Қазақстандық ғалымдар тобы коронавирус инфекциясының елдегі екінші толқыны күз айларында қайталануы ықтимал екенін жеткізді. Осы орайда олар елдегі жағдай бойынша ғылыми зерттеу жүргізетіндерін айтты.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық ғалымдармен видеоконференция өткізіп, олардың ойын білді.
Т.Х.Чан атындағы Гарвард мектебінің қоғамдық денсаулық сақтау докторы Қуаныш Ерғалиев Гарвард университетінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ғалымдары мен сарапшыларының тұжырымы негізінде ұсыныс жасады. Оның айтуынша, науқастарды анықтау мен олармен байланыста болғандарды қадағалау жүйесін жасау керек.
«Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай әр аймақта әртүрлі. Алматы мен Нұр-Сұлтан шарықтау шегіне жетсе, басқа аймақтар түрлі сатыда. Демек, бір уақытта шектеу шараларын жеңілдету инфекцияның екінші толқынының басталып кетуіне апарып соғуы ықтимал», - деді Қуаныш Ерғалиев.
Сонымен қатар, Ерғалиев Гарвард профессоры Джозев Айландтың бастамасын ұсынды: карантин біткеннен кейін де қашықтан жұмыс істеу, жұмысқа өте қажет мамандардың ғана шығуы, ғимараттағы ауаны тазартып тұру, қызметкерлерді азайту.
«Астана» медициналық университеті ректорының стратегиялық даму мәселесі жөніндегі проректоры Анар Тұрмұхамбетова иммунитетті зерттеудің маңызын түсіндірді.
«Вирус жаңа. Анықталмаған нәрселер көп. Иммунитет мәселесіне басты назар аудару керек. Ең маңыздысы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру», - деді ол.
Конференциядан кейін барлық ұсыныстар ҚР Денсаулық министрлігіне жолданады.
Бүгінде Қазақстанға 3105 науқас тіркеліп, оның 798-і жазылып шықса, 25 адам қайтыс болған.
Басып шығару