Күні кеше ғана еліміздің түкпір-түкпірінде Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтілді. Биылдан бастап дәстүрге енген мерекені шартараптағы қазақтар да тойлады. Осы орайда Америкадағы қазақ қауымдастығы өткізген мәдени-сазды кешке ерекше тоқталғымыз келіп отыр. Мерекелік концертке Уашингтоннан шалғай жатқан шаһарлардағы қазақтар да арнайы келіпті. Салтанатты жиынға заңғар жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин де қатысып, сөз сөйледі. Ұлтымыздың тағдырлы тарихынан сыр шерткен қаламгердің сондағы сөзін қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
«Республика күні қайырлы, құтты болсын. Той тойға ұласа берсін. Мұндайда адамның көңілі ерекше толқиды. Бұдан 30 жыл бұрын заман да, адамдар да басқа еді. Әркім аузын бағып сөйлейтін. Мен әдебиетші болған соң, тарихтан хабардар болғаннан кейін түсінігім бірталай болды. Бірақ сол артық сөз айтпауды да елден бұрын үйрендік. Мен тәуелсіздік заманға дейін ержеткен баламнан бұрын екі-ақ адаммен еркін сөйлесе алған екенмін. Оның біреуі – қазақтың үлкен жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. Екеуміз бірге оқыдық, бірге тұрдық. Сонда елдің жағдайынан бастап барлық әңгімені айтатынбыз. «Шіркін, тәуелсіздік алсақ» дейтін едік. Ол кезде Африка елдері қатар-қатарынан егемендік алып жатты. Көңілде мұң бар, арман бар, еркін сөйлесетінбіз. Әбіш кейін үлкен қызметке кеткен соң, бұл тақырыпты қозғамайтын болдық.
Ал екіншіcі – чуваштың халық жазушысы Мишши Юхма. Менен 1-2 жас үлкендігі бар. Екеуміз еліміздің жайы туралы көп сөйлесетінбіз. Еркін. Екеуміздің айтпайтын әңгімеміз жоқ, арманымыз таусылмайтын. Бұл, шамамен, өткен ғасырдың 70-жылдары. Арада қаншама жыл өткен соң, 1998 жылы Түркияда кездестік. Мен «Түркі дүниесіне еңбегі сіңген» деген атақты алдым. Юхма да сол атаққа ие болыпты. Сүлеймен Демирелдің қолынан сыйлығымызды алдық. Сонда сөйлескенімізде Мишши Юхма: «Мына сен арманыңа жетіпсің. Біз әлі қапаста, империяның шеңгелінде отырмыз. Баяғыда сен: «Біз арада елу жыл өте ме, өтпей ме, қайтадан тәуелсіздік аламыз», деп айтып едің. Сонда мен: «Тәуелсіз Қазақстанда Целинный крайды қайтесіңдер?» дедім. Ал сен: «Адам жанын сақтау үшін, амандығын сақтау үшін саусағын ғана емес, аяқ-қолын кесіп беруге дайын болады. Егер жағдай өзгермесе, оған дейін Целиноградты тастап шығамыз», деп айтқансың. Ал енді Целинный край да орнында, сендер де тәуелсіздік алдыңдар», деп көңілі босап еді.
Құдайға шүкір, әлі күнге дейін әлемдегі көп халық жете алмай жатқан жағдайға қазақ жетті. Тәуелсіздікті қазақ сияқты аңсаған, армандаған халық дүниеде кемде-кем. Адам қапаста отырғысы келмейді. Еркіндікте болғысы келеді. Ал халық үшін тіпті қиын. Сонда біздің арғы заманнан бастап Алтын орда құлағаннан кейінгі уақытта, орыс жаулаушылығы Еуразияға жайылып келе жатқан кезден бастап қазақтар дүние қалай болады деп қам жеді. Бұқар жыраудың атақты бір өлеңі бар.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Басқаның аты боп
Күншығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Сол сықылды бір кәпір,
Жаяулап келер жұртыңа.
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей, ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл – белгілі бір халыққа арнап айтылған сөз емес, жалпы отаршылдыққа қарсы сөз. Одан кейінгі заманда Махамбеттің қамыққанда айтқаны бар.
Бұл қонысқа қондырған
Ата-бабам оңбасын,
Таңда – сират басында.
Отаршылдықтан құтылудың еш амалын таппаған. Одан кейін Шортанбай, Мұраттардың қаншама өлеңі бар. Міне, қазақ соншама заман тәуелсіздікті аңсады. Кейінгі Алашорда қайраткерлері де көп нәрсені ашты, көп нәрсені орындап, біраз нәрсенің жолын салып кетті. Мағжанның өлеңдері айрықша. Сол тәуелсіздік біздің еншімізге бұйырды. Менің заманым қазақтың кішкене әлсіреген, шаршаған уақыты болды. Қайткенмен де, Тәңірі жарылқап, тағдырдың жазуымен тәуелсіздік алдық. Енді соның қызығын көріп отырмыз. Қадірін білмей жатқан жағдайымыз да бар. Осыны айтып отыру керек. Болашақ ұрпақтың өмірі мүлде басқаша болады. Ал енді осы той тойға жалғаса берсін. Еліміз өткендегі барлық қиындықтан арылып, алдағы заманда үлкен нәтижеге жететін болсын. Халқымыздың саны көбейсін. Еліміз өркендей берсін. Қазақ аман болсын, Қазақстан дәуірлей берсін. Қазақстанның құрамындағы диаспоралардың бәрі қазақтың төңірегіне үйіріліп, қазақтың тілеуін тілейді деп ойлаймын.»
АҚШ, Уашингтон шаһары,
2022 жыл, 28 қазан
Дереккөз: egemen.kz
Басып шығару