Covid-19 індетін бақылап отырған ғалымдар тобы коронавирус белгілі бір мерзім ішінде ғаламшар жұртшылығының айтарлықтай бөлігіне жұғады деген тұжырым келтіреді.
Ал кейбір ғалымдар инфекция тұмау сынды мезгілдік дертке айналып, жойылмай қалады дейді-мыс.
SARS-CoV-2 – коронавирустың ғылыми һәм ресми атауы. Әлем халқының бойына үрей ұялатқан инфекцияны жұқтырып алудан сақтану – тек қазіргі уақыттың мәселесі. Ал ғалымдар коронавирусты түбегейлі зерттеп, оны түп-тамырымен жоюға бейіл.
Бізді қорқытқан дүлейдің түрі қандай?
Вирус – бұл адамның генетикалық кодына, яки, ақуызбен қоршалған ағзаның кіші бөлігінің қорғаныс қабатын бұзып кіретін талшықтар немесе таяқшалар. Коронавирус – көлемі жағынан басқа вирустардан әлдеқайда кішкентай. Оны микроскоппен көру мүмкін емес. Елестетіп байқаңыз, иненің ұшындай жерге коронавирустың 100 миллион данасы шоғырлана алады. 100 миллион дана!
Оның көлемінің кішілігі де ғалымдарға қолбайлау болып отыр. Инфекция жұқтырған адам жөтелгенде немесе түшкіргенде оның бір тамшы сілекейінде миллиардтаған вирус таяқшалары болады.
Жасушаға түскен вирус ақуыздың бөлінуін тоқтатып, орнына өзінің көшірмелерін туғыза береді. Міне, науқастың денсаулығы осыдан күрт нашарлайды.
Коронавирустың шығу тарихы. Тәжтажал қайдан пайда болды?
Ғылымда вирустардың ондаған миллион түрі белгілі. Сондай-ақ, мезгіл сайын бұрын беймәлім болған вирустар да ашыла береді.
Десек те, ондаған миллион вирус адамға анау айтқандай қатер төндіре қоймайды. Қауіпті вирустардың ұзын саны 100-дің о жақ, бұ жағында. Өйткені, адам ағзасы эволюция арқылы көптеген вирустармен күресуге дағдыланған.
Вирустар да осылай. Олар эволюция кезеңдерінен өткен сайын, мутацияға ұшырап, қарым-қабілеттері өзгеріп отырады. Мысалы, бұрын тек жануарларда кездесетін вирустар мутация арқылы адам ағзасына да түсуі ықтимал.
Осындай «жаңа» вирустар адам өмірі үшін қауіпті. Өйткені, адам ағзасы жаңа вирустармен күресуге қауқарсыз болуы мүмкін. Ағзаның қорғаныш механизмі бұрын мұндай вируспен күресіп көрмеген соң жатырқайды. Нәтижесінде вирус адамдар арасында тарап, эпидемиялық деңгейге дейін өсе береді. АИВ, SARS, MERS және бүгінгі коронавирус дәл осындай жолмен асқынып кетіп отыр.
Коронавирус SARS және MERS вирустарынан несімен ерекшеленеді?
Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің директоры Питер Пиоттың айтуында SARS-CoV-2 вирусында (коронавирустың ресми атауы) өзіндік төрт ерекшелік бар.
Біріншіден, инфекция жұқтырған адам өзінің дертке душар болғанын білмеуі мүмкін. Бірақ ол бойындағы вирусты өзгелерге тарата береді. Бұл – вирусты изоляциялауға мүмкіндік бермейтін нашар қасиеті.
Егер адам SARS вирусын жұқтырса, өзінің ауырғанын дереу біледі және айналасындарға тарату мүмкіндігі бірнеше күннен кейін ғана ашылады.
Екіншіден, вирус жұқтырғандардың 80 пайызы жай салқын тию мен тұмау симптомдарын ғана сезеді. Ал әрбір бесінші адам түк сезбеуі мүмкін. Бірақ инфекция таралуын тоқтатпайды.
Үшіншіден, COVID-19 симптомдары тұмау белгілеріне қатты ұқсағандықтан, өзінің вирус тасымалдаушы екеніне күмәнданбайды.
Төртіншіден, вирус тамақ тұсында қатты көбейеді. Сондықтан жөтел және түшкіру кезінде жан-жағындағы адамдарға инфекция жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Вирус жұқтырған адам ең бірінші жөтеле бастайды
Вакцинадан қайыр бар ма?
Қысқа ғана жауап – жоқ! Егер оны аз уақыттың ішінде жасап шыққанымен, адамзат баласына оның оң әсер ету ықтималдылығы тым төмен.
Алғашқы клиникалық вакциналарды бірнеше елдерде сынау басталды. Қалай десек те, ең тиімді вакцина кем дегенде 2021 жылы жасалады. Ал ол уақытқа дейін коронавирус мына қарқынмен көпшілікке жұғып үлгереді. Сондай-ақ, бірнеше ғалым коронавирус вакцинасы жасалады деп оптимистік көзқарас танытқанымен, оның жасалуына ешқандай кепілдік жоқ. Питер Пиоттың айтуынша, АИВ вакцинасын жасап шығаруға деген талпыныс 35 жыл бойы жалғасып келеді. Дегенмен, нақты нұсқа жоқ.
Коронавирус қаншалықты қауіпті?!
Кез келген дертке әмбебап бағалау шкаласын қоя алмаймыз. Десек те, оның қаупі таралу жылдамдығынан, адам өміріне төндіретін қатерінен байқалады.
Қытай ғалымдарының санағы бойынша, эпидемияның эпицентрі болған Ухань қаласында вирус тасымалдаушы әр адам кем дегенде 2,2 адамға инфекция жұқтырған. Ал эпидемияның күшін жою үшін бұл көрсеткіш 1-ден төмен болуы тиіс. Қытайда ә дегеннен карантин жарияланып, коронавирусты ауыздықтау мүмкін болды. Италияда вирус тасымалдаушы кем дегенде 3-4 сау адамға инфекция жұқтырып, жағдайды ушықтырды.
Жаңа вирустың таралуы мезгілдік тұмау секілді болса-дағы оның жұғу қаупі тым жоғары. Ол ауада үш сағатқа дейін өмір сүреді, ал пластикалық және темір материалдарда үш күнге дейін тіршілік жасай береді.
Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, коронавирустың өлім-жітім жиілігі жоғары. Ол басқа инфекциялардан бірнеше есе жоғары. Коронавирус қартаң кісілерге ауыр соғады-мыс. Мысалы, жасы 70-тен асқан және созылмалы дерті бар кісілер коронавирус жұқтырса, өлім-жітім жиілігі 5 пайызды жуықтайды. Ал 80-жастан асқан және инфекция жұқтырғандардың әрбір оныншысы қайтыс болады.
Коронавирусты емдеу амалдары бар ма?
Қысқа жауап – жоқ! Вирус жұқтырғандарды емдеу кезінде дәрігерлер инфекцияның өзімен емес, оның салдарымен ғана күреседі. Үрейге бой алдырмаңыз! Инфекция жұқтырғандарға, негізінен, дәрігерлер көмегі қажет емес. Олардың 80 пайыздан астамы үй жағдайында, кәдуілгі тұмауға қарсы қолданатын ем-дом арқылы апта ішінде жазылып кетеді.
Коронавирус жұқтырғандарды ауруханаға жатқызу қажеттілігі тек әрбір бесінші немесе алтыншы науқасқа туады. Өйткені, олардың созылмалы дерті болуы ықтимал немее жасы келген.
Егер коронавирус пневмонияға дейін асқынса, адамның тыныс алуы қиындап, әлсіз ыстық көтерілуі байқалады. Мұндай деңгейдегі науқастар үлесі жалпы вирус жұқтырғандардың 4 пайызын құрайды.
Коронавирус жұқтырдым деп күдіктенсеңіз...
Бірқатар зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, вируспен күрестегі ең қайырлы амал – карантин. Өйткені, сіз жан-жағыңыздағы сау адамдарға инфекция жұқтырмауға тиіссіз.
Тұмау тигіздім деп күдіктенсеңіз, ең бірінші кезекте отбасы мүшелеріңізбен бірге жеке карантин жариялаңыз. Толық жазылғанша ешқайда шықпауға тырысыңыз. Сондай-ақ, антибиотиктерді қолдану вирусты өршіте түсетінін айта кеткен жөн.
Кез келген қарым-қатынас кезінде медициналық маска кию міндетті. Жеке гигиена талаптары да маңызды. Дегенмен, вирус сілекей арқылы жұғатынын ескерсек, масканың қажеттілігі жоғары.
Коронавирустың жұғу жеңілдігін, жылдамдығын ескерсек, алдағы уақытта инфекция ғаламшар жұртшылығының айтарлықтай деңгейіне жұғады деп күтілуде. 1918-1919 жылдары тараған «испан тұмауы» ғаламшар тұрғындарының әрбір үшіншісіне жұққан. Ал коронавирус қарқыны одан әлдеқайда жоғары.
Осы ретте Питер Пиот адамдарға вирусқа психологиялық тұрғыдан дайын болу керек екендігін ескертеді. Бастысы – үрейленбеу керек.
Мүмкін, сіз де ауырып үлгерген шығарсыз. Ол жай ғана тұмау сиптомдары арқылы өтіп кеткен шығар. Бәрі мүмкін!
Басып шығару