ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР премьер-министрі Асқар Маминді қабылдап, елдегі ауыр жағдай туралы мәселелерді талқылады.
«Медицина қызметкерлерінің ауыр еңбегін айтқан жөн. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де аянып жатқан жоқ. Үкімет пен аймақтық атқарушы органдар белсенді жұмыс жасауда», - деді Назарбаев.
Елбасы мемлекет басшысының тапсырмаларын мұқият орындау қажеттілігін жеткізді.
«Президент бастамаларын азаматтарға түсіндіру керек. Бұл туралы мен аймақ әкімдерімен телефон арқылы сөйлескенде де айттым», - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс кезіндегі экономикалық қауіпсіздік мәселесінің маңызды екенін жеткізді.
«Әлемдегі экономикалық ахуал тығырыққа тіреліп тұр. Біздің елдегі жағдайды тым мүшкіл деуге болмайды. Бірақ карантин қалай десек те экономикаға ауыр соққы болып тиеді. Орта және шағын бизнесті қолдау өте маңызды. Қазір біз кризистен кейін не істейтініміз туралы ойлануымыз керек. Бұл 2008 жылғы жағдайдан кейінгі ең ауыр экономикалық кезең болады», - деді Елбасы.
Назарбаев Ұлттық қордан және Үкімет резервінен экономиканы қолда уүшін бөлінген 10 миллиард доллар қаражатты уақытылы жұмыс деп санайтынын жеткізді.
«Біз бұдан да ауыр сынақтардан өткенбіз. Бұдан да да өтеміз. Ең бастысы – халықтың бірлігі мен сабыры. Меніңше, Үкімет жақсы жұмыс істеп жатыр. Ертең мен Қазақстан халқына өз мақаламды жолдаймын. Қазір әлем қысылып отыр. Сондықтан, төзім мен сабыр керек», - деп түйді сөзін Елбасы.