Ұлы Отан соғысы кезінде кеңестік әскерлерді Сталин не үшін ату жазасына кеспек болғанын білгіңіз келсе, оқыңыз!
Нөлдіктер кезеңі басталғалы бері Ұлы Отан соғысына қатысты негізгі тарихты бұрмалаушылар мен оларға қарсы шығушылардың пікір қайшылығы толастамай тұр.
Негізгі пікірталас көзі – бейбіт жатқан Батыс халқына Кеңес өкіметінің солдаттарының зорлық-зомбылық көрсетуі, аяусыз қырғаны-мыс.
Бұл тақырыпқа қатысты фашистердің белсендісі Йозеф Геббельс «Кішкене ғана шындығы бар тұтас өтірік» деп мәлімдеме жасаған. Көптеген ғалымдар, зерттеушілер аталған фактілерді жоққа шығаруға тырысып жатса, біршамасы ел арасындағы мифтерді шындыққа айналдырып, тарихқа енгізбекші. Екі тарап та өздерінің тұжырымдарын ресми құжаттармен, түрлі тәсілдермен қызу жұмыс жасап жатыр.
Кеңес әскерлерінің неміс қыздарын зорлағанын тарихқа енгізіп, қоғам алдында дәлелдеуге тырысқан үгітшілердің бірі Йозеф Геббельс еді. Ол өзінің позициясын, өзінің көзқарасын дәлелдеуге барынша тырысты. Десе де, үгітшінің бұл қарекетінен береке шыға қойғаны шамалы.
Геббельстің пікірлестерінің бірі доктор Вернер Науман батыстық журналистердің біріне берген сұхбатында: «...біз берлиндіктерді үгіттеп, ең биік дәрежеге дейін жеткіздік. Бірақ ақырында өз үгітіміз өзімізге қамшы болып тиді» деген ой айтқан.
«Зорлады ма? Атыңдар!»
Кеңес өкіметінің армиясындағы солдаттардың немістермен жыныстық байланыста болғанын ешкім толыққанды жоққа шығара алмайды. Өйткені, солдаттар мен неміс қыздарының арасында бала болған жағдайларды жүздеп, мыңдап санауға болады.
Иосиф Сталин 1945 жылдың 19-қаңтарында жариялаған №229 бұйрығында: «Офицерлер және қызыл армия солдаттары! Біз қарсыластар аймағына бара жатырмыз. Әркім өз-өзіне берік әрі жауапты болуы тиіс. Жауланып алынған жердегі халыққа, мейлі неміс, мейлі чех, мейлі поляк болсын, шектен тыс зорлық-зомбылық көрсетілмеуі қажет. Ал осы талаптарды бұзғандар әскери жарғылар бойынша жауапқа тартылмақ. Біздің иелігімізге өткен аймақтардың халқына жыныстық зорлық көрсетуге қатаң тыйым салынады. Қарапайым халықты қорлау мен зорлау қадамына барған кінәлілер ату жазасына кесілсін!» - деген талап енгізді.
Дәл осы жарғыда аталған талаптарды бұзған бірқатар солдаттар атылды да. Бұл тұжырымды ешкім жоққа шығара алмайды.
Германия тұрғындарын жаппай зорлау туралы аңыздың шығу тарихы
Батыста Ұлы Отан соғысы уағында неміс әйелдерінің жаппай зорлануы туралы ақпараттық толқын 2000 жылдардың басында басталды. Бұл науқанның орын алуына «Берлиннің күйреуі» атты кітаптың авторы, британдық тарихшы Энтони Бивор және оның фактілеріне сүйенген «сарапшылар» себеп болды. Ал Бивордың жазған туындысындағы тұжырымдар ешқандай мұрағаттық дүниелермен, ресми құжаттармен бекітілмейді, дәлелденбейді.
Өткен жылы 53 жастағы Мириам Гебхардт есімді жазушының «Әскерлер келгенде. Екінші дүниежүзілік соғыс аяғындағы неміс әйелдерін жаппай зорлау» атты кітабы жарық көрді. Неміс тарихшысы, Констанцский университетінің тарих және әлеуметтану профессоры өз туындысында қандастарының жаппай зорлау кезеңінде көрген азаптарын тәптіштеп жазады.
Гебхардт ресми құжаттарға сүйене отырып, зорланғандар санын 860 мың адам деп көрсетеді. Көрсетілген санның төрттен бір бөлігі таза неміс әйелдері. Бұдан бөлек неміс әйелдері жыныстық және материалдық зорлық-зомбылықтарды америкалықтардан, британдықтардан және француздардан да көрді. Автор батыс елдерінде қызу пікір қайшылығына түсіп жатқан «екі миллион әйелдің зорлануы» деген көзқарасты «асыра сілтеу» деп бағалайды.
Бізге белгілі әрі анық бір ақпарат бар. Ол - Ұлы Отан соғысы кезеңінде бейбіт тұрғындарды шектен тыс басып-жаншығаны үшін кеңестік армия қатарындағы 4 мың әскер жазаға тартылды. Сондай-ақ, олардың бірқатары ату жазасына кесілген.
Басып шығару