Бүгін, Алматыда «Аманат» партиясы мен «Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының» бірлескен жобасы «Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Кеш соңы жастар тарапынан қойылған түрлі сұрақ-жауап пен қызықты пікірталасқа ұласты. 92 студент меценаттар тағайындаған 5 мың теңгелік сертификаттарға 500 мың теңгеге жуық соманың түрлі кітаптарын тегін алса, өздерін қызықтырған кітаптарды да қосымша сатып алған оқырман осылай кітап оқудың жаңа бір үлгісін жасады.
Бұл үрдіс бұдан да былай жалғасын табары сөзсіз. Жақын арада осы жерде тағы бір кітаптың тұсаукесер рәсімін белгілеп отырған орталық «Кітапсүйерлер клубын» ашуды да жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті.
Енді жақын күндерде еліміздің барлық облыс орталықтарынан ашылатын «Кітап-Аманат»-тың дүкендерінде де осындай игілікті шара үздіксіз жалғаса береді деп үміттенеміз.
Мемлекет басшысының идеясын негізге алған партия басшы-лығымен бірлескен «Қазақстан баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясы»-ның мамандары, еліміз тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл ішінде әбден күйреуге түскен кітап оқу мен кітап тарату ісін осылай қайта жандандырмақ ниетте. Еліміздің барлық облыстарында, аудандарында «Аманат» партиясының қолдауымен, жергілікті партия ғимараттарынан аталмыш кітап дүкендерін ашып қана қоймай, кітап оқуды насихаттау жұмысын да жүйелі түрде бастап кетті.
Кезінде, әлемдегі кітапты ең көп оқитын мемлекеттер қатарынан құлдырай келе соңғы 30 жылдағы жеткен «жетістігіміз» қазіргі таңда Қазақстанның 166 аудан орталықтарының бірде-бірінде кітап дүкендері жоқ деген сорақы мәліметтің соңы осындай игілікті істермен қайта жолға қойылмақ.
Бұл дегеніміз бір реттік қана өткізіліп қоятын науқандық іс-шара емес, халыққа, руханиятқа, әдебиетке, ұлттық идеологияға тікелей қызмет ететін және қазақ тіліндегі контентті толтыруға негізделген ауқымды жоба екенін есте ұстайық.
Бір-бірімізге гүл орнына мәңгі өлмейтін кітап сыйлауды да үйренсек...
Басып шығару