Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесіндегі сотталғандар өз еріктерімен «Спутник V» вакцинасын алды. Kyzylorda-news.kz мәліметінше, вакцина салдырған азамат вакцина салдыруды әрбір адамның міндеті деп санайды екен.
«Қазіргі кезде коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында салынатын вакцинаны алу әрбір адамның міндеті деп есептеймін. Вакцина салдыруға қуана келістім. Өйткені вакцина салдыру арқылы өзіңді де, өзгелерді де қорғайсың. Ешқандай жанама әсерлер бойымда байқалған жоқ. Қауіпті індетке қарсы вакцина ереже бойынша екі рет салынады екен. Енді екінші вакцинаны 21 күннен кейін салдыртамын»,- деді сотталған азамат.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ж.Әбдіқайыров сотталғандарға вакцина алуға өздері өтініш білдіргенін айтты.
«Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар вакцина алуға өздері өтініш берді. Бұған дейін жазасын өтеушілерге дәрігер мамандар коронавирусты инфекцияның алдын алу барысында вакцинаның маңыздылығы мен вакцинаны егу әдістері және вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде, бүгін өз өтініші бойынша 60-қа жуық сотталғанға «Спутник V» вакцинасы егілді»,- деді Ж.Әбдіқайыров.