Министр Біртанов (Денсаулық сақтау министрі) өткенде брифинг өткізген. «Біздікілер бәлніске баруды жиілетті» деп кейіп сөйлеп, «жөнді-жөнсіз жатып алатынды шығарды» деді және. Сөзден сөз қуып, сынықтан сылтау іздеді демеңіздер, министрдің өз сөзі, міне: «Біздің елде өзгелермен салыстырғанда ауруханаларға қажеттілік артты. Яғни, адамдар ауруханаға жиі жататын болды. Тіпті, кейде оның қажеттілігі жоқ болса да, үйде жатып дәрімен, болмағанда күндізгі стационарға барып емделуге болса да... Әрине, әлем елдерінде ауруханаға жатқызу тәртібі қатаң. Бұл қажетсіз госпитализацияның алдын алу үшін жасалады. Себебі, ауруханаға жатып ем қабылдау қымбат», - деді министр.
Министр Біртановтың бұл сөзінен «өлейін» деп жатпасаң, өзгенің орнын алма дегенді ұқтық. Елекеңдікі жөн-ақ делік. Дертің шауып, денең талып бара жатпаса, дәрігерің жазып берген дәрі-дәрмегіңді алып, үйде жатып-ақ емделуге болады, рас. Бұл жөнінен министр мырзаның айтқанына таласудың өзі артық. Әйткенмен, қазақтар, қазақстандықтар қит етсе болды, бәлніске жатып алуды шығарды дегенге, министр сенер, сіз сенесіз бе? Әйтпесе, он екі мүшесі сау адам, еріккеннен барып бәлніске жатып ала ма? Ауырмай жатып, ауырып қалам-ау деп, дәрі ішіп, дәрігерге дедектеп жүретін, шіркін жаны әздек адамдар болса, бір жөн. Әсіресе, біздің дәрігер дегенге ауруы асқынғанда бір-ақ баратын, онда да босағаңа кеп тұрған жедел жәрдемшілер жалынып-жалпайып «ауруханаға барасыз ба?» десе, бармай қалуға сылтау іздеп тұратын қазекеңдер, Елекең айтқандай, доқтырханаға дамыл бермей жатыр дегенге сенесіз бе?
Дұрыс түсініңіз, құрметті оқырман! Біздің министрге мін тағып, оған жөнсіз жерден соқтығу әсте ойымызда жоқ. Өз сөзінен ұққанымызды жазып отырмыз. Сол министр өзінің екі ауыз сөзінде екі мәселенің шетін шығарды. Әуелі, «дәрі жаздырып, ем қабылдауға болады» деді. Сосын «ем қабылдау қымбат» деді.
Қымбаты - қымбат, рас. Қазақстанда дәрі де қымбат, дәрігер де қымбат. Себебі, бұл - бизнес. Миллиардтаған ақша айналымда жүріп жатқан алып бизнес. Бұл бизнестің басты курьері – Біртанов. Себебі, Біртанов осы саланың министрі.
Жақында Қазақстанның Бас прокуратурасы Біртанов министрлігінің қызметіне тексеріс жүргізіп, біраз былық-шылықты әшкерелепті. Есеп-қисап жүргізіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баянхат жолдапты.
(ҚР Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов)
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің баяндамасынан ұққанымыз, 2016-2018 жылдар аралығында Біртанов министрлігі, яғни Денсаулық сақтау министрлігі қажеттілікті қолдан жасау, асырып көрсету арқылы бюджеттің 34 миллиард теңгесін мақсатсыз шығындаған екен.
ҚР Бас прокуратурасы 2016-2018 жылдар аралығында халықты дәрі-дәрмекпен қамту бойынша, бюджет қаржысын тиімді әрі заңды пайдалану бойынша тексеріс жүргізген.
Халыққа кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету үшін 1 мың атаулы дәрі-дәрмекті сатып алуға жыл сайын мемлекет қалтасынан 100 миллиард теңге бөлінеді. Денсаулықсақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай тегін медициналық көмекке мұқтаждардың саны Қазақстанда 2 миллион адамды құрайды. Ал Бас прокуратура тексерісі бұл көрсеткіштің едәуір аз екенін анықтаған. 2016-2017 жылдар аралығында, яғни 2 жылда 30 мыңға жуық адамды 30 түрлі аурудың 4-еуіне тіркеген.
Нәтижесінде ДСМ тарапынан бюджеттің 16 миллиард теңгесі мақсатсыз түрде еселеніп көрсетілген. Ал жалпы алғанда 2016-2018 жылдар аралығында ДСМ тарапынан қажеттілікті қолдан жасау (асырып көрсету) арқылы бюджеттің 34 миллиард теңгесі мақсатсыз шығын болған.
Нақтылап айтсақ, жалпы сомасы 12 миллиард теңгені құрайтын 190 түрлі атаулы дәрі-дәрмек өз бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алынған.
Мысалы, «Дуолазид» дейтін отандық өнімнің өз бағасы 49 теңге болса, министрлік оны 770 теңгеге сатып алған. Яғни, өз бағасынан 15 есеге қымбатқа алған. Сөйтіп, 2 миллиард теңге артығымен төлеген.
Мақсатсыз жоспарлау және бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланудың ақыры дәрі-дәрмекті ұрлауға дейін жалғасқан. 1 миллиард теңгенің жалған рецепті жазылған. Сондай-ақ, жалпы сомасы 10 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі жетпейтіні анықталған. Яғни, жоғалған.
Жоғарыдағы фактілердің барлығын дерлік Бас прокуратура анықтап тексерген. Құқыққорғау органдары 27 қылмыстық істі тексеріске алған. Сонымен қатар, прокуратура органдары заң бұзушылықтың алдын алу үшін 112 акті толтырған. 360 адам жауапқа тартылған.
Жаңағы Біртанов министрлігінің былық-шылығы жөнінде баянхаттың және бірі Үкіметбасы Асқар Маминге де жолданыпты. Онда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі бойынша денсаулық сақтау субьектілері мен дәрі-дәрмек өнімдерінің қолданысын бақылау ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне міндеттелген. Алайда, бұл қызмет мүлде жүзеге асырылмай отыр», - делінген.
Бюджет Кодексінің 4 бабында көрсетілген принциптерінен бөлек, ДСМ дәрі-дәрмектерді сатып алу мен жоспарлауды нақтыланбаған немесе мүлде көрсетілмеген статистикалық есептерге және әкімдіктер тапсырысына сүйеніп жоспарлаған. Нәтижесінде, 2016-2017 жылдар аралығында 16 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі артығымен сатып алынған.
Сонымен қатар, қажеттілікті дұрыс есептеп анықтамағанның салдарынан 3500 онкологиялық ауруға шалдыққандарға қажет 6 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегі жетпей қалған.
Бұл бұл ма, Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық Кодексінің 1,4 баптарын өрескел бұзып, 2017-2019 жылдарға арналған тегін медициналық көмекке қажет сатып алынатын дәрі-дәрмектердің тізіміне клиникалық тиімсіз дәрі-дәрмектерді енгізген. Прокуратураның мәліметі бойынша, ондай емдік әсері тиімсіз дәрі-дәрмектердің 21 атаулы түрі анықталған. Оның жалпы сомасы 2 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында 4 заңсыз дәрі-дәрмек қоймасы анықталған. Ол жерде жалпы сомасы 91 миллион теңгені құрайтын 250 мың атаулы дәрі-дәрмек сақталған. Олардың арасында «Лантус СолоСтар» дейтін инсулин де бар екен. Естеріңізге сала кетейік, дәл осы инсулин өткенде Өзбекстанда анықталған. Қазақша маркерленген бұл дәрі-дәрмектер еркін саудаға түскені белгілі болған.
Аталған фактілер бойынша барлығы 27 қылмыстық іс қозғалған екен. Біз бұл сандарды ойдан іздеп, қырдан тапқанымыз жоқ. Бас прокуратураның, Бас прокурордың баяндамасынан білдік. Бұл жаңағы «емделуші көп болған соң, емдеуші де, ем де қымбат, қазір» деп қызылкеңірдек болған министр Біртанов министрлігіндегі қымбат сандар. Айтуға тіл күрмелетін күрделі сомалар. Ал осы миллиардтаған қаржының мақсатты түрде ысырап болуына кім жауапты?
Сөйткен Біртановымыз биыл шілдеде дәрігерлердің айлығын өсіру керектігін сұрап сөйлеген. Айта кетейік, бұл - министр Біртановтың дәрі-дәрмек саудасына қатысты алғашқы дауы емес. Ол министрлік тізгінін 2017 жылдың қаңтарында ұстаған. Ал ақпанда дәрі-дәрмек саудасын монополизациялап отырған «СК-Фармация» дауы басталған. 3 ақпанда бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «СК-Фармацияны» кәнігі мафия деп айыптай сөйлеген. Ал 4 ақпанда компания директоры Нұржан Алибаев отставкаға кеткен. Ал сол жылы қазан айында Алибаев қыруар қаржыны жымқырды деп айыпталды.
Түйін. Біртановтың өзі де дәрігер, әкесі де білікті маман дәрігер болған. Министрдің білім жолын шолып қарасаңыз, бір мін таба алмайсыз. Ол әуелі Алматы Мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған. Онан соң АҚШ-тың Аризона штатына барып, ол жақта интенсивті терапия мен токсикология бойынша білім алған. Ресейдің мед-академиясында оқыған. Берлиндегі Шарите университетінде аурухана менеджменті бойынша тәжірбие жинақтаған. Магистратураны (Global Executive MBA) америкалық «Duke University» университетінде аяқтаған. 1998 жылы медицина ғылымының кандидаты, 2002 жылы доцент, 2010 жылы доктор болған. 50-ге жуық ғылыми еңбек жазған адам.
Рас, министр Біртанов білімді дәрігер шығар, ауруымызды айтып, алдына барып көрмеген соң, пәлен деп пал ашу орынсыз... Алайда, Ол білікті министр һәм менеджер деп және айта алмаймыз. Айтар едік, жоғарыдағы жақ талдырып, тіл сүріндіретін сандардан ұялып отырмыз... Бюджет қаржысын, сізбен біздің салықтан (қалтамыздан) жиылған қаржыны оңды-солды жұмсап, арзанды қымбатқа бұлдап берген министр Біртановтың өзі болмаса да, қарамағындағылар екені даусыз! Ал олардың жұмысын үйлестіру – басқа-басқа емес, дәл осы министр Біртановтың қызметі. Демек, 100 миллиардты жұмсаудың жолын білмеген Біртанов ендігі отставкаға кетуі керек шығар!
Басып шығару