ТАЛАНТ
Зергерлері көне Грецияның
дірілі жоқ қолдарымен салқын қан,
ақшаларды құйып-жасап алтыннан
талант деген ат беріпті;
сол алтын
артық баға-лан-ған сын-ды маған тым.
Талант, менше, алтыннан
болу керек сирегірек,
құндырақ,
әттең, кейде алтын да емес бұл бірақ:
алтын құны ауық-ауық өседі,
талант құны ауық-ауық құлдырап.
Алтын – алтын,
саспа, аға,
балама боп жарытпайды басқаға.
Алтын жүзі –
айнымалы мінезі бар екі жүз:
көрген жерде бетіне
бір түкіріп кетіңіз!
Алтынға емес,
кеше сағат екіде
бір халтурщик түкірді
бір таланттың бетіне.
Бар салмағын Уақытқа жүктеген,
Олжас жазды мынадай бір мықты өлең.
Мықтылығы – шыншылырақ,
мұңдырақ,
мұңнан гөрі биігірек бұл бірақ:
ақын жайған кепкіге
ілтифат қып әлдекім –
бірер талант алтын түскен сыңғырап.
Алтын емес,
кеткен сын-ды су құлап
жыр көктеді жапырағы судырап.
Ақын шықты осылайша,
әр сөзі
алтыннан да булырақ!
Мен де жайғам қазақтың
ескі, баулы тұмағын,
бір сыңғырды менің де
шалып еді құлағым...
1983
Өлең жеңіл оқылады. Көз қиығыңмен екі-ақ минутта шалып өтесің. Аздан соң сәл ойланып, санаңа салмақ түсіп тұрғанын сезесің. Өлеңге қайта үңіліп, қай тұсынан тіксінгеніңді, қай сөзінен тітіркенгеніңді тани бастайсың. Бұл дегіңіз өлең оқудың әдемі дағдысы. Сонымен жүрегімізге мына өлеңнің қай сөзі қадалды, қай жерінде не түйсіндік?
«...сол алтын
артық баға-лан-ған сын-ды маған тым.
Талант, менше, алтыннан
болу керек сирегірек,
құндырақ,
әттең, кейде алтын да емес бұл бірақ:
алтын құны ауық-ауық өседі,
талант құны ауық-ауық құлдырап».
Кәнігі түсінікте алтын ол — қымбат, құнды ұғым. Ал өлең мәнінде алтыннан да булы, алтыннан да сирек құбылыс ол — талант. Ақынның жанын күйдіретіні де сол таланттың бағаланбауы. Жалпыға ортақ жылтырақ түсінік - жылтырақ өмір, жылтырақ тірлік, жылтырақ өнер, жылтырақ өлең жасағандар шын таланттың орнын басқан. Тіпті, бүгін де біз сол — бергі жағы беті жылтыраған тірлікке үйірміз. «Талант» деген сөзді ұмыттық — қолданыстан шығардық. Қазір де қай халтуршиктің қай талантқа түкіргенін көре тұра үнсіз қалатын тіпті, елемейтін, көрсек те көңіл бөлмейтін марғау күйдеміз. Талантты керек етпейтін қоғам құрып жатқандаймыз. Талантсыз ұлт болудың — талантсыздар мемлекеті болудың табалдрығындамыз. «Бір халтурщик түкірді, бір таланттың бетіне». Қазірде үлкен марапаттаулалдан теледидардан көретін біздің көзалдымызда болып жатқан үйреншікті көрініс. Өлең оқып болғанда кеудемізде түйілген түйіншек сол.
Жұмекен ақынның биік, көркем және шыншыл өлеңдері осылай. Ол - жазылған дәуірімен шектелмейтін, бүгінгі біздің де санамызға салмағын сездіретін ой мен көркем сөз үйлесімі.
Біз осы сөздерді «Талант» тақырыбындағы отыз жолдық өлеңнің бастапқы шумақтарының әсерімен айттық. Өлеңді толық оқысақ онда ақын ескі Грециядан бастап ескен сөз бұйдасын өзімен тете құрдас — Олжасқа, одан өзіне дейін тартады.
Бар салмағын Уақытқа жүктеген,
Олжас жазды мынадай бір мықты өлең.
Мықтылығы – шыншылырақ,
мұңдырақ,
мұңнан гөрі биігірек бұл бірақ:
ақын жайған кепкіге
ілтифат қып әлдекім –
бірер талант алтын түскен сыңғырап.
Ақын шықты осылайша,
әр алтыннан да булырақ!
Жұмекен ақынның өзімен тете әріптесіне, оның поэзиясына берген биік бағасы. Кепкіге түскен «талант» — ол таудан құйған өзен сияқты. «Бар бақытын уақытқа жүктеген, Олжас жазды...» дей ме? Егер, «Бар бақытын уақытқа жүктеген» екі ақын болса соның бірі Жұмекеннің өзі. Ол - анық.
Осыдан соң «Жұмекен жайлы Олжас не айтты екен?» деген ой келеді санаңа. Әй, Олжекең жұмған ауызын ашпаған-ау. Бізді таң қалдыратыны - замандастарының Жұмекенге келгенде жұмған ауызын ашпайтыны. Қарап тұрсаң екі таланттың бөгенайы бөлек — Олжас талантты кепкімен алған. Ал, Жұмекен «қазақтың ескі баулы тұмағын» тосқан.
«Мен де жайғам қазақтың
ескі, баулы тұмағын,
бір сыңғырды менің де
шалып еді құлағым…»
Таза ұлттық бөгенай, қазақы түр-түс. Бұл — Жұмекенге тән таланттың, жұмекендік жырдың ашық бояулы түр-түсі.
«Алтын емес,
кеткен сын-ды су құлап
жыр көктеді жапырағы судырап».
Жұмбақ сөз емес, жып-жылы ашық сөз. Бұлақтың сыңғырына жапырақтың сыбдырын қосып сызған сурет. Айтпақшы құтыдағы бояумен емес, санадағы сөз бояуымен сызған суреттің бір артық жері дыбысты да сыза алатынында. Біз олжас жырды сипаттаған бұл шумақты әдейі алдық. Себебі: автордың осыған ұқсас жыр жолдарын Қадір Мырза-Әліге арнаған өлеңінде де басқаша сипатпен көреміз.
Өлең тақырыбы айшықтап айтқандай талантты жырлайды. Кейіпкері екі адам. Екі ақын. Қайталап айтсақ «Бар бақытын уақытқа жүктеген», «кепкілі» Олжас және «Қақақтың ескі баулы тұмағымен» талант аулаған Жұмекеннің өзі. Біз де Жұмекеннен жүз өлең талдасақ ақынның өзіне деген, өлеңіне деген секемсіз сенімімен шынайы келіскеннен, «Уақытқа жүктеген бақытының» жүзін шырамытқаннан деп біліңіз.
АЛАТАУ
Алатауды, шіркін-ай, маған берсе деп ақын
Мұқағали бір күні арман айтқан болатын.
– Қайтер едің? – деп бір жас күліп еді таңдана,
– Екіншілей мұндайды сұрамайтын бол, бала! –
ақын әлгі жігітке жалт қарады долдана.
Шағын басқа шықшыты шыққандай ед бір тұмақ,
сол шықшыты қызарды;
желке шашы бұрқырап:
– Осыларды, Құдай-ау, біздің сорлы өлеңге –
не айтарға білмедік, – кім әкелген дегенде.
Әлгі жігіт әркімге жалтаң қақты жасып құр,
басын изеп тезірек қоштасуға асықты.
Қаңқ етіп бір күлді ақын қайтқан қаздай көліне,
кеткеніне әлгінің көңілденді ол іле.
Сонда екінші бір жігіт жасқаншақтау тіл қатты:
– Мұқа, – деді, –
жас жанға айттыңыз-ау тым қатты,
өзіміз де жаспыз ғой – жарастықтар қанша алда,
жарайтын ед жасытпай жауап айта салсаң да,
түбі ұғар ед өзі де, болса ойында сәуле егер...
– Жо-жоқ, ақын емес ол,
пайда қуған саудагер,
саудагердің ақынмен арақ ішу қай теңі?
сұлулықты сүйгендер, өзің айтшы, қайтеді?!
– Ал, Алатау – сенікі,
осы сәттен бастап ал,
маған қалсын асхана,
аспаным мен астанам.
– Әй, қусыңдар, қусыңдар, жершілдік жоқ пейлімде,
жартысындай жалғанның жарықтықты жайып сап,
жуып-жуып түнімен таңға жуық айықсақ –
алған затым осы деп мақтанайын деймін де.
Азаматтың пиғылы айқын еді әу баста-ақ,
қолтығына көтеріп қойып сөйлер тауды асқақ.
Таулар үшін де емес, жұрт сөздер үшін дауласпақ:
«болды, толды» деп атап, белдескендей «бәлемен»
«мен», «менікі» дегеннің өзін қимай әлек ел.
Мақатаевтың сол күні шабыт қуған беті еді,
Әйтпесе ақын қарт тауды – қайнына алып кете ме!
Жай сауалдың жанына жанып тиген себебі:
оянып ед ойында көптен күткен өлеңі –
соны бөгеді әлгі сөз – қастас қалам секілді,
доңғалақтың жолына тас тастаған секілді,
айдыны мен аспаны астаспаған секілді,
Пәс боп қалған көлкіген көңіл шіркін сәтте әлгі,
жыр шойрылып белінен қиралаңдап боп қалды.
«Қайтер едің?»
О, сауал, сауалдардың қырсығы,
Сауалдардың қырсығы – қырсықтырған жыршыны.
Егер сауал өнерді жеңіп жүрген шаршатып –
арыстаны әлемнің, сауалдарға қарсы атыл!
Қарсы атылған жыршылар арыстан боп Айға нақ,
құласа да құлаған жұлдыз болып тайғанап.
«Қайтер едің?» дегенді ұмыттырдық зорға әлгі,
ақын мықтап ширықты,
одан гөрі қорланды.
Төбелермен тұмсықсыз тірескісі келгенде,
көңіл шіркін лепіріп бір ескісі келгенде
Алатауға қарады ол.
Уа, түсінер, түсінер
арқа тұтып асқағын мақтана алар кісілер!
Биігімен таулардың,
Кеңдігімен даланың
Мақтанатын жігітке арналады бар әнім.
Алыс кетер – Алатау – жаңғырығы кешкі үннің,
ақырып кеп атылған арыстандай кескін бір...
«Қайтер едің?»
Сен, сауал, ескірдің-ау, ескірдің –
ақындікі Алатау,
ортағы жоқ ешкімнің
1983
Өлеңнің үш тағаны сияқты үш сөз — Алатау, Мұқағали және өлеңді отқа орап жіберген «Қайтер едің?» деген қастас сұрау.
Алатауды, шіркін-ай, маған берсе деп ақын
Мұқағали бір күні арман айтқан болатын.
– Қайтер едің? – деп бір жас күліп еді таңдана,
– Екіншілей мұндайды сұрамайтын бол, бала! –
Бұл үш сөз осы өлеңнің ең басқы үш жолында тұрса да, Оған мән бере қоймай, көркем сипатталған Мұқағали бейнесін қызықтап оқи бастаймыз.
Қаңқ етіп бір күлді ақын қайтқан қаздай көліне,
кеткеніне әлгінің көңілденді ол іле.
...
Азаматтың пиғылы айқын еді әу баста-ақ,
қолтығына көтеріп қойып сөйлер тауды асқақ.
Аңызға айналған Мұқағали келбетінің керемет көрінісі. Өлеңнен оның саңқ еткен үні естіледі; Алатауға шынтақғын сүйенген таудан биік алып тұлғасы көз алдыңа келеді. Өлеңнің және ақындық ұстанымның тазалығы жөнінен аса крпияз, ымырасыз Жұмекеннің Мұқағалиға арналған бірнеше өлеңі бар оның кейбірін кімге арнағанын бөгенайынан тұспалдап біліп отырамыз. Бұл жырлар кейінде Мұқағалиға арналған көп өлеңдердің ақалғашқысы-ақ шығар.
Таулар үшін де емес, жұрт сөздер үшін дауласпақ:
«болды, толды» деп атап, белдескендей «бәлемен»
«мен», «менікі» дегеннің өзін қимай әлек ел.
Осы жолдардан соң өлеңнің өңменіне үңілесің. Бұлыңғыр бұрылыстарына қарайсың. Сөз салмағы ауырлай түседі. Талас-тартыс таулар үшін емес, таудан гөрі салмақты сөздер үшін дейді ақын:
«мен», «менікі» дегеннің өзін қимай әлек ел.
Жер «менікі», Ел «менікі», осы жерді жанын беріп, қанын шашып қорғаған ата-баба «менікі», солардың ұрпағы «мен», бұл жердің иесі «мен»деп айтар едің. Ол — шындық еді. Айтқызбайды. Жұмекеннің қалам ұстаған қаршадай кезінен-ақ кек көтергендей: «Менің елім, менің жерім — менің Қазақстаным» деп іштей қасарысатыны содан. Осыдан соң біз өлеңге өзек болған «Қайтер едің?» деген сұраққа қайтып ораламыз.
Жай сауалдың жанына жанып тиген себебі:
оянып ед ойында көптен күткен өлеңі –
соны бөгеді әлгі сөз – қастас қалам секілді,
доңғалақтың жолына тас тастаған секілді,
айдыны мен аспаны астаспаған секілді,
Пәс боп қалған көлкіген көңіл шіркін сәтте әлгі,
жыр шойрылып белінен қиралаңдап боп қалды.
«Қайтер едің?»
О, сауал, сауалдардың қырсығы,
Сауалдардың қырсығы – қырсықтырған жыршыны.
«Қайтер едің?» — Не істей аласың? Бұл сол уақыттағы кез келген қарапайым қазақтың алдынан шығатын «сауалдардың қырсығы» болатын. Бұл өзі бүгінде «Қазақ жаны, қазақ тілі, титулды ұлт мүддесі, ұлттық идея, ұлт құндылығы» деп басталатын сөздердің алдынан «слова богу ...»деп көлденең шыға келетін «қаскүнем сұрақ»
соны бөгеді әлгі сөз – қастас қалам секілді,
доңғалақтың жолына тас тастаған секілді,
айдыны мен аспаны астаспаған секілді,
Ақын жанынының да айдынын аспанынан айырған осы «Доңғалаққа тас тастаған секілді»«Қайте қояр едің?» деген түбі қастас сұрау. Айтпақшы, осындағы теңеуді қарашы. «Доңғалаққа тас тастаған секілді» оқыс теңеу, жаңа теңеу, жаңаша теңеу, тосын теңеу.
«Қайтер едің?» дегенді ұмыттырдық зорға әлгі,
ақын мықтап ширықты,
одан гөрі қорланды.
Қанша мықты болсаң да қолыңнан түк келмей тұрса қорланбағанда қайтесің. Ақын қорланды оның кейіпкері (Мұқағали) қорланды. Бұл ой жұмекен жырдың өзекіне құйған у секілді қай-қашанда тасып шығып тұратын қыжыл. Ол басқа бір өлеңінде:
Тарлық етсе лашын-тырнағының белгісі;
жарлық етсе жаман хан – оңдалмайды енді ісі:
хан қараға жауығар келген шақта өлгісі.
Хандар – күшті,
дала үлкен,
халық қара,
мен кіші,
кішімін деп халқымды жауға берсем – нем кісі!
Мені қорлаған жалғыз-ақ әлсіздіктің белгісі.
Бұл Қырық жыл бұрын айтылған сөз. Оны бүгін айтса, - бұндай жырды бүгінгі ақын жазса еркіндіктің әсерінен ешкім таңданбас еді. Солайда, ашынған алаң көңіл ақын бүгін үшін де актуалді тіпті, саяси салмағы зіл батпан өлең қалдырған.
Негізінде Жұмекен өз тұстастарының шығармашылығына, ондағы ұстанымына ымырасыз сын көзбен қараған.
ТЕРЕЗЕ
Алатауға қарайды бір терезем.
Қ. Мырзалиев
Жалын шайнап жатыр, әне, әр өзен.
«Есік көлге қараған бір терезем» –
кім екені есімде жоқ,
бір ақын
осындай жыр жазып еді,
сұрапыл
қуатты сөз күтіп едім мен одан,
ашылады-ау деп ем бір көз жаңадан,
Есік көлден бастау алса дана адам
басталады-ау деп ем бір сөз жаңадан:
ештеңе де басталмады,
болмады,
жылға қуған жасық судай ол-дағы
тұнығы да толқыны жоқ боп алды,
ақырында құмға сіңіп жоғалды.
Көк өзен жоқ,
арықтың да суы ылай,
ылай судың, уай, қуын-ай, қуын-ай:
жан қинамай жай ағады –
күн ысты,
қауіпті ғой тым жиі алу тынысты.
Ақын бірақ бітірді үлкен бір істі –
атақ алды.
Енді алуға кірісті
тұрмыстың тек қулықтарын жымысқы.
Кейде осылай:
тасымайды өр өзен,
«Есік көлге» қараса да терезең!
Бір реті келгенде Несіп ападан осы өлең туралы білгіміз келген. Апайдың айтуынша «Қадір ақынның сол тұстағы басшыға, оның әйеліне сахнада тұрып өлең арнағаны» Жұмекен ақынға жақпай қалған сәтте жазылған жыр сияқты.
Жұмекеннің күйттегені де өлең тазалығы. Бегзат поэзияның бет-беделі екені даусыз.
Тағы біреу оқыды
Мен сендерге көрсетермін, тұра тұр –
деп бастады жырын тағы бір ақын.
Шын дарыған жанмын деді ол арқалы
Жазғанда тек бостау екен арқауы.
Ширатылып оқығанда – сұрапыл:
Самарқау ел – қазақ елі деген ел:
түссе-дағы осы қазір төбеден
Хақтың өзі екі аяғы салбырап –
танымайды, танданбайды,
ал, бірақ
ақын болды Айбергенов Төлеген
кетті айтылмай сол жыршының ішінде ой,
айтылғанын қор еттіңдер түсінбей.
Бағаламай қорладың көп асылды,
тани алмай өлтірдіңдер Қасымды.
Сондықтан да қол соғыңдар, қане, ұлдар,
сендердің де, қыздар, ала-қаның, бар –
тарихтың доңғалағы, дөңгелен,
Мақатаев құсап ертең мен де өлем,
өлмей тұрып, дереу, дереу таныңдар!
Әлдене бір тың ой айтса – бір сәрі,
жер тепкілеп ақын жұртқа ұрсады.
Сынбасын деп өнер сағы, жыр сағы
Халық бәрін түсінуге тырысады.
Расында Аманжолов неге өлді,
қой, қой, ойбай, бағалайық өлеңді.
Жасы жетіп өлгендері жоқ,
демек,
өлді-ау ақын қол-шапалаққа өкпелеп, –
қол соғу – аз, тепкілейік еденді!
Әлгі залды шаң көтерді, шу қаптап,
жаман жырды лақтырды ақын шумақтап.
Сөйтіп ақынды анық танып еді елі,
Көр аузынан алып қалып еді елі.
Медаль тақты ол, өсті біраз беделі,
артистіктен жан салмады алдына,
сол арқылы өзі тірі қалды да,
әлдеқашан өліп кетті өлеңі.
Біз бұл өлеңнің кейіпкерін тек тұспалдаймыз. Жұмекен жазған бір мақалада ол: «Өлеңде де құлақпен тыңдауға арналған эстрада жанры» барын айтады. Біз бұл жерде Жұмекен жазбаларының үзінділерін қаз-қалпында ұсынғанды жөн санадық.
«Жалпы Мұхтар жырлары, біздің ойымызша, эстрадан, сахнадан айтуға ылайық, оқудан гөрі тыңдауға жақсы, үнді, екпінді келеді. Әсіресе, ақын өз шығармаларын өзі орындағанда өте күшті әсер етеді. Бірде бір қазақ ақыны, қарапайым жұртқа Мұхтарша әсер еткенін көрген де, естіген де емеспіз. Бірақ, жазба әдебиетте құлақ – бір басқа, көз – бір басқа. Ескі ақындар сықылды суырып салып айтылмағаннан кейін, Мұхтар жырларына да сөз жоқ, жазба әдебиеттің талабы қойылады, басқаша айтқанда, мұның да көркемдігін көз бағалайды. Тыңдаушыға жақсы әсер қалдырған жырлар оқушыға кейде ондай әсер бере алмай жатады. Мұның мәнісі, ақынның бір қатар өлеңдерінде қара дүрсіндік, сөзге, ұйқасқа салақ қараушылық, сөз саралаудың көп тұста жетіспей жататынынан. Автор сюжет, идея қуып кетіп, кейде өлеңнің басқа қасиеттеріне көңіл бөлмей қояды. Мұндай жерлер құлақтан құтылғанмен, көзден қашып құтыла алмайды. Мәселен:
Алыс кетсе несі өкініш көңіл көгі аршылар,
Көңіл көгі аршылар да намыс отын қамшылар
Немесе, мына жолдар:
Күннен күнге дарынның ашылғандай бұлағы,
Өлеңдері газеттерден күле қарап тұрады (2-бет).
Сахнадан оқылса бұл тіркестердегі кемшіліктер білінбей кетер. Ал, көзге бір түрлі көрінері хақ: Намыс отын «қамшылағанды» қалай түсінуге болады.
«Өлеңдері газеттерден күле қарап тұратыны» қалай? «Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім» дегені де дәл ұғым бермейді. Бұ сын-ды түсініксіз жолдар ұсақ-түйек көрінгенімен, қазіргі заманның сауатты ақыны үшін әжептәуір мін. Мұндайлар жоғарыда келтірілген бірер бетте болса, елемей-ақ қояр ек, өкінішке орай, талай парақтардан аңғаруға болады. Ондайларды редактор да көрер, көрсетер деп ойлаймыз.
Тағы бір мәселе. Жұртқа жақсылықты көп жасап едім, соным алдымнан шықпады, немесе, мен достыққа адал болдым, өзгелер олай болмады, мен жанып тұрмын, жұрт сөніп жүр деген секілді ойлар көп қайталанады. Бұ жағын да ескерген жөн.
«Сейхундария», «Махаббатты қорғау», «Күре тамырды іздеу», «Сенім патшалығы», т.б. поэма, балладалары 1977 жылы жарық көрген «Сенім патшалығы» атты кітапта бар секілді еді. Одан кейін жарық көрген кітаптарында да осы шығармалар ылғи қайталанумен келеді. Бұ кітап не кітап? Тағы да таңдамалы ма, әлде, тағы да қайта басылу ма? Әйтеуір жаңа жинақ емес тәрізді. Әлдеқашан жазылған, әлдеқашан жұртқа мағлұм болған дүниелерді қайта-қайта баса беру – кімнің мұқтаждығы? Автордың ба, баспаның ба? Баспаны – білмеймін, ал, автор қырыққа жаңа келіп, қылшылдап тұрған ақын, қайта басылуларды бұл сықылды жиілететін мұқтаждық жағдайға (қартаю, не тоқырау) жетпеген адам. Ақтарып, төңкеріп-ақ жазатын жаста ғой. (Ж.Нәжімеденов, Толық шығармалар жинағы, Жетінші том, «Қазығұрт» баспасы)
«Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұқтар мен Қадірдің бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /»Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұқтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар / қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де –қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой - бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді» (Ж.Нәжімеденов, Толық шығармалар жинағы, Жетінші том, «Қазығұрт» баспасы)
Жұмекен жазып қалдырған кез келген мұра бізді оған жақындата түсетін сүрлеу соқпақтар. Соның ішінде замандастары жайлы жазғаны да бар. Әсіресе соңғы естеліктегі «Мен шыққанда Төлеген мен Мұтар түгілі, Мұқағали мен Қадір де жоқ еді» деген сөйлемнен 60 жылдарда тобымен шығып, қазақ сөзіне жан бітіріп, жалын шалқытқан, жыр рухын түлетіп, өлеңді биік деңгейге көтерген ақындардың ең қысқа тізімдігін көресің. Қалам алып сүйкей салғанда есінде тұрғаны Өзіне қоса Мұқағали, Қадір және Төлеген мен Мұқтар бесеуі. Бұл естелік ақын ғұмырының санаулы күндері қалғанда жазылған. Бес кісілік тізімдікЖұмекендікі. Егер біз дізімдік жасасақ «Алпысыншы жылдардың 60 ақыны» деп тақырып алып таратар ма едік дейміз. Себебі: Өтежан бастаған өлеңі өткір сол кездің бес ақынын Ақтөбеден-ақ атап шығар едік.
«Жұмекеннен жүз өлең» жобамызда талданатын тағы отызға жуық өлең бар. Одан ары оқуға жеңіл болса да ойы ауыр өлеңдерге араласамыз. Жұмекен жырларын бірге оқиық.
Басып шығару