Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Еуроодақ елдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны артты. Бұл туралы Еуропарламентте айтылды.
Апта ішінде ЕО елдеріндегі тұрмыстық зорлық фактілері үш есеге дейін өскені расталып отыр.
«Тұрмыстық зорлыққа тап болған әйелдер үйде қалып, қиындыққа шыдауға мәжбүр болып отыр. Олар сенім телефондарын қолдана алмайды, өйткені қылмыскер әрдайым жанында болады», - деп түсіндірді Еуропарламент шенділері.
Еуропарламенттің Әйелдер құқығы және гендерлік теңдік комитетінің төрағасы Эвелин Регнер ЕО елдерін жәбірленушілерге қолжетімді көмек түрін қамтамасыз етіп беруді сұрады.
«Бұл полицияны құлағдар ететін қарапайым тәсілдер болуы керек. Мысалы, мәтінді хабарламалар, онлайн-чаттар, сондай-ақ, дәрігерлермен сөйлесу кезінде қолданылатын кілт сөздер. Бұдан бөлек, әйелдерді қорғайтын арнайы орындар санын көбейту керек», - деді ол.