2-дүниежүзілік соғыс кезінде неміс-фашист әскерлері бірінші кезекте Ресейдің Ленинград қаласын нысанаға алды. Себебі бұл қала білім мен ғылымның, мәдениеттің, бір сөзбен айтқанда өркениеттің ордасы болатын. Сол себепті Ленинград жау құрсауында қалды.
Ленинград тұрғындары блокададағы 872 күн ішінде не көрмеді десеңізші?! Көршілері мен туыстарының қазасы, нан алу алуға тұрған адамдардың ұзын-сонар кезегі. Көшедегі қала тұрғындарының өлі денесі. Халықтың тұрмысы қиын әрі қорқынышты болды. Тек жан бағып, соңына дейін күрескендер ғана блокададан аман өтті. Азық-түлік қоры таусылған кезде ленинградтықтар үй мысықтарын жей бастады. Біраз уақыттан кейін қаланың көшелерінде бірде-бір мысық қалмады. Мысықтардың жаппай жойылуы тағы бір апатқа әкелді. Қандай дейсіз ғой? Ленинград көшелерінде өте көп егеуқұйрықтар пайда бола бастады. Қалалық ортада бұл кеміргіштердің мысықтардан басқа табиғи жауы жоқ еді. Мысықтар ғана егеуқұйрықтардың санын азайтып, олардың көбеюіне жол бермейтін. Егеуқұйрықтар – өте өсімтал. Олар жыныстық жағынан 2 – 3 айда толық жетіледі. Егер егеуқұйрықтарға еркіндік берсе, жылына 2 – 3 реттен (2– 18) дейін көбейе алады. Егеуқұйрықтар «популяциясының» осындай үлкен өсімі қоршаудағы қала үшін нағыз апатқа айналды. Егеуқұйрықтар көшелерде топ-тобымен жүріп, азық-түлік қоймаларына шабуыл жасап, жеуге келетін тамақтың бәрін тауысты. Бұл кеміргіштер өмір сүруге бейім. Тіпті, ағаштан бастап өз бауырларына дейін жей береді. Егеуқұйрықтар Ленинградтықтардың онсыз да қорқынышты өмірін қиындатып, нағыз «вермахттың одақтастарына» айналды.
Блокада аяқталар сәтте 1943 жылы егуқұйрықтармен күресудің алғашқы әрекеттері жасалды. Алдымен Ярославль облысынан қалаға мысықтар «отряды» әкелінді. Ярославльдан келген 4 вагон мысық қалада аз уақыттың ішінде-ақ «тәртіп орнатты». Мысықтардың бірінші партиясы Ленинградты егеуқұйрықтар тарататын аурулар эпидемиясынан құтқарды. Сол сәттен бастап мысыққа деген көзқарас қалада ерекше болды. Тұрғындар үшін әр мысық батыр болып көрінетін. Сол уақыттарда мысықтың құны да аспандап кетті.
Блокада толық аяқталғаннан кейін де Сібірдің түкпір-түкпірінен: Омбыдан, Тюменнен, Иркутскіден және РСФСР-дің басқа шалғай қалаларынан 5000 мысық әкелінді. Аталған елді-мекендердің тұрғындары ленинградтықтарға жанашырлық танытып, үй жануарларын көмек ретінде берді. Мысықтардың «Сібір отряды» егеуқұйрықтарды жеңіп, Ленинград көшелері егеуқұйрықтардан толығымен тазартылды. Содан бері мысықтар бұл қалада құрмет пен сүйіспеншілікке ие. Себебі, мысықтардың Ленинградтың қалыпты өмірге оралуына әжептәуір көмегі тиген еді. 2000 жылы Малая Садоваядағы No8 ғимараттың мысықтың ескерткіші орнатылды.
Басып шығару