ, театр, жәрмеңке, концерт жоқ, қиын...

Маған сеніңіздер, мен қандай да бір шектеулерге қарсымын. Өйткені, біз – демократиялық мемлекетпіз. Бізде шектеу адам өміріне қауіп төнетін жағдайда және тек уақытша ғана қолданылады. 

Біз көрші мемлекеттердегі шекаралық бақылауды күшейттік. Кіріп-шығу мүмкін болмайды. Алдағы апта, тіпті, қиындайды. Түсінемін, экономикаға ауыр соққы болды. Біз, үкімет басшылары, экономиканы, ірі және кіші кәсіпті, дүкендерді қолдаймыз, жұмыс орындарын сақтап қалуға күш саламыз. 

Біз кәсіпкерлер мен халықты жұмыспен қамтитын кәсіпорындарды қолдаймыз, сеніңіздер!

Дүкендерде азық-түлік тапшылығы болмайды. Әрине, жеткілікті етіп алған жөн. Бірақ шамасына қарай. Артығымен алу – әдемке жат тірлік. Екінші жақтан басқа азаматтарды да ойлау керек. Егер сөрелер босап қалса, олар қайта толтырылып отырады. 

Мен бүгін сіздер алғыс білдірмеген жандарға рахмет айтқым келеді. Қазір дүкендер кассасында тұрған, сөрелерді толтырып жүрген жандарға өте ауыр. Сіздерге рахмет! Біз үшін, ел үшін өз жұмыстарыңызды жалғастырып жатырсыздар. 

Енді ең маңыздысына көшейін. Қазіргі уақытта ешқандай мемлекеттік шаралар бізге көмектесе алмауы мүмкін, егер азаматтар өз-өзін қорғамаса. Вирус бізге таңдап жұқпайды, сондықтан, біз де бір-бірімізге таңдамай көмек беруіміз керек. 

Эпидемия бізге қоғамдық қатынастың маңызды екенін, адамға адам керек екенін көрсетіп берді. Дегенмен қауіпсіздік алғашқы орында тұруы тиіс. 

Біз вирустың таралуын сырттан бақылап отыра алмаймыз. Оған қарсы тұратын күш бар. Вирусологтар кеңесіне құлақ асып, қол алыспаңыздар, бір-біріңізден бір жарым метр шамасында аулақ болыңыздар. Сондай-ақ, қартаң кісілермен қатынасқа түспеген абзал. Өйткені, вирус жасы келген кісілерден көптеп табылуда. 

Түсінемін, адамдар қиындық кезінде бір-бірін іздейді. Ал қазір бір-бірімізге жанымыз ашыса, аулақ жүргеніміз абзал. Қазір, тіпті, ата-әжесі немересімен жолықпағаны дұрыс. Вирусологтар, жай кіріп-шығу, қонаққа баруды тоқтатуға шақырады. 

Кім қажетсіз кездесулерден аулақ болса, сол адам – инфекция таралмауына күш салған адам. Қазір бізге барлық сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Біз – бір отбасымыз. Бұл қиындықтан жақын арада шығамыз. 

Қартаң кісілерге қолдау көрсететін еріктілер шығып жатыр. Өте қуаныштымыз. Дегенмен, сақ болған абзал. Бір-біріңізді қоңырау шалып немесе бұрынғыдай хат жазып қолдаңыздар. 

Үкімет жұмысын жалғастырады, коронавирусты жеңуге бар күшімізді саламыз. Біз әрбір шешім қабылдаған сайын халыққа түсіндіріп отырамыз. Өтініш, өтірік хабарламаларға сенбеңіздер, тек ресми мәлімделер ғана сенімді. 

Жағдай күрделі. Біз – демократиялық мемлекетпіз. Ешкімді қинамаймыз, ақыл-парасат деңгейіне күш саламыз. Тарихи жағдайда бірлік танытып, шығынсыз өтсек, сол – жетістік. 

Біз бұл дағдарыстан өтеміз. Бірақ қандай шығын болады? Қанша жақын адамдарымызды жоғалтамыз? Міне, бұл сіз бен бізге байланысты. Сол үшін ереже сақтап, сақ болайық. 

Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар! Алғыс айтамын!

Сондай-ақ оқыңыз

Пікір қалдыру