Каирдің маңынан ежелгі храм мен 50-ден астам табыт табылды.
Құнды жәдігерлерді біздің заманымызға дейінгі 16-11-ғасырларға жатқызуға болады. Тарихшылардың пікірінше, мазар көне заманның құпиясын ашуға көмектесуі мүмкін. Себебі сақталған құжаттар бойынша, осы орында Ежелгі Мысыр астанасы – Мемфистің басты қорымы болуы ғажап емес. Храм мен ежелгі табыттар 15 метр тереңдіктен табылған.
"Храм 6 әулеттің алғашқы билеушісі Тети перғауынның жұбайы – Нейт патшайымға арналып салынған деп топшылаймыз. Себебі табылған барлық заттар Тетидің мазарына жақын жерде. Бұл – үлкен олжа. Аталған перғауынның билеген дәуірі туралы дерек атымен жоқ болатын. Енді сол кездің дәстүрі мен мәдениетін түсінуге жол ашылмақ", - деді археологтар тобының жетекшісі Махмұд Ашраф.
Каирден 30 шақырымда орналасқан Саккара қонысы 3 мың жыл бұрын Ежелгі Египеттің астанасы Мемфистің басты киелі орны болған.
"Қазір Саккара ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына жатады. Бұл жерде Египеттің жаңа тарихының үлкен қоры жатқанына сенімдімін. Ежелгі мысырлықтар жай ғана жерлене салмаған. Бұл рәсімдерде қаншама дәстүр, өмір салты сақталады. Табыттарға құнды заттар, жазулар, мүсіндер, киім-кешек қоса салынған", - деді мысыртанушы Марван Хенали.
Басып шығару