Әлемнің көптеген мемлекеттері экономикалық шығындарға көз жұма қарап коронавируспен күресуде. Ал кейбірі экономика үшін көбірек алаңдайтынын байқатады. Халық та карантин шартын жиі бұзып, төрт қабырғаның ішіне сыймайтындығын оқтын-оқтын еске салуда. Ең сорақысы – әлі коронавирусқа тойтарыс беретін вакцинаның табылмауы. Сонда карантин қашан аяқталмақ? Біз қай бағытқа көп көңіл бөліп, құтқаруымыз керек: халықты не экономиканы?
Көлемді карантин – әлем халқына тарихтан таныс жайт. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде «испанка» деген атпен танымал болған тұмау 50 миллионнан астам адамның өмірін қиды. «Испанка» әлемнің әрбір үшінші адамына жұқты. Бұл – өте үлкен індет.
Біздіңше, қазіргі жағдайда «испанка» кезіндегі карантин мезгілінің қателіктерін зерттеп, қысылтаяң кезден тілерсегіміз дірілдемей шығудың амалын қарастыру қажет-ақ.
Қазір карантин уақытында халық ақшасын көлік, жиһаз, саяхат туры, киім-кешек сияқты дүниелерге жұмсай алмайды, оның сыртында мейрамханадағы түскі ас, жол-пұл да қалтада қалады. Мәйітханалар мен ауруханадағы картиналар жұртшылықты күшпен емес, өз еркімен үйінде отырғызып қоюға қауқарлы болып шықты. Десек те, экономикаға ауыр соққы болып тиетін карантин мерзімін тезірек аяқтау үшін қазіргі ахуалды қатаңдата түскен абзал.
Біз «испанка» тұмауынан кейінгі жаһандық экономиканы зерттеген ғалымдардың жұмысына зер салып, олардың қорытынды нәтижелері туралы айтуды жөн санап отырмыз.
«Сақтық шаралары уақытында және қатаң қабылданған қалалардағы жұмыс активінің құлдырауы басқа қалалармен бірдей болды. Есесіне олар карантиннен кейін шарықтап өсті», - делінген америкалық орталық банктің және Массачусетский университетінің экономистері жасаған шолу еңбекте.
Бұл мәтіннен біз карантин шараларының адам өмірін сақтауда ғана емес, экономиканы жылдам қалпына келтіруге де көмектесетінін байқаймыз.
«Испанка» тұмауы кезіндегі жұттан қазіргі пандемияның бір айырмашылығы және басты ерекшелігі – интернет-сауда, онлайн-қызмет, онлайн-оқу, онлайн-жұмыс. Міне, осы технологиялық игіліктердің арқасында әлем тіршілігі баяу болса да жылжып келеді.
«Карантин жариялауды жылдам қолға алғандар, келесі жылы басқа қалаларға қарағанда айтарлықтай экономикалық жетістіктерге жетті. Әсіресе, өндірістер мен банк активтері өсті. Экономикалық эффекті көңіл толтырды», - деп жазылады ғылыми зерттеулердің бірінде.
Қазір коронавирусты жұқтырғандар саны бойынша АҚШ көш бастап тұр. Ел басшысы Трамп бірінші кезекке экономиканы қойғанымен, артынша ол ойынан айнып, карантин шараларын жедел жүзеге асыруды тапсырды. Ал Беларусь президенті «арақ, монша, спорт және егін жұмыстары» арқылы инфекцияны шыбын шаққан құрлы көрмейтінін жеткізді. Қазір әлемнің осындай бірқатар мемлекеттерінде әлі карантин шаралары қолға алынбай отыр.
Ал ғалымдар 100 жыл бұрынғы «испанка» АҚШ-тағы өндірісті 18 пайызға тоқтатқанын, ал карантин енгізілмегенде жағдай бұдан да сорақы болатынын айтады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулықтары Бразилия президенті Жаир Болсонару мен Иран президенті Хасан Роуханидің көңілінен шықпайтын тәрізді. Олар инфекцияны қолдан жасалған құйтырқы саясат, осы арқылы елдегі тіршілікті тоқтатпақшы деп санайды. Сондай-ақ, аталған мемлекеттерде қызметкерлер амалсыздан жұмысқа баруға мәжбүр.
«Пандемия – қандай шара қолдансаң да, экономикаға залал келтіреді. Сол залалдың карантин арқылы ғана пайызын төмендетуге, көлемін азайтуға болады», - деп жазады ғалымдар.
Экономика – мемлекеттің тіреуші күші. Дегенмен, қашан да, қай жерде де басты байлық – халық һәм адам өмірі. Карантин шараларының қатаң жүзеге асырылуы – мемлекеттің халыққа қандай жауапкершілікпен қарайтынының айғағы.
Басып шығару