Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өсуі туралы айтты.
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Атамқұлов нарықта артық ақша айналымының пайда болуы пәтер бағасының қымбаттауына әсер еткенін айтты. Бұл ретте министр бағаның өсуіне басқа да бірнеше факторлар әсер ететінін атап өтті.
– Нарық және сұраныс факторы бар. Ел тұрғындарын зейнетақы ақшасын пайдалана алатындай еткені өте дұрыс шешім болды. Бірақ бұл субъективті фактор, бұл ақшаны жұмсай аласыз. Пәтеріңіз болса және оны жалға немесе сатқыңыз келсе, клиент пайда болғанын көресіз. Ертең екінші, үшінші клиент хабарласады. Әрине, бағаны көтеруді ойлайсыз, бұл кез келген қоғамда қалыпты жағдай. Бір адамның мінез-құлқын басқаларға экстраполяциялауға болады. Нарықта дүрбелең бар, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, дәл осындай жағдай көлік нарығында да орын алып отыр. Пәтер бағасының қымбаттауына құрылыс материалдары нарығындағы бағаның өсуі де себеп болған. Бейбіт Атамқұлов пәтер бағасының өсуіне қатысты талдауға да тоқталды.
– Бізде әлеуметтік нысандарға мемлекеттік сараптама мен жеке сараптама бар. Жеке сараптамамен жобалардың құнын біле алмаймыз. Шығару бағасы, қаншаға сататынын білмейміз. Біз сұраймыз: неліктен пәтер бағасы өсті? Бір шаршы метрдегі арматураның құны қаншалықты әсер етеді? Ол монолитті құрылыстың тек 14 пайызын құрайды, рамалық құрылыс үшін бұдан сәл аз. Яғни, олар жариялаған бағалар мен болжамды бағаларды салыстыруға келмейді. Цементке де, барлық компоненттерге де солай, – деді ол
Талдаудан кейін Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, ірі компаниялар бағаны 15-20 пайызға арзандата бастаған. Бұл ретте министрлік нарыққа ықпал етіп, қысым көрсете алмайтынын баса айтты.
Басып шығару