Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы болды. Онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің мәліметінше, осы келісімді ратификациялағаннан кейін Қазақстанда ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық үнқатысу саласындағы саясатын әзірлеуге қатысу мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар біздің елімізде ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы құрылатын болады.
Ол жұмыс істеп тұрған «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» республикалық музейінің негізінде жұмыс істейтін болады. ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығы келешекте осы саладағы ғылыми зерттеулер үшін өңірлік хабқа айналуы тиіс. Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.
Дереккөз: 24.kz