Қазақстанның барлық дерлік облыстары осы уақытқа дейін сақталған тарихи-мәдени ескерткіштерге, біздің заманымызға дейінгі құнды жәдігерлерге бай. Осы мұраны сақтау, қайта қалпына келтіру, насихаттау – бүгінгі ұрпақтың тарих пен болашақ алдындағы аманаты. Алматы шаһарына «Маңғыстауреставрация» Арнайы ғылыми жөндеу өндірістік шеберханасының директоры Құралбай Өмірзақұлы Озғамбаев келді деген хабарды естіп, сөзін тыңдауға, жобалары туралы ақпарат алуға асықтық. Тарих пен келешектің алдында ауыр аманатты абыроймен арқалап жүрген азаматпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. - Құралбай аға, «реставрация» ұғымын жете түсінетіндер аз. Саладағы мәселелер мен реставрация ерекшеліктері туралы айтсаңыз.
- Реставрация – ерекше сала. Міндеті – тарихи-мәдени ескерткіштерді бастапқы кейпін сақтау арқылы қайта қалпына келтіру. Қазір осы ұғымды әркім әртүрлі түсінеді, тіпті, бес маманнан сұрасаңыз бес түрлі жауап аласыз. Оның үстіне екінің бірі «реставратор» болып кетті. Бұрын Кеңес дәуірі кезінде бұл саланың бөлек бағыты, өз алдына заңдары, тәртіптері бар еді. Қазір реставрацияны Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы» заңында күрделі жөндеу жұмыстарымен теңестіріп қойған. Соңғы кезде саланың ерекшеліктері ескерілмей құрылыс саласына қатысты нормативтер, тәртіптер қолданылады, тіпті терминдерге дейін құрылыс саласынан алынған. Мамандар арасында «реставрация деген не, реконструкция қай жерден басталады, ағымдағы жөндеу не?» деген мәселеде пікір таластар баршылық. Бүгінгі таңда қайта қалпына келтіру саласының бекітілген нормативтік базасы, арнайы бекітілген тәртібі жоқ, расценкасыз (бағалаусыз) жұмыстар атқарылуда. Кез келген құрылысшы реставратор бола алады, ал реставратор құрылысшы бола алмайтынның кебін киген заман болды. Бұл жөнінде осы салаға қатысты кешенді өзгерістер қажет, жаңа тәсіл ойлап таппай ақ, бұрынғы қарым қатынастарды, тәртіптерді жаңа көз қараспен заман талабына сай келтіріп, енгізу қажет деп ойлаймын. Бұл айтылып отырғандар уақыт күттірмейтін мәселелер мен шаруалар.
2019 жылдың 26 желтоқсанында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң қабылданды. Бұл жерде реставрациялық жұмыстарға «ғылыми» атауын беріпті, құптарлық шаруа. Ғылыми арнайы зерттеу аталғандықтан оны түбегейлі зерттеу қажет, объект ғылыми бағасын алуы керек. Кез келген тарихи объектіге алғашқы зерттеуден бастап дұрыс «диагноз» қойылса, жұмыстары да дұрыс бағыт алады. Құрылыстағы техникалық қадағалаудың орнына ескерткішке ғылыми жетекші тағайындалып, реставрациялық жұмысты басынан аяғына дейін жетекшілік етіп, қадағалап отырса нұр үстіне нұр болар еді. Бұрындары кез келген объектіге техникалық жағдайы туралы акт, реставрациялық тапсырмалар әзірленіп, сол арқылы құжаттары дайындалатын. Қазір реставрациялық жұмыстардың басталуына басты кедергі келтіретін мәселелердің бірі - жобаларды сараптамадан өткізу, құрылыс заңнамаларына сәйкес сараптаманың болу міндеті. Ал оны өткізетін мекемелерде құжатты тексеретін маман жоқ, оның орнына өзіміздің мамандардан құралған ғылыми методикалық кеңестерде талқыланса игі болар еді. Сонымен қатар, құрылысқа тағы бір тән емес бағытымыз - реставрациялық жұмыстар жоба әзірлеу жұмыстарымен қатар жүріп отырады. Себебі күрделі объектілерде жобадан тыс жаңа жұмыстар пайда болу мүмкіндігіне байланысты жобаға өзгерістер еңгізілуі мүмкін. Сондықтан жобалық құжаттар жұмыс соңында рәсімделеді. Бұны тексерушілердің бірі түсінсе, кейбіріне түсіндіріп әлек боламыз. Айта берсек мәселе көп, қайта қарастыруды қажет ететін сала екені анық. Бұл мәселелер өзектілігі соңғы он жылдың ішінде күшейе түсті.
Қазақстан аумағында жөндеуді, сақтауды қажет ететін, қайта қалпына келтіру жұмыстарына мұқтаж, көңілден тыс қалып қойған ескерткіштер көп. Барлығын аралап көрсеңіз аталған мәселелердің шын өзектілігін түсінер едіңіз, тіпті, обал. Ал мұның барлығын өз есебімізден жасап шығуға шама жетпейді. Айталық, қалтамыз көтергенше қаншама ескерткіштерді ешкімнің сұрауынсыз, қайтарымсыз өз есебімізден қалпына келтірдік. Қалай десек те, бұл салада жұмыс істеу үшін өз ісін жан-тәнімен сүйетін маман болуың керек. Жастардың салаға қызығушылығы болғанымен қиыншылығына күйіп, шыдамай кетіп жатады. Ілуде бір жанкешті жастар табылып жатады, оларға білетінімізді үйретіп, саланың қыр-сырын көрсетіп, жол сілтейміз.
- Бір сұхбатыңызда бұл салада «маман жоқ» деген мәселе қозғапсыз. Қазір маман тапшылығы қаншалықты маңызды мәселе?
- Қазақстанның әр түкпірінде ескерткіштер құрылымы мен стилистикасы әртүрлі болып келеді. Айта кетсек, халықтың тұрмысы мен табиғи ортасына байланысты бір жерде тас өнері қатты дамыса, енді бір жерде ағаш, кейбір аймақта кесектен құру тәсілі болған. Қазіргі кезде ондай материалды еш жерде дайындамайды. Сондықтан оларды өндіру техникасын зерттеу арқылы өз арамыздан дайындаймыз және сол бойынша әртүрлі семинарлар мен мастер класстар өткізіледі. Реставрация саласына жұмыс істейтін мамандардың тапшылығы республикада айқын байқалып тұрады. Мәскеуде тастан, кесектен өндіру мамандары болмаса да, архитектор-реставраторларды, икона жазатындарды арнайы реставраторларды дайындайтын академиясы бар. Қазақстанда, өкінішке орай, ол да жоқ.
«Маңғыстауреставрация» мекемесі туралы айтсақ, қырық жылдан астам тарихы бар мекемеміз, республиканың түкпір түкпірінде еңбектендік, жұмыстарымыздың іздері қолданыстағы қайта қалпына келтірілген ірі-шағын тарихи-мәдени ескерткіштер кейіпінде көрнекті тарихи орындар тізімінде жатыр. Мекеменің басты принципі атадан балаға мирас болып келе жатқан тарихи ескерткіштерімізді сақтау, келесі ұрпаққа бастапқы күйінде жеткізу болып табылады. Қазіргі таңда тоқтамай еңбектеніп, материалдық-техникалық базаны, мамандарды жинақтап, бүгінде жүйелі жұмыс істеп келеміз.
Осы саланың майталмандары Қанат Қымызұлы Тұяқбаев, Мақсұт Сұлтанұлы Нұрқабаев ағаларымыз біздерге үлгі,
- Сіздің қарамағыңызда қанша қызметкер бар және олардың біліктілік деңгейі қандай?
- «Маңғыстауреставрацияда» жиырмаға жуық қызметкер бар, оның ішінде қатардағы жұмысшы да, маман да бар. Біздің мекеме 1979 жылы құрылған, қырық жылдан астам тарихы мен мол тәжірибесі бар кәсіп. Мен осы мекемеге жиырма жыл ғұмырымды арнадым. Жиырма жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойынша мыңнан астам ескерткішті қайта қалпына келтірдік.
Сапалы жұмыстың нәтижесі шығар, лицензиямыз бұрын тек қайта қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған еді, қазір археологияда, құрылыс монтаждаудан екінші категориялы лицензияларымыз бар.
Бүгінде еліміз бойынша мекемелерге реставрациялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін 300-ден астам лицензия беріліп отыр. Бұл сала – нағыз бәсеке алаңы. Мекемелердің басым бөлігі қала ішіндегі мүсіндерді, ескерткіштерді ағымдағы жөндеу жұмысы деңгейінде ғана сылап-сипап, бетін бүтіндеп жүреді. Саланы ішінара бөлу қажет, өйткені Қазақстанда ағаш ескерткіштер, тас ескерткіштер, мавзолейлер және молалар, кесенелер баршылық.
Мамандандырылған мекемелер жұмыстарының негізгі бағытын анықтап, сол бағытта жұмыс сапасын арттыруы тиіс. Ең қауыптысы – тарихи маңызы бар ескерткіштер реставрациялық білімі мен тәжірибесі жоқ мекемелердің қолына түсіп, қор болып кету мүмкіндігі. Құдай сақтасын, әзірге мұндай оқиға орын ала қойған жоқ, дегенмен, үш жүзден астам жекеменшік мекемелердің құзырсыз бірі бір күні болмаса басқа күні осындай жауапты міндетке бекітіліп кетуі ғажап емес.
Қазақстанда 35 мыңнан астам ескерткіш бар, осының барлығы дерлік реставрациялық жұмыстарға мұқтаж. Тіпті, кейбіреуі апатты жағдайда тұр. Біз асықпасақ тарихи-мәдени жәдігерлеріміздің көбінен көз жазып қаламыз. Ал мұнымызды келешек ұрпақ кешіре ме?!
- Бізде тарихи қалаларды қалпына келтіру туралы сөз жиі қозғалады. Реставратор маман ретінде айтыңызшы, тұқылы ғана қалған қалаларды бағзы түріне келтіру мүмкін бе?
- Әбден мүмкін. Бұл міндетті жүзеге асыруға біз мүдделіміз. Бірақ бір мәселе бар, ол – қаражат мәселесі. Археологиялық, реставрациялық жұмыстар үшін өте көп қаражат керек. Өйткені, арнайы балшықтар, арнайы бояулар дайындалуы керек. Тағы айта кететін дүние – реставрациялық жұмыстардың маусымдық жұмыс екендігі. Қаражат толық бөлініп, жұмыс дер кезінде басталмаса нысан аяқталмай қалуы ықтимал. Келесі жылы былтыр істеген жұмысыңды жалғастыру қиын, өйткені жел, жаңбыр секілді табиғи факторлар бар, біраз шығын келтіреді. Ал ол шығын үшін қайта қаржы бөлінбейтіні анық.
Дегенмен, жақсылықты да айту керек. Биылдан бастап, әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында Отырар қаласын қайта көтеру жұмыстары басталды. Түркістан шаһарының сәулетін арттыруға мемлекет тарапынан назар аударылып, барынша жағдай жасалған. Отырар қаласының тарихи-мәдени негізіндегі үлгісін қайта көтеру үшін еліміздегі ең білікті реставратор мамандар жұмылдырылды. Біз де осы нысан айналасында жұмыс істеудеміз. Отырардың қайта қалпына келтірілуі – күллі қазақ үшін қуаныш. Отырар қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары – тікелей Президент назарындағы процесс. Екі жылға жоспарланған жұмыс келесі жылы толық аяқталуы керек. Қала орынындағы мешіттің, дуалдың, кіреберіс қақпаның, моншалар мен шеберханалардың орындары қайта көтеріліп, бағзы қалпында салынады. Айта кетейік, қазір бұл аумақта 12 нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, биыл Шымкент қаласы өзінің 2200 жылдық мерейтойын тойлайды. Соның ішінде қала ортасында ежелгі цитадельді және қалашықты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Біздің мекемеге бұл жерден екі нысанда жұмыс жүргізу мүмкіндігі берілді, қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қалған нысандарды жергілікті мекемелер өз міндетіне алды.
Ескерткіштердің түрі көп. Олар ішінара республикалық, облыстық, қалалық болып бөлінеді. Жауапты мекемелер де көп. Министрлік, облыстық басқармалар, инспекциялар.
- Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстары тендер арқылы бөлінеді ме?
- Бағана іспен айналысатын 300-ден астам мекеме бар деп едім ғой. Демек, бұл салада үлкен бәсекелестік бар. Ал жылына жоспар бойынша жөнделуі тиіс ескерткіштер аздық етеді. Жобалар екі жолмен бөлінеді: «Қазреставрация» мемлекеттік кәсіпорыны арқылы келетін жобалар, яғни мемлекеттік тапсырыс болып саналады, ал көбіне біз мемлекеттік сатып алулармен жұмыс істейміз.
Ескерткіштерге реставрациялық жұмыстарды жасауға көптеген мекеме мүдделі. Бірақ көпшілігінің шамасы сылап сипаудан аспайды. Бұл саланың өз алдына ерекшеліктері бар. Мысалы, қалпына келтірілетін нысанның архитектуралық бастапқы кейпі жоғалмауы тиіс. Ал реставрацияның иісі мұрынына бармайтындар ғимаратты, ескерткіштерді жаңаша дизайнмен, жаңа стильде сала салғысы келеді. Бұл – нағыз реставратордың жасайтын ісі емес.
Реставрация жұмыстарымен айналысатын мекемелердің ішінде жұмысты кәсіби деңгейде жасайтындары жоқ емес. Олардың атауында « арнайы ғылыми жөндеу өндірістік шеберханасы» қосымшасы бар. Ал оның бер жағында қаншама жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер құрылып жатыр. Міне, осындай мекемелер мемлекеттік тапсырысқа болсын, мемлекеттік сатып алуларға болсын қойылған ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын алу кезінде оларға құрылыс нысаны сияқты қарайды.
Бұрындары біздің саланың өзіндік терминдері бар еді. Қазіргі терминдердің өзі құрылыс жұмыстарының терминіне айналған. Мысалы, біз жобалық-сметалық құжатты бұрын «ғылыми-сметалық құжат» деп, «реставрациялық тапсырма» деп айтатын едік. Сонымен қатар, бұрын бізде реставрациялық жұмыстарға ғылыми жетекші тағайындалатын. Қазір біздің салада талапқа сай емес жұмыс жасайтын мекемелер көп. Бұларды сұрыптау үшін заң керек еді. Бұрын РДИП (Реставрациялық нормалар мен ережелер) болып еді, ол қазір СНИП (Құрылыстық нормалар мен ережелер) болып өзгерген. Егер қазір осы нормалар мен ережелерді қайта қалпына келтірсек, ескерткіштерді құрылысшылардан құтқарар едік.
Менің ойымша, бір нысанда қайта қалпына келтіру жұмыстарын бір мекеме кешенді түрде істеу керек. Қазір талан-таражға түсіп, әр нәрсені әр мекеме жасап жүр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Басып шығару