Солтүстік Қазақстанда еліктер қырылып жатыр. Әлеуметтік желіге тараған өлі жануарлардың видеосына облыс тұрғындары дабыл қақты. Бұл туралы
Almaty.tv хабарлады.
Инстаграм желісінде СҚО тұрғындары түсірген видеолар көптеген парақшаларда тарап, үлкен шу шығарған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша еліктер аштан қырылып жатыр.
«Ересек жануарлар мұндай жағдайды бұрын да бастан кешкен және олар тірі қалады деп ойлаймын. Себебі олар не жеу керегін біледі. Жас еліктер бұны түсінбейді. Барлығы биыл қардың көп мөлшерде түсуіне байланысты. Соның салдарынан еліктер азық таба алмай жүр», – деді Сергеевка қаласының тұрғыны Михаил Михайленко.
Орман шаруашылығының қызметкерлері болса, бұл пікірлермен келіспей отыр. Олар жануарлардың жаппай қырылуына азық тапшылығы емес, басқа факторлардың әсер еткенін айтады.
«Бұл биылғы қар көлемінің көп түсуіне байланысты. Тиісінше еліктер жол бойындағы осы ағаш-бұтақтармен қоректенеді. Өлім фактілері туралы айтатын болсақ, оған көбінесе көлікпен соқтығысу, не қаңғыбас иттердің талауы себеп болып отыр», – деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы Олег Беспалов.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек өңірде шамамен 15 мыңдай елік бар.
Фото: Baribar.kz
Басып шығару