Санитарлық дәрігерлер Жітіқарадағы өмір бойына сотталғандардың колониясы – «Қара бүркітке» коронавирустың қалай жеткені туралы айтып берді.
Қостанай облысы бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 106 болса, оның ішінде 76 адам Жітіқара ауданының тұрғыны. Осы 76 адамның ішінде 161/3 колониясының қызметкерлері де бар.
«Инфекция колония ішіне курсант арқылы келген. Тәжірибеден өтіп жүрген курсанттың әкесі инфекция жұқтырған. Ал науқаспен байланыста болған жігіт колонияға келіп жүрген. Қазір жағдай анықталып, барлығы бақылауға алынды», - деді Қостанай облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Орал Бекмағамбетов.
Жағдай анықталған бойда колония қызметкерлерінен екі мәрте коронавирус тесті алынған. Екінші тест қорытындысында бір қызметкердің инфекция жұқтырғаны анықталыпты.
Департамент басшылығы сотталғандар ауырған жағдайда қандай шара қолданылатыны туралы айтып берді.
«Сотталғандар үшін арнайы оқшаулау үшін 56 орын бар. Барлық дәрілер мен қажетіліктер қамтылған. Егер сотталғандар инфекция жұқтырса, оларды колония аумағында емдеу қиындық туғызбайды. Дегенмен, олар басқа азаматтарға қарағанда әлдеқайда оқшауланған. Камераларда бір ғана адамнан, артық ешкім кірмейді», - деді департамент басшылығы.
Жітіқара ауданындағы «Қара бүркіт» колониясының 19 қызметкері коронавирус жұқтырған. Оларды аудандық ауруханаға жатқызды. Артынша бұл көрсеткіш 25 адамға дейін өсті.
Басып шығару