Кеше кешқұрым Атырау қаласында КТК телеарнасының тілшісі Бекен Әлирахымов пен оның операторы Манас Шәріповты тәртіп сақшылары уақытша ұстау изоляторына алып кеткені туралы ақпарат пен журналистерге аурухана дәрігерлерінің жаппай араша түскені таспаланған видеолар тарап кетті.
«Ақ Жайық» газетінің мәліметіне сүйенсек, журналистер аурухана маңында түсірілім жасап, медицина қызметкерлерінен сұхбат алған. Гәптің бәрі – аталған аурухананың қызметкерлері өздерінің жұмыс орынына карантин жарияланғалы туралы білмеуінде. Сондай-ақ, аурухана қызметкерлері мен науқастарды қала шетіндегі аудандардың бірінде орналасқан жағдайы нашар нысанға орналастырмақ екен. Ақ халаттылардың тілшілерге жүгіну себебі – осы.
«Бір уақытта полиция қызметкерлері келіп, телевизия қызметкерлерін №4 полиция бекетіне алып кетпек болды. Дегенмен, бұған ызасы келген дәрігерлер оларға қарсы тұрып, көлікті қоршап алды», - деп жазады басылым.
Батыстағы газет тілшілері журналист Бекен Әлирахмановпен тілдесіп, жағдайды біліпті.
«Біз әріптесім екеуміз қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай жүріп жұмыс жасадық. Өзімізбен бірге қажет құжаттарды және жұмыс орнынан берілген анықтаманы алып жүрдік. Біз сұхбат алған кісілер де маскада, арнайы киімдерде болды. Бізді карантин жарияланған облыстық ауруханада жұмыс істедіңдер деп айыптауда. Бірақ ресми карантин туралы естімеген едік. Бұл туралы бұйрықты дәрігерлердің өзі көрмеген. Біз ауруханаға негізгі жолмен кірдік, ешкім ескерту жасамады. Полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, мені «Берекеге» карантинге жіберді, ал әріптесімде 37,1 дене қызуы болғандықтан тексеру нысанына жөнелтті», - деді журналист.
Ал бұл мәселеге қатысты Облыстық жедел әрекет ету штабындағы жауаптылар бүй дейді:
«Облыстық аурухана аумағында «КТК» арнасының журналисті мен операторы карантин және ТЖ режимін бұзды. Олар 3-сәуір күні Атырау облысының бас санитарының шешімімен карантин жарияланған облыстық аурухана аумағына кіріп, түсірілім жұмыстарын жасаған. Екеуінің тарапына да ҚР Әкімішілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша («Төтенше жағдай режимін бұзу») әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, олар 1-сәуір ҚР Бас санитары жариялаған ереженің 31-тармағына қайшы келетін әрекетке барды, яғни, карантин жарияланған медициналық нысан аумағында фото/видео түсірілімдер жасады. Олар күдіктілер қатарына енгізіліп, карантинге жатқызылды. Сонымен қатар, БАҚ өкілдерінің заңсыз әрекетін тоқтатуға мәжбүр болған полиция қызметкерлері де карантинге жатқызылады».
Ендігі сұрақ: Облыстық аурухананың дәрігерлері мен медбикелері өздерінің жұмыс орынына карантин жарияланғанынан неге бейхабар? Бұл сұрақты айналып өткен Облыстық жедел әрекет ету штабының өкілдері медицина қызметкерлері мен науқастарды басқа нысанға көшіру туралы әңгімеледі.
«Қазіргі уақытта облыстық ауруханада 65 науқас бар. Бұрынырақ жазылып шыққандар мен енді келіп жатқандар «Береке» ықшам ауданындағы көппәтерлі үйлерде карантинге жатқызылады. 50 науқас 70 медицина қызметкерінің бақылауында облыстық ауруханада қалады. Штаб басшылығының шешімімен қалған медицина қызметкерлері жағдайы жасалған орындарға көшірілмек. 80 медицина қызметкері «Береке» ауданындағы көппәтерлі үйлерге орналастырылады, 50 қызметкер энергетика колледжінің жатақханасына, ал 35 дәрігер «Престиж» қонақ үйіне көшіріледі», - деп жазды Атырау облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев.
Біршама уақыт бұрын БАҚ бетінде Атырау облыстық ауруханасын дезинфекция жұмыстарын жүргізу мақсатында жабатыны туралы ақпарат жарияланған. Бұл шешімге аурухана қызметкерлері қарсы болды. Олар карантин уақытын өткізетін нысанның жағдайына наразылық танытқан.
«Таңертең бөлім басшылары аурухана қызметкерлерін Махамбет ауданындағы туберкулезге қарсы күрес ауруханасына және «Береке» ықшам ауданына көшіретіні туралы жеткізіп, көптің көңілін күпті қылды. Кеше бізді «Атырау», «Самал» немесе «Жемчужина» санаторийлеріне жібереді деген. Біз Махамбет ауданы мен «Берекеге» барудан бас тартамыз. Ол жақтағы жағдай адам шошырлық, оны бәрі біледі», - деді аурухана қызметкерлерінің бірі.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Атырау облыстық ауруханасы 3-сәуірден бастап карантинге жабылған-мыс. Медициналық нысанға карантин жариялау және дезинфекция жұмыстарын жүргізуге жаңа науқастың анықталуы себеп болған. 6-сәуір күні ауруханаға 82 жастағы қария түсіп, оның анализ қорытындысында коронавирус анықталған. Ал анализ қорытындысы шыққанша, ақсақалмен аурухана қызметкерлерінің бірқатары байланысқа түсіп үлгеріпті.
Ал батыстағы ақ халаттылар журналистерді босатпаса және өз талаптарын орындамаса, күн сайын көшеге шығуға бел буып отыр. Бұл олардың топталуына және полиция қызметкерлерімен қарым-қатынас жасауға мәжбүрлейді. Ал адамдардың көп шоғырлануы инфекцияның таралуына әсер ететіні әмбеге аян.
Басып шығару