Adebiet
Көк Туға – Құрмет!
26.10, 15:37
Құлтөлеу Мұқаш. Қазақтың ДОН-КИХОТЫ
17.04, 12:03
Есенғали Раушанов. Ақын мың баспа табақ кітап оқып, он баспа табақ кітап жазса қандай жақсы!
17.02, 10:49
Мұқағали тұрған пәтерлер
09.02, 11:34
Президент жазушы Шерхан Мұртаза ескерткішіне гүл шоғын қойды
03.02, 15:36
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары анықталды
07.12, 11:13
ЖІБЕК ЖОЛЫ, 50
01.12, 11:36
Көпен қайтты – сөз семсердің суы қайтты
10.11, 12:32
Мұхтар Мағауин: Қазақстан дәуірлей берсін!
31.10, 11:43
Төлен ӘБДІК, жазушы: «ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ ЖОЛДАН ТАЮЫ – ҮЛКЕН ТРАГЕДИЯ»
24.10, 15:19
25 окт 12:06
korilim:4 025 Қоғам
Тіл басқармаларын жапқан кім?
Кеше Елордада тұңғыш тіл форумы өтті. Мемлекеттік тіл тағдырын талқылаған бас қосуға ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Парламент депутаттары мен министрлік, ұлттық компаниялар мен медициналық орталықтар, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері, сондайақ Тіл комитетінде əр жылдары қызмет атқарған төрағалар мен өңірлерден арнайы шақырылған тіл жанашырлары, ұстаздар қауымы, «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алдымен барлық облыстардан келген жауапты мамандар мемлекеттік тілді дамытуға қатысты, латын əліпбиін игеруге байланысты əр өңірдің атқарып отырған істерінен хабар беретін көрнекі көрме өткізіп, форумға жиналған тіл жанашырлары көрмеге қойылған көрнекі құралдармен танысты. Бұдан кейін форумның пленарлық отырысына модераторлық еткен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-ның бас директоры Əлібек Асқар мемлекеттік тілдің мəселесін барлық жерде кеңінен қолға алып, кешенді ұйымдастыру іс-шараларын жүргізу қажеттігі жөніндегі пікірін төмендегіше түйіндеді.
– Тəуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге де мінеки, 28 жыл толды. Осы жылдары еліміз экономикада, саясатта, əлеуметтік салада көптеген жетістіктерге, алуан игіліктерге қол жеткізді. Алайда бұлқынсақ шамамыз, айғайласақ дауысымыз жетпей булыққан бір мəселе бар. Ол – мемлекеттік тіл мəселесі. Былайғы бөтен жұрттан ұят болды, қазақ тілін əлі күнге тұғырына қондыра алмай қиналудамыз. Қазір қалада да, далада да қазақ тілінде сөйлеген адамды көрсек – балаша қуанатын болдық. Ана сөзіне тілін сындыра алмай жатқан балдырғанға бірінші сыныптан ағылшын тілін үйретеміз деп күпидік. Құдай сақтап, осы жылғы тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағылшын тілін оқытуды үшінші сыныпқа ауыстырды. Бұл өзгеріске жұртшылық қуанып жатыр. Іс мұнымен бітпейді. Сондықтан еліміздегі ең маңызды əрі кезек күттірмейтін ауқымды мəселелердің шешімін ойластыруға тіл жанашырларын белсене қатысуға шақырамын.
Форумда алғашқылардың бірі болып сөз алған Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жəне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру мақсатында, сондай-ақ «Қазақ тілі əліпбиін латын қарпіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының» аясында министрліктің кешенді жұмыстарды жүйелі атқарып отырғанына тоқталды. Тіліміздің қоғамның барлық саласындағы қызметін арттырып, оның əлеуетін көтеру ісі министрлік әр қашан назарында екенін айтқан Ақтоты Райымқұлова жаһандану жəне ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа – жаңа əліпбиге көшуге байланысты жанданатынын жеткізді.
– Осы реформаны жүзеге асыру барысындағы міндеттерді айқындау жəне атқарылған жұмыс нəтижелерін насихаттау рухани жəне саяси маңызды факторлардың бірі. Əліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосу – бүгінгі күннің өзекті мəселесі. Оның жолдарын анықтау, Қазақстандағы жəне əлемдік тілдік қауымдастықтағы қазақ тілінің рөлі мен мəртебесі туралы заманауи білім, ақпарат, насихат алаңдарының жұмысын ұйымдастыру бүгінгі форумның міндеті. Сондықтан тұңғыш тіл форумы жұмысына сəттілік тілеймін. Бүгін қабылданатын шешімдер мемлекеттік тілдің дамуына жəне əліпби реформасының нəтижелі жүргізілуіне тиісті септігін тигізетіндігіне сенім білдіремін.
Не керек, форумда тіл мəртебесінің жағдайын барынша шынайы ашу арқылы, мемлекеттік тілді дамытуға қажетті ұсынымдар жан-жақты талқыланды. Мәселен, еліміздегі тоғыз облыс пен республикалық дəрежедегі қалаларда түгел жабылған тіл басқармалары форумға жиналған көпшіліктің ортақ жанайқайы болды. Бірақ, кезінде экономикамыз төмен уақытта ашқан бұл басқармалар кімнің пәрменімен жабылғаны ашық айтылмай қалды. Кім жапса да мемлекеттік тілдің барлық мәселесін шешіп тастадым деп ойлады ма екен?
Иә, тіл төңірегінде қалыптасқан мұндай жағдайдың барша жұртшылықты алаңдатып отырғандығын жеткізген тіл мамандары қазақ тілінің бүгінгі дəуірде қоғамдық қатынастың басты игілігіне айналдыру бойынша көптеген ұсыныстар айтылды. Солардың арасында белгілі қоғам қайраткер, ғалым, тіл жанашыры Амангелді Айталы тəуелсіз мемлекетіміздің болашағына адал қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген кəсіби мамандарды көптеп тарту керектігін жеткізді.
– Əлеуметтік зерттеулер бойынша, қазіргі жастар қазақ тілін біледі, отбасында өзара сөйлеседі. Бірақ мемлекеттік аппаратта қазақ тілін білетін жастарға жол тар. Орыс, ағылшын тілін білмесе жолатпайды. Біздің тіліміз мемлекеттік басқару буындарына ана тілін білетін мамандармен келеді, кадрлармен шешіледі. Сондықтан төртінші ұрпақ – кейінгі толқынды билікке көбірек тартуымыз керек. Тіліміз сол кезде ғана өзінің тұғырына міне бастайды. Президент аппаратының басшысынан бастап, Премьер-министр қостап, барлық деңгейдегі басшылар осыны түсінулері тиіс!
Форумда Елорданың жанындағы Ақмола облысының жағдайын сараптаған ҚХА Ғылыми сараптама кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл қазақ тілінің қоғамдық қызметін жандандыру, қазақ тілі- тарихымызды, мəдениетімізді, ғұрпымызды жеткізуші құрал ғана емес, халқымыздың ертеңін жалғастырушы, ғылым мен экономиканы ілгерілету тетігі екеніне нақты мысалдар келтіре тұрып тоқталды.
– Кезінде құрылған тілдерді дамыту басқармаларына қарасты тілдерді оқыту орталықтары еліміздегі тіл саясатын жүргізуге үлкен үлес қосып келді. Қазақ тілінің мəртебесін көтеру жұмыстары басталғанда да бұл құрылымдардың атқарған істері ұшан теңіз. Алайда қазір бірнеше облыста тілдерді дамыту басқармаларын өзге басқармаларға қосып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып мемлекеттік емес секторларға өтуде. Жасыратыны жоқ, осының салдарынан қазақ тілін оқыту, тілге сұранысты арттыру, қазақ тілінің қолданысын кеңейту, латын əліпбиін оқыту кешеуілдеп жатыр. Мен Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасында 14 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Қазір қарап отырсам,көп жұмыс атқарыптық. Мәселен, жұмысты алғаш бастағанымызда Ақмола облысындағы 700-ден аса елді мекеннің 29 пайызының ғана атауы қазақша еді. Ал енді 14 жылда солардың 52 пайызын түгел қазақшаладық. Сол жылдары облыстағы бірқатар аудан мен екі қалада тіл оқыту орталықтарын аштық, бұл оңай жұмыс болған жоқ. Енді міне соларды шетінен жабу басталды. Мемлекеттік тілдің қазақстандықтардың ортақ тіліне айналдыру ісінде тіл басқармалары мен орталықтар шешуші рөл атқарады. Жабу əрекеттерін жалғастыра берсек тіл саясаты қалай жүзеге асады? Бұл құрылымдардың штаты, оларға жұмсалатын қаржы жергілікті бюджеттің болмашы бөлігін ғана құрайды. Сондықтан, тілдік құрылымдарға тиісуді тоқтату керек!
Тіл форумының пленарлық отырысы «Ғылым, білім жəне тіл», «Бизнес жəне тіл», «Заң жəне тіл», «БАҚ жəне тіл», «Мемлекеттік тіл болашағы – жастар болашағы», «Өңірлердегі тілдік ахуалды талдау» сынды бірнеше бағыттарды қамтыған секциялық жұмыстармен жалғасты. Онда айтылған ұсыныстардың бірегейі электронды ақпарат құралдарында мемлекеттік тілде әр жастағы көрермендерге арналған мазмұнды бағдарламаларды көбейту қажеттігі болды. Сондай-ақ, қазақ тілінің ұлттық корпусын əзірлеу, «Мен қазақша сөйлеймін» жалпыхалықтық қозғалыс ұйымдастыру сынды жұмыстар да форумға қатысушылар тарапынан көтерілді.
Айтылған ұсыныстар бойынша ортақ тұжырым бекітіліп, Үкіметке, Парламентке тіл саясатын жүзеге асыратын 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға қазақ тілінің қолданысын міндеттеу нормативтерін бекітетін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау туралы ұсыныс жолданатын болды. Сондай-ақ нақтылы ұсыныстар негізінде «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаһандану жəне ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» республикалық Тіл форумының арнайы қарары қабылданып, тиісті министрліктерге тапсырылатын болды.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тілді дамыту мен латын әліпбиіне көшу ісінде форумда айтылған ұсыныстардың бәрі де орынды, бәрі де маңызды. Дегенмен ең бастысы – «Мемлекеттік тіл туралы» заңды кешеуілдетпей қабылдап, осы ұлы істің заңдық негізін жасап алу бірінші кезекте атқарылатын іс болуы тиіс!
Нұрболат Абайұлы, журналист.
Басып шығару