Әлемге коронавирус көлеңкесі үрей тудырып барады. Індет өмірін жалмағандар саны 100 мыңнан асып барады. Ал жұқтырғандардың саны миллион алты жүз мың адамнан асып кетті. Өлім-жітім саны Еуропада басымырақ. Ұлыбританияда тәулік ішінде 980 адам қайтыс болды. Бұл – тәулік ішіндегі ең үлкен көрсеткіш. Британияда 8958 адам қаза тапса, 19 мың адам аурухана төсегіне таңылған.
«Біз әр цифрдың артында адам өмірі, оның отбасы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Жауапкершілік бәрімізге бірдей түсіп отыр. біз үйде қалуға тиіспіз», - деді Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі Мэттью Хэнкок.
Індет енді ғана басталған бірқатар мемлекеттер шектеу шараларын қолға алуды кешеуілдетуде. Дегенмен, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы шектеуді алып тастауға қарсылық танытып отыр.
«Шектеу шараларын мүлде тоқтату коронавирустың таралуының жаңа легіне алып келуі ықтимал», - деді БӘДҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейесус.
Италия карантинді 3-мамырға дейін созды. Бұл елде індет қарқыны бәсеңдей бастаған. Тәулік ішінде 570 адам қайтыс болған, кешегі көрсеткіш – 610 адам. Ал жұқтырғандар саны кешегіден 4 мыңға аз.
Франция ауруханаларында 31 мың адам ем алуда. Әрбір бесіншісі жансақтау бөлімінде жатыр. Тәулік ішінде 554 адам қаза тапқан. Ал жалпы өлім-жітім көрсеткіші – 13 мың. Жұқтырғандар саны – 90 676 адам.
Пасха мейрамы қарсаңында карантин тәртібін бұзғандарды қатаң жазаламақ. Қадағалауды арттыру үшін дрондар да қолданылмақ екен.
Басып шығару