Грант Агасян қарулы қақтығысты тоқтату үшін Таулы Қарабақты Әзірбайжаннан сатып алуды ұсынды. Бұл туралы ол өзінің бейне үндеуінде мәлімдеді.
«Әзірбайжан тарапы бұл мәселені (әскери жолмен) шешудің мүмкін еместігін түсінуі керек. Біз ешқашан бас тартпаймыз. Таулы Қарабақ мәселесін шешуді көптеген жылдарға шегеріп отырмыз. Мәселені шешуден қашып, бұны балаларымыз бен немерелерімізге тапсырғымыз келеді. Менің ұрпағым осы соғысты біліп, өшпенділікпен өсті», - деді Агасян.
Кәсіпкердің айтуынша, қақтығысты шешу үшін атысты тоқтату жеткіліксіз. Соғыс басылады, бірақ ол болашақта жалғасады.
«Соғыс мәселелер мен келіспеушіліктерді шешудің құралы болмауы керек. Бұл өткеннің жәдігері. Біздің уақытымызда елдер арасындағы барлық проблемалардың экономикалық шешімдері болуы мүмкін және болуы керек», - деді Агасян.
Оның айтуынша, мәселені шешудің бірі Әзірбайжаннан жер сатып алу болуы мүмкін.
«Біз, бүкіл әлемдегі армян кәсіпкерлері, бұл соғысты біржола тоқтатуға, мәміле жасауға дайынбыз. Бұл жерді бағалап, оны әзірбайжандық әріптестерімізден біржола сатып алуға дайынбыз», - деді Агасян.
Кәсіпкер жерді бомбалаудан кейінгі жылжымайтын мүліктің қазіргі жағдайын ескере отырып, оның нақты нарықтық құнын ескеріп, тәуелсіз бағалау жүргізуді ұсынды.
«Біз, армян кәсіпкерлері, қаражатты жинап, жерді сатып алып, оны сол жерде тұратын адамдарға береміз», - деп аяқтады Грант Агасян.
Басып шығару