Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, оңтүстіктегі бірнеше облысты су басу қаупі бар екенін жеткізді. Көрші елдердегі су қоймаларының жай-күйінен хабардар болып отырмасақ, бірнеше аймақ Мақтаарал халіне душар болуы ықтимал екен.
Құдай бетін әрмен қылсын, бірақ мамандардың ескертуінше, болашақта көршідегі ірі су қоймасы жарылса, Қазақстанның бірнеше облысына тасқын судың астында қалу қаупі төнуі ықтимал.
Орталық Азияда (ОА) кезінде су шаруашылығының бірыңғай кешені болды, бірақ КСРО-ның ыдырауымен бірге аймақтық су жүйесін ортақ басқару жүйесі де жойылды. Кеңес одағы келмеске кетті, оны аңсамаймыз. Ал ОА-дағы су шаруашылығын бірлесе, үйлесімді, ынтымақтаса басқаруға қайта көшкеніміз жөн.
Мысалы, Сырдарияның бастауында орналасқан Қырғыз Республикасының 284,3 шаршы шақырымға созылып жатқан алып Тоқтоғұл су қоймасы кезінде мықты қорғалатын, онда ауқымды күзет тобы тұратын. Қазіргі кезде оны қорғау бір-екі күзетшіге жүктеліпті деседі. Алайда халықаралық маңызға ие стратегиялық нысанның терроризмге қарсы қорғалуы әлсіремегені дұрыс. Мамандардың дерегінше, бұл ғаламат су қоймасының бөгені жарылса, Қазақстанның бірнеше облысына тасқын судың, тіпті теңіздің астында қалу қаупі төнеді! Демек, салдары Мақтааралдағыдан бірнеше есе ауыр болар апаттың алдын алу үшін Қазақстан көпжақты мемлекетаралық келіссөздер аясында орталықазиялық көршілермен бірге осындай су қоймаларының қауіпсіздігіне талдау жасап, террористік шабуылға қорғанысы осал болса, оны нығайтудың бірлескен шараларын қарастырғаны жөн.
Осыған орай мен Үкімет басшысы Асқар Мәминге депутаттық сауал жолдадым. Оның шағын нұсқасын Мәжілістің жалпы отырысында жарияладым. Премьер-Министрге бағытталатын толық нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмын.
Премьер-Министрі А.Ұ.Маминге
Депутаттық сауал
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Биыл Өзбекстанның Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасында бөгеттің бұзылуы салдарынан су астында қалған Түркістан облысының Мақтаарал ауданы Қазақстан халқы мен ел Үкіметінің пәрменді көмегі, «Nur Otan» партиясының қуатты қолдауы арқасында қалпына келіп жатыр. Бұған таяуда ауданға осы жылы екінші рет жасаған сапарым барысында көз жеткіздім.
Дегенмен, ауданды аралау кезінде және сала мамандарымен әңгімелесу нәтижесінде қосымша біраз мәселені анықтадым. Оның кейбірі бұрыннан қордаланса, бірқатары су басу салдарынан туындады. Бұларды қазір шешу болашақта осыған ұқсас, тіпті одан да зор апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Біріншіден, Кеңес Одағы кезінде Орталық Азияда болған су шаруашылығы кешенін ортақ басқару жүйесі жойылды. Қазіргі кезде Сырдария бойындағы су қоймаларының жағдайы, осы стратегиялық нысандардың терроризмге қарсы қорғалу деңгейі бізге белгісіз. Көп мәселесі құпия. Мамандардың ескертуінше, көршідегі ірі су қоймасы жарылса, тасқын судың астында қалу қаупі Қазақстанның бірнеше облысына төнеді. Демек, мұндай белгісіздік салдары Мақтааралдағыдан бірнеше есе ауыр болар апатқа әкелуі мүмкін.
Екіншіден, биыл Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бөгеті биіктеу жерінен бұзылды. Егер су қоймасы терең жерінде жарылғанда, Қазақстанға келген шығын әлденеше есе көп болуы ықтимал еді. Себебі, онда 922 млн текше метр су жиналған. Биылғы апат кезінде соның 300 миллион текше метрі бізге қарай ағындады.
Үшіншіден, Орталық Азия өңірінің су-энергетика саласында қордаланған мәселені тек бірге шеше аламыз. Бұл үшін өзара жауапкершілікті қарастыратын мемлекетаралық деңгейдегі жаңа құқықтық база қажет. Бұл ретте 2018 жылғы тамызда Ақтауда 5 мемлекет қол қойған «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция» жақсы үлгі бола алады.
Төртіншіден, Өзбекстанның Сардобасынан ағындап келген су Мақтаарал ауданының «Нұрлы жол» ауылы секілді кейбір елді мекенінің айналасында тоқтап, тұйық суға айналды. Күннің ысуымен бірге ол су бұзылып, батпаққа айналып, күлімсі иісі қолқаны ататын күйге жетті. Сонымен бірге ол жергілікті тұрғындар мен төрт түлік мал тұтынатын таза ауыз суды бүлдірді. Тасқын су аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарын төмендетіп жатыр. Уақытылы шара қабылдамасақ, ертең су кепкенде ол жерлер Арал теңізінің табанындай жарамсыз сортаңға айналуы мүмкін. Мақтаарал ауданында жерасты сулары беткі қабатқа өте жақын орналасқан. Мамандар мәліметінше, оған Сардобадан келген тасқын су қосылып, шамамен 9,5 мың гектарда тұзды сор жер бетіне көтерілді.
Құрметті, Асқар Ұзақбайұлы, жоғарыда айтылғанды ескере отырып, келесі мәселелерге мән беріңізді сұраймын:
1) Болашақта суға қатысты табиғи және техногендік ірі апаттың алдын алу үшін Қазақстан орталықазиялық көршілермен бірге Мемлекетаралық комиссия құрып, осындай су қоймаларының қауіпсіздігіне талдау жасауы, террористік шабуылға қорғанысы осал болса, оны нығайтудың бірлескен шараларын қарастыруы керек.
2) Мақтааралдағы апат қайталанбауы үшін Өзбекстанмен келіссөздер барысында Сардоба су қоймасының Қазақстанға ықтимал қаупі бар, жақында бұзылған бөгетін қалпына келтірмеуді сұраған абзал. Көрші мемлекетке қауіп келтіретін осыған ұқсас ірі нысандарды салу кезінде Орталық Азия елдері өзара келісіп, жобада қауіптің алдын алатын және салдарларын жоятын шараларды қарастырғаны жөн.
3) ОА елдері арасында Сырдария мен Әмудария секілді трансшекаралық суларға қатысты барлық мәселелер бойынша түпкілікті мәмілеге келіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан арасында төртжақты ортақ келісімшарт бекітілуі керек. Бұл халықаралық құжатта суды пайдалану; су қоймасын және бөгенді салу жобасын бірлесе сараптамадан өткізу; апат болған жағдайда бірлескен шаралар жүргізу; осы стратегиялық объектілерді күзету және террористік шабуылдан қорғау мәселелері көрініс табуға тиіс.
4) Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерін ағынды судан құрғату, жерасты суларын және сорды төмендету үшін тік дренаж тәсілін қолданып, бұрғылау ұңғылары жүйесін жасау маңызды. Бұл жұмыстар биыл қолға алынуда. Бірақ оған ары қарай қуатты қолдау қажет. Бұрындары қыруар ел қаржысы шығындалып, тік дренаж жүйесі жасалыпты, алайда оны ары қарай ұстап тұруға қаржы бөлінбегесін, қазіргі уақытта негізінен істен шыққан. Оның істейтінін жөндеп, істемейтінін қайта қазу керек. Сонда алтын қорымыз саналатын суармалы жерлер қалпына келеді, жергілікті аграрлық сала дамиды.
Біз тұтас ауданды апат аймағына айналдыра жаздаған техногендік авариядан тиянақты, жан-жақты, лайықты сабақ алуымыз керек.
[media=https://www.facebook.com/watch/?v=3017288681730038&extid=neGyIN5g0k95688S]
Басып шығару