ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында білімнің сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға айырықша көңіл бөлген болатын. Осыған орай ҚР Парламент Сенатының іс-шаралар жоспарына сәйкес Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Алматы облысы мен Алматы қаласындағы Аграрлық ғылымның дамуы, мамандарды даярлау және Қазақстан республикасының 2017-2021 жылдардағы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының іске асыру мәселері бойынша көшпелі отырысы өткен болатын. Оның алғашқысы Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының шаңырағында өтті. Одан кейінгілері Алматы қаласы мен облысындағы ғылыми-зерттеу институттарының өндірістік танаптарында жалғасты. Ал, ғылыми конференция Қазақ ұлттық аграрлық университетінде сабақтасты. Осы шаралардың аясында Сенат депутаттары Алматы қаласы мен облыс аймағындағы ғылыми-зерттеу институттарын аралап, ондағы атқарылып жатқан іргелі және қолданбалы зерттеулердің нәтижелерімен, зертханалармен ғылыми танаптарда жүргізіліп жатқан тәжірибелерді, соның негізінде алынған жетістіктердің өндіріске ендіру барысы, жас мамандарды дайындау және оларға жасалып жатқан жағдайлармен танысты. Міне, осы іс-шаралардың барысы қалай өтті, депутаттар атқарылып отырған істерге қандай баға бергенін білу үшін Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институттың бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Абдулла Сапарұлы Сапаровпен сұхбаттасқан едік.
-Абдулла Сапарұлы, алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт-Кемелұлының еліміздегі білім мен ғылым сапасына қойған талабы мен ұсыныстарына Сіздің пікіріңіз қандай?
- Мен Президенттің талаптары мен ұсыныстарын қолдаймын. Себебі білім және ғылым мемлекетті дамытатын басты факторлардың бірі. Тәуелсіз еліміздің босағасы берік, керегесі кең, мерейі үстем болып, әлемдегі озық елдердің қатарында болғымыз келсе, білімнің сапасын жақсартып, бәсекеге қабілеттілігін артыруымыз қажет. Мемлекет тарапынан ғылымның дамуына ерекше жағдай жасалуы, ол – болашақты ойлағандық. Бірақ енді соның жүргізілу жүйесі, іске асырылуы дұрыс бағдарламалармен атқарылуы тиіс. Бұл қоғам болып, ойласып жүзеге асыратын мәселе.
- Жалпы бұған дейінгі эконмикалық жағдайларға байланысты елімізде ғылым дамуын тоқтатты ма, әлде ғылыми процесстердің барысы қалай дамуда?
- Шындығын айту керек. Қай кезеңде болмасын, қандай экономикалық қыйыншылық болмасын мемлекетіміз ғылымды ұмытқан емес. Мүмкіндінше жағдай жасап, қаражатпен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ ол елімізде анықталған басымдылықтардың қайсысына қалай бөлінеді? Мәселе сонда... Қазіргі таңда аграрлық ел болғасын агроөндірістік кешеннің дамуына көңіл бөлініп, 2017-2021 жылдарға мемлекеттік бағдарлама қабылдаған, оған тиісті қаражат бөлінді, бірақ ол қазігі таңда ішкі жалпы өнімнің 0,17 пайызын құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ ол озық елдерде 3 пайыздан жоғары көрсеткішті құрайды. Сондықтан жетпей жатқан пайыздарды өзіңіз пайымдай беріңіз... Дегенмен, қазіргі таңда, елімізде аграрлық ғылымға бөлінетін қаражаттың көлемі жылдан жылға өсіп келеді. «Көш жүре түзеледі» демекші, болашақта ғылымға деген көзқарас та, қаражат та жақсарады деген ойдамыз. Мемлекетіміз ғылымға деген қаражаттың көлемін 2021 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің 1%-на жеткіземіз деп отыр. Осыған орай ғылымның дамуы да артады деп сенемін. Себебі қазіргі таңда жаңа тиімді технологиялар көбеюде, өнімнің өнімділігі артуда. Осы процесс жалғасын табады деген үміттемін. Олай дейтін себебім, біздің институтта, аз уақыт ішінде, бірнеше озық технологиялар жасалды, олар тек топырақтың құнарлылғын сақтап қана қоймай, өнімнің өнімділігін және сапасын арттыруда.
- Шетелдермен ғылыми байланыстарыңыз қай деңгейде, өз тараптарыңыздан еліміз ғылымына инвесторлар тарта алдыңыздар ма?
- Негізінде ғылымның деңгейін көтеру үшін, тек өз білгеніңді ғана қанағат тұтпай, өзгенің де жетістіктерін білген жөн. Ол үшін жақын және алыс шет елдердің ғалыдарымен қарым қатнастарды нығайтқан дұрыс. Біздің институттың ғалымдары шетел ғалымдарымен тығыз байланыста. Соның негізінде бірлесіп орындайтын жобаларымыз бар. Олармен пікір алмасып, нәтижелерді талқылап, ғылыми мақалаларымызды халықаралық ғылыми журналдарда шығарамыз, әлем ғалымдары оны оқиды. Осындай бірлесіп жұмыс істеудің негізінде біз өзіміздің ізденістерімізді әлем деңгейіне жеткіздік. Біз 2010 жылдан бері институтта шетелдермен бірнеше ғылыми жобаларды бірлесіп істеп, Жапония, Гремания, Қытай, Нидерланд елдерінен инвестиция тарттық. Соның нәтижесінде инститтуттқа замануи қондырғылар мен бірнеше зертханалар орнаттық. Қазіргі таңда сол зертханаларда жас ғалымдарымыз күрделі сынамалрды өздері жасап, шаруашылықтарға нақты көмегін тигізіп келеді.
- Президент өз Жолдауында жас ғалымдардың ғылыммен айналысуына ғылыми-техникалық база жасауын және олардың әлеуметтік жағдайын дұрыстауды Үкіметке тапсырғаны белгілі. Осы ретте жас ғалымдарды қолдауда Сіздер қандай нақты істер атқарып отырсыздар?
- Негізінде жастар болашақтың кепілі. Тәуелсіз еліміз мәңгілік ел болсын дейтін болсақ, біз жастарға қамқорлық жасап, олрды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек. Сонымен бірге олардың білім алуына, ғылыммен айналысуына толық жағдай жасаған жөн. Институтты немесе университетті бітірген жастарға жағдай жасалынбаса олар жұмыста тұрақтанбайды. Жұмысын тиянақты істей алмайды, себебі онда тиісті әлеуметтік жағдайы жоқ, содықтан өзіне қолайлы жұмыс іздейді. Осыны білген біз Институттың жастарына, олар біздің ғылыми орталықта 80 %-құрайды, әлеуметтік жағдайын жасау үшін, оның жолын іздеп, яғный инвестиция тартып, институттың құрамындағы машиналар тұратын ғимаратты реконструкция жасап, «Жас ғалымдар» үйіне айналдырдық. Жастарды толық әлеуметтік қамтамасыз етудің негізінде оларды тұрақтандырып, ғылыммен толыққанды айналасуына мүмкіндік жасадық.
- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыруда қандай тыңайтқыштарды қолданған тиімді? Елімізде химялық тыңайтқыштарға балама биотыңайтқыштарды өндіру ісі қай деңгейде?
- Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және өнімнің сапасын жақсартау үшін негізі топырақ құнарлы және дақылдардың сұранысына байланысты қоректік элементермен қамтамасыз ету қажет. Олай болмаған жағдайда өнім аз және сапасыз болады. Негізінде топырақтың құнарлылығын қамтамасыз ететін фактордың бірі, ол минералды және органикалық тыңайтқыштар. Қазіргі таңда Қазақстанда дақылдардың өнімімен шығын болатын қоректік заттардың көлемі, топыраққа енгізілген қоректік заттардың көлемінен 100 еседен көп болып келеді. Сондықтан топырақтың құнарлылығы азайған сайын, өнімнің өнімділігі азая береді. Осы мәселені шешу үшін біздің ғалымдар байытылған биоминарлды және биоорганикалық тыңайтқыштар жасады. Осы тыңайтқыштарымыз өндірістен өз орындарын тауып, кеңінен ендірілуде. Соның нәтижесінде қосымша өнімнің өнімділігі 25-80 % -ды құрады. Тыңайтқыштарды шығаратын шағын зауытымыз бар. Шаруа қожалықтардың сұраныстарын қамтамасыз етуге дайынбыз.
- Сіз бұған дейін де ҚР Үкіметі мен заң шығаушы органдары алдында Қазақ даласы топырағының құнарлығын арттыруда ұсыныс, пікірлеріңізді айтып жүрсіз. Осы жолы Сенат депутаттарына нақты қандай ұсыныстар айттыңыз?
- Біріншіден Сенат депутаттарының ат басын бұрып, Алматыдағы 13 ғылыми-зерттеу институттарына келуі және олардыңың жұмыстарымен танысуы, сонымен бірге ой пікір бөлісуі, біз үшін үлкен қуаныш және бізді болашақта одан әрі табысты болуымызға міндеттейді. Ал депутаттар алдына көптен бері шешімін таба алмай жүрген мәселелерді ұсындық. Ол дегеніміз - әлемде болып жатқан үрдістердің негізінде және глобалды климаттың өзгеруі, оның экожүйеге әсерінің салдарынан деградация мен шөл-шөлейтке айналу процестері қарқынды жүріп жатыр. Ол біздің Қазақстанға да тән. Осы процесстердің кесірінен топырақтың құнарлылғы қарқынды азайып келеді, ол 40%-ға жетті. Қатты тұзданған жерлердің көлемі 35-37% құрады, сол сияқты ластанған және эрозяға ұшыраған жерлердің көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Міне, осы проблемаларды жүйелі түрде шешу және оны реттеу үшін басқа елдердегідей Мемлекеттік «Плодородия», яғни «Құнарлылық» атты бағдарлама және топырақтың құнарлылығын қорғайтын Заң қажет. Осы заң жобасын аулшаруашылығы мамандары және ғалымдарымен бірлесе отырып жасауымыз қажеттігін айттық.
- Абдолла Сапарұлы, Алматы қаласы мен облыс аумағындағы 13 ғылыми – зерттеу институттарының басым бөлігі осы ауыл шаруашылығы саласына негізделегн екен. Оларда жасалып жатқан ғылми жаңалықтардың баршылық екенін білеміз. Алайда олардың халық және шаруаларға насихатталуы неге төмен? Ғлым мен өндірістің байланысы неге аз..?
- Сауалыңыз өте орынды, мен де осы мәселені айтқым келіп отыр еді. Өкінішке орай қазіргі таңда еліміз БАҚ-ғы бағдарламалардың басым бөлігі жеңіл әзіл, қалжың мен концерттік бағдарламалрға арналған. Сараптамалық, ғылыми бағдарламалар жоққа тән. Осы мәселеге еліміз Президенті көңіл бөліп, Үкімет пен Ақпарат министрлігіне тапсырма беріп, болашақта осы бағытта бағдарлама ашылса дұрыс болар еді. Себебі біз ғылыми жаңалығымызды БАҚ жариялайық десек, оған жарнама ретінде қарыжы сұрайды. Ғылыми жаңалықтарды егжей-тегжейлі түсіндіріп, көрсететін бағдарламар мүлде жоқ. Соның салдарынан ғылыми жаңалықтардың насихаты жоқ деп айтуымызға болады. Сондықтан болашақта еліміз телеарналарынан ғылыми-сараптамалық бағдарламалар ашуын ғалымдар атынан сұранамыз.
- Абдолла Сапарұлы, салиқалы сұхбатыңызға рахмет, еліміз ғылымындағы жетістіктеріңіз табысты болсын!
- Рахмет!
Сұхбаттасқан: Нұрболат Абайұлы.
Басып шығару