Қазақстанда наурыз мерекесі қарсаңында «Таза табиғат» экологиялық жобасы басталды, деп хабарлайды
ҚазАқпарат ҚР Экология, гелология және табиғи ресурстар министрлігінің Telgram каналына сілтеме жасап.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі және облыстық әкімдіктердің бірлескен шарасында бірнеше аймақта ағаш отырғызу, айналаны қоқыстан тазарту, су көздерін ашу акциялары өтті. Жалпыұлттық жоба Түркістан қаласында бастау алып, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында жалғасты.
Осылайша Президенттің орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындау жұмыстары басталды.
«Мекенім – жасыл елім» акциясына 60 мың адам ат салысып, 486 мың түп ағаш отырғызылды. Оқушылардың «Менің ағашым» челленджіне 31 мың адам қатысып, 39 мың көшет егілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қоршаған орта ахуалын жақсарту бағытында тапсырмалар берді. Жалпыұлттық экологиялық шаралар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында да қарастырылған. Өзге өңірлерде де осындай шаралар ауа райына байланысты сәуірде өтеді», - деді министр Түркістандағы шарадағы сөзінде.
Министр жұмыс сапарымен келген Түркістандағы акция аясында қала іргесінде құрылып жатқан «Жасыл» белдеуге көп жылдық ағаш көшеттері егілді.
«Облысымыз бойынша 3 млн 131 мың га орман қоры жерлері бар, оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 млн 630 мың гектарды құрайды. Түркістан іргесіндегі «Жасыл» белдеу аумағын келер жылға дейін тағы 3000 гектарға кеңейтіп, толық аяқтау жоспары бар. Ал орман тұқымбақтарын дамыту үшін онда әр жылы 35,0-40,0 млн. әр-түрлі ағаш көшеттерін өсіреміз», - деп атап өтті облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Басып шығару