1.Бұл пікірдің жаны бар. Мен анадан ақын болып туған екі шайырды білемін. Оның бірі – Есенғали Раушанов, екіншісі – Ұлықбек Есдәулет. Екеуінде де аяғын тәй-тәй басқан балаң жырлар атымен жоқ. Жыр сүйер қауым алғашқы жырларының өзін аһ ұрып, күйіп-жанып оқыды.
Ал енді Есенғалидың алғашқы пышақтың қырындай жыр жинағын (Бастау – 1980) тамсана оқып, таң-тамаша қалған тұңғыш адам – ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденов болатын. Ол былай дейді: «Есенғали Раушанов. Бұл – өз үнін, поэтикалық формасын тапқан, шын мәнінде дап-дайын тұрған өнер иесі екен. Жырлары нәзік, сыршыл, шыншыл. Тілі қандай!
Желінқап тартқан інгендер
Ботасын іздеп боздайтын.
Түтіндік салған түндерге
Түйекеш бір сыр қозғайтын.
Қамшысын бүктеп қолға ұстап,
Маған бір қарап, оған бір,
Шылымын жиі сорғыштап,
Сөйлейтін сонда ағаң бұл.
Жағымсыз даусы барқырап,
Тұратын атып далбаңдай,
Жараспаушы еді нән тұмақ
Ботаға жазы салғандай.
Немесе:
Құлатай үзіп шылбырын
Құдағай сасып жүгірді.
Құнан боп қапты-ау құрғырың –
Құданың ауылы «бүлінді».
Бүлігін сосын өршітіп,
Үйірге қарай ұмтылды
Керзі етікпенен жер шұқып,
Ер жетіп қалған ұл тұрды.
Осы өлең былай аяқталады:
Тұманды сайға ат барып
Тұсауын құнан жоғалтты.
Іздеген болдық – таппадық,
Таптадық жасыл қолатты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз
Отыр ғой, міне, өмір-ау.
Тұсауды іздеп жүріп біз,
Тұсалып қалған едік-ау.
Әдемі-ақ, қой, әдемі-ақ. Кез келген өлеңді үзінді ғып алсақ болғардай. Кез келген бетті, кез келген шумақты көшіре бергің келеді. Тұнып тұрған сезім, әсер. Міне, нағыз жас адамның жырлары...»
Қалай дөп басып, дәл айтқан, қалай бірден таныған. Қайран асыл ағам-ай! Өз атымнан айтарым – Есенғали ақын өмірді, табиғатты, қоршаған ортаны өзінше көреді, өзінше бояу, рең береді. Өлеңдерінде, мұң мен сезіммен бірге тосын терең ойлар жатады. Өлеңдерінің бітім-болмасы да ерекше. Содан да болар оған сырттай еліктеп, солықтау болмаса, тереңіне бойлай сүңгіп оған ұқсас нәзік те қайсар өлең жазу мүмкін емес.
Әлбетте ақындық Алланың сыйы. Осы берілген дарынның ашылуына жетілуіне, кемелденуіне ақынның ортасының ықпалы қандай деп ойлайсыз?
2. Алдымен оның ақын Есенғали Раушанов болуына – ең бірінші өскен ортасы, балалық шағы әсер еткен. Олай дейтінім – оның ата-бабасы сонау отызыншы жылдары кеңес өкіметінің қыспағына шыдамай, Түркіменстандағы Шағадамға, Қарақалпақстандағы Бесқалаға үдере көшті. Жанталаса көше жүріп, ата-бабаның қазыналы көкірегінен жалғасып келе жатқан қазақтың көне жырларын, ескі сөздерін өздерімен бірге ала кетті. Шағадам мен Бесқаланы мекендеген қазақтар күні бүгінге дейін жырлауларды арнайы қонаққа шақырып, таңды-таңға ұрып жыр айтқызады. Бала Есенғали атадан қалған жырларды кішкентайынан құмарта, сүйсіне тыңдап, құйма құлағына құйып өскен. Оның өлеңдеріндегі көне сарын, қою бояу содан қонған. Ақынның жырларындағы көне көз сырлар мен дүрия иірімдер бала кезінде жүрегіне тоқыған жәдігерлер.
Әдебиетте шығармашылық жүк деген ұғым бар. Ол – қаламгердің өмірдегі көрген-түйгені, алған әсері дегенге саяды. Осы тұрғыдан келгенде, Есенғалидың шығармашылық жүгі – бір керуенге салмақ болардай қомақты зілбатпан дүние. Туған жерін аңсаған Бесқаладағы қазақ ауылын алпысыншы жылдары Мұстахым Ықсанов деген ел ағасы Қызылорда облысының Келінтөбе деген жеріне көшіріп әкелді. Осы есею жылдарында болашақ ақын сыр сүлейлерінің өлең-жырларына да құмарынан шыға қанып өсті. Соңыра бұл ауыл тұтас Өзбекстан Республикасының Гагарин қаласына қоныс аударды. Оның өзбек әдебиетін бойына сіңіруінің, тілін толық меңгеруінің сыры осында жатыр. Ақын Есенғали Раушанов қазақтың көне фольклорын, зар заман жырауларын, Абайдан бері қарайғы ақындардың барлық өлеңдерін толық меңгерген ғұлама. Оның еске сақтау, жадыға тоқу қабілеті де адам таңқаларлықтай. Есенғали өз өлеңдерін оқуға әсте құлшынбайтын, есесіне Мағжанды, Ілиясты, Сырбайды, Мұқағалиды, Қадырды, Тұманбайды, Жұмекеңді, Сағиды, Қуандықты, Төлегенді, Тоқашты, Хамитты, Ғафуды жатқа соғатын. Бір ғажабы әлемдік әдебиетті де бір кісідей білетін. Біз екеуіміз Еуропаны, Қытайды, Ресейді көп араладық. Сонда байқағаным – ол барған жерінде міндетті түрде музейді, зообақты құмарта, асықпай аралап көретін. Әсіресе, қабірлерді, пантеондарды үңіле зерттегенді ұнататын. Қайран Есенғали тілге де бейім еді-ау. Парысша, өзбекше, тәжікше бір адамдай сөйлейтін. Кейінгі кезде Шекспирді түпнұсқадан аударып жүретін...
Қадыр ақынның өлеңсүйер қауымға танымал «Ақынға ақыл көп керек, Асаулық керек аздаған» деген сөздерін білеміз. Сіз ұзақ жылдар бойы Есағаңмен араласқанда, оның ақындық мінезі жөнінде не айтар едіңіз?
3. Қадыр аға «Ақынға ақыл көп керек, Асаулық керек аздаған» деп өзіне қаратып айтқан сияқты. Ал Есенғалидың асаулығы, бас бермес асаулық еді ғой шіркін. Оның өлеңдеріндегі көп ақылдың өзі қайыруға көнбейтін тарпаң ақыл емес пе!» Тағы да абыздарға жүгінсек – ақын туралы ағасы Әбіш Кекілбаев былай дейді: «Жүріп-тұрысы нартайлақ сияқты болғанымен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны. Оның өлеңін оқыған кезде біздің құлағымыз жөндеп ести алмай қалған баяғы қариялар қайта тіріліп кеткендей болады...»
Әбіш аға дұрыс айтып отыр, нартайлақ жүрісі Есенғалидың жан дүниесінің бетпердесі болатын. Поэзиядағы жалғандыққа жаны төзбейтін, ондай ақындардың бірден бетін қайтарып тастайтын бірбеткей еді. Ол өзі: «Асылы адам, шамасы келетін, өресі жететін іспен айналысуы керек. Өлеңге бүгінгі прозадағыдай, бүгінгі журналистикадағыдай, не замануи әдебиеттанудағыдай орта тұс деген болмайды. Өлең не бар, не жоқ. Осы екеуінің біреуі", – деп жиі айтып отыратын жарықтық.
Сіздер әдебиет жөнінде әңгімелескенде Есағаң өзінің өлең жазу дағдысы, жалпы шығармашылық зертханасы жөнінде сізбен ой бөлісетін бе еді?
4. Әдебиет туралы әңгіме барысында мен оның тереңдігіне таң қалатынмын. Көп ізденетін. Әбден дайындалып алмай қолына қалам ұстамайтын. Оның прозасы да тілінің байлығымен, әсем стилімен ерекшеленетін. Ол көптеген әңгіме, новеллаларды бүркеншік атпен жазды, батысқа еліктегені, немесе алаш жазушы ағаларының жолын қуғаны шығар. Өзінің жазу дағдысы туралы онша ықыласпен айта бермейтін. Өзгеден қалай жазатынын сұрағанды ұнататын. Соңғы кезде драматургияға ерекше көңіл бөліп жүрді. «Құнанбай мен Абай» деген тақырыпқа қалай барғанын айтып толғанған. Әке мен баланың бір бірінің жан дүниесіне үңілуін, бір-бірінің мінез құлықтарындағы ерекшеліктерін, екі ұрпақтың өмір туралы көзқарастарын көрсеткім келді деп отыратын.
Қазіргі қоғамда халықтың санасы мейлінше саясиланғанын аңғарып жүрміз Есағаңның қоғамдық жалпы азаматтық көзқарастары туралы ойыңыз қандай?
5. О, оның саяси ұстанымы бөлек еді. Қоғамдағы қазақ халқына, ана тілімізге, мәдениетімізге қатысты келеңсіздіктерге жаны күйзелетін. Мына өлеңді оқиықшы:
ӨЛЕҢГЕ АРНАЛҒАН ӨЛЕҢ
Көп еді ғой көркем жігіт ауылда,
Менен гөрі пікірлі.
Сен, әйтеуір тарттың мені бауырға,
Қазақстан сықылды.
Сен шыдадың – не жолықты, не төнсін,
Көрдің құқай не түрлі.
Бір берілсең қатты беріледі екенсің,
Қазақстан секілді.
Қайда бүгін сол баяғы көп арман,
Тәтті қиял аралас.
Құрысыншы, біз бе жалғыз тоналған,
Қазақстан да жалаңаш.
Тура бастап кезім бар ма жол ашқан,
Таба алмадың миятты.
Бас июге жарымадың о бастан,
Қазақстан сияқты.
Ыңырсисың оқ тигендей қолтықтан,
Пана-тіреу болмақ кім?
Мен емеспін Қазақстанды шоңқитқан,
Мен сорлатсам өзімді-өзім сорлаттым.
Өзіме өзім зікір салдым бақсы боп,
Қан жоса ғып бетімді.
Тағы өзімді алдап қоям жақсы деп,
Қазақстан секілді.
Солай, тамыр, тек жақсылық тос күнде,
Келсін, мейлі жұт егіз.
... Қазақстаннан әулие емес ешкім де
Күтеміз!
Оның саясаты сындарлы да астарлы болатын.
Есағаң да, сіз де баспагерсіздер, осы кәсіптің сіздердің шығармашылықтарыңызға кедергісі болды ма, әлде пайдасы болды ма?
6. Асылы, баспа кәсібі түптеп келгенде халыққа қызмет істейді. Пайдасы болды әрине, әсіресе Есенғалиға, өйткені ол қазақ мектептеріне қажетті оқулықтар шығарды. Ал шығармашылыққа келсек, баспаның кесірі де, кесепаты да мол болды. Олай дейтінім жеке меншік баспа болған соң мақсатты іске асыру үшін, бәрін жинап қойып, қара жұмыспен айналысасың. Бұл дегеніңіз шығармашылықтың соры.
Есағаңның поэзиясы күрделі, ой қабаттары өте мол, әсіресе поэмаларының философиялық толғамдары терең, өзіңізге түсініксіз тұстарын автордан сұраған кездеріңіз болды ма?
7. Есенғали қазақтың ең күрделі ақыны. Оның поэзиясындағы тереңдікке бойлау, ой қатпарларына үңілу оңай шаруа емес. Бір ғана "Ғайша-бибі» поэмасы неге тұрады?! Қазақта бұндай күрделі поэтикалық шығарма бұрын-соңды болған емес. Бір өзі ерекше бір әлем, бір өзі тылсым дүние. Кезінде осы шығарма төңірегінде Есенғалимен жиі пікір алыстық. Көп тұсын автордан қайталап сұрап, тереңірек ұғуға тырыстым.
Басып шығару