ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қажеттіліктерге мақсатты пайдалануды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емделудің ақысын төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беру құқығы берілетін болады. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығы:
жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтарға (болашақ жұмыс кезеңі мен жүйелі түрде зейнетақы жарналарын төлеуді ескере отырып, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жеткілікті зейнетақы жинақтарының сомасы);
сақтандыру компанияларымен ең төменгі зейнетақыдан аз болмайтын мөлшерде өмір бойғы аннуитеттік төлемді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шартына отырған адамдарға – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде (шамамен);
зейнеткерлікке шыққан азаматтарға (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына немесе еңбек өтіліне байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және зейнетақы жинағынан төлемдерді қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ке) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді. Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.
Басып шығару