Нұр-Сұлтанда жаппай төбелес болып, Дулат Ағаділдің ұлы қайтыс болды.
Елордалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 қарашада сағат 22.56-да 102 шұғыл байланыс желісіне Көктал ықшамауданының Болашақ көшесінде болып жатқан жаппай төбелес туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жастар арасында өзара жанжал болып, оның арты төбелеске ұласқандығын анықтады. Нәтижесінде екі адам жарақат алды. Олардың бірі - 17 жастағы Ж.Ағаділовке пышақ салынған, ол жедел жәрдем келген кезде қайтыс болды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі (кісі өлтіру) және 293, 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды, - делінген хабарламада.
Жанжалдың барлық тараптарын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Ұсталғандар бар.
Тергеу нәтижелері бойынша төбелескендердің әрқайсысының іс-әрекетіне заңды баға беріледі.
Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ осы жылдың ақпан айында тергеу изоляторында қайтыс болды. Ол сотты құрметтемеу, судьяға, сот отырысына қатысушыларға тіл тигізу және тергеу әрекеттерінен жалтару сынды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталды. Оның өліміне жүрек жеткіліксіздігі себеп болғаны айтылды.
Басып шығару