Қызық: қытайлықтар бір апта ішінде басқа мемлекеттер жылдан аса уақыт жасайтын трассаны төсеп шығады екен.
Енді мынаны қараңыз! Қытай қазір адам тұрмайтын қалаларды белсенді салып жатыр. Өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның барлығы қолжетімді болғанына қарамастан бұл қалаларда мүлде адамдар тұрмайды. Осындай қалаларды салудағы мақсат қандай?! Осы туралы тарқата айтамыз.
Қытайда соңғы технологияларды пайдалана отырып салынған тұрғын үй кешендерінің саны 60 миллионнан асып жығылады екен. Бұл пәтерлерге бірден бірнеше мемлекеттің халқын сыйғызып жіберуге болады.
Міне, осы типтегі қалалардың бірнешеуін назарларыңызға ұсыналық.
Ордос
Әлемге танымал һәм адам тұрмайтын қалалардың бірі. Шаһардың территориясында қазба байлықтары да баршылық. Бірақ бұл қалада адам жоқ. Десек те, пәтерлер құрылыс жүріп жатқан кезде-ақ сатылып кеткен екен. Міне, қытайлықтардың өздері бұл қалаға қоныс аударуға бейіл танытпай отырған.
Қазір миллиондаған адам тұруы тиіс болған қалада бірнеше жүз ғана тұрғын бар. Тиісті тығыздық 10 пайызға да қамтылмаған.
Кангбаши
Миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналуы тиіс еді бұл да. Бірақ қазір аталған қаланы 30 мың ғана адам мекен етеді. Жоба кезінде қаланы жақын маңдағы крестьяндарды урбанизациялау зонасы ретінде салған. Дегенмен, әлгі тап өкілдері жылы орынынан қозғалғысы келмеді ма, әйтеуір, қала қазір қаңырап тұр.
Тяньдучен
Қытайдағы алып шаһар Гуанчжоудың жанындағы қалашық көпшілікке танымал. Бірақ танымалдылығына Гуанчжоу құда түсе алмайды. Қала Франция астанасы Париждің көшірмесі іспетті. Оның ішінде Эйфель мұнарасының макеті де бар. 10 мың адамға сай етіп салынған қалада қазір 2 мыңның айналасында ғана тұрғын бар. Бірақ бұл қалашық туристердің көп келетін орталығына айналған.
Жаңа Наньхуэнь
Қытайдың алып мегаполистерінің бірі Шанхайға жақын орналасқан бұ шаһар жоспар бойынша алпауыт порт саудасының және туризмнің орталығына айналуы тиіс-тін. Бірақ бұл болжам қате болып шықты.
Қытай басшылығы бұл мәселені шешу үшін аталмыш қаладан бірнеше университет салды. Қазір онда 100 мыңнан астам студент білім алуда. Шаһар бас жоспардағы міндетін атқара ала ма әлде үлкен университет кампусы күйінде қала бере ме, оны уақыт өте көре жатармыз.
Темза-Таун
Бұл да туристік қала. Ерекшелігі – биіктігі 3 қабаттан аспайтын үйлерден тұрады, яғни, ағылшындық стильде. Темзада да 10 мың адам тұруы тиіс еді. Бірақ бірнеше туристен өзге тіршілік атаулыны табу қиын, сірә...
Темза-Таун қытайлықтардың, еуропалықтар мен америкалықтардың фотосессия жасайтын орталығына айналған бүгінде.
Қытай неге адам тұрмайтын қалаларды толассыз салуда?
Бұл сұраққа қисайып тұрып «адам тұру үшін» деп жауап бере салу оңай, әрине. Бірақ бұл жобалардың астарына бүккен сыры болуы мүмкін.
Мысалы, қытайлықтар өздерінің жиған-тергенін осылай сақтайтын шығар. Өйткені, алтынның да құты қашуда, ал жылжымайтын мүлік – ең сенімді таңдау. Қытайда баспана сатып алу немесе жалдау сұмдық қымбат екенін ескерсеңіз, жоғарыдағы нұсқамыз айқындала түсетіндей.
Ал Қытай басшылығы ЖІӨ деңгейін осылай жасанды жолмен көтеріп отырса ше?! Дегенмен, бұл қалаларда барлық әкімшілік-құқықтық құрылымдар жұмыс жасайды. Егер жергілікті билік өз халқын жұмыспен, түрлі қызметтермен қамтамасыз ете алмаса ше?! Онда көлемді ақша желге ұшады.
Бүгінгі күннің өзінде адам тұрмайтын қалаларда құрылыс қызу жүріп жатыр. Егер ешкім тұрмайтын болса, оның қажеті қанша?
Сондай-ақ, соғыс бола қалған күнде армияны бір жерге жинастырудың амалы болуы да мүмкін. Солдаттарға жағдай жасап, қарсыласты тізе бүктіруді көздесе ше?!
Қытайдың қарқынды құрылысына мына дүние себеп болуы мүмкін. Жаһандық жылынудан алдағы уақытта миллиондаған адам зардап шегуі мүмкін. Сол кезде Қытай оларды құшақ жая қарсы алып, елес-шаһарларға орналастыра қоймақ-мыс. Міне, экономиканың өсімі мен тегін жұмыс күші.
Қалай долбарласақ та, көрші елдегі құрылыстың сыры құпия болып қалуда. Тек бұл жобаға өте көлемді қаражат шашылғанын ескерсек, олардың да бір бүккен бармағы бар-дағы. Қалғанын уақыттың тезіне салалық.
Әділет Мәдениет
Басып шығару