Мерзімді қызметтегі сарбаз Қарағанды облысында менингиттің жедел түрінен қайтыс болды.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, қаза тапқан сарбаз 6505 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2 ақпанда таңертең ол әлсіздік пайда бола бастағанын айтқан. Кейін санитарлық нұсқаушының қарауынан кейін Абай қаласының Орталық қалалық ауруханасына жатқызылды. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, қатардағы қызметкер реанимация бөліміне ауыстырылды. Сағат 11.00-де дәрігерлер оның қайтыс болғанын айтты.
«Сот-медициналық сараптамаға сәйкес әскери қызметшінің өліміне жедел менингит себеп болған. Бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылығы мен жеке құрамы қатардағы жауынгер Жақып Рамазан Мейрамбекұлының кенеттен қайтыс болуына байланысты қайғырып, туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады», - деді баспасөз қызметінің өкілдері.