Коронавирус жұқтырған науқас халыққа үндеу жолдады (видео)
Соңғы кездері коронавирус инфекциясының бар екеніне шүбә келтіретін қандастарымыздың саны артты. Жамбыл облысында инфекция жұқтырып, ауруханаға түскен науқас азаматтарға өз-өзін сақтап жүруге кеңес береді. Апта ішінде Жамбыл облысынан 100-ден астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. 28-мамыр күнгі көрсеткіш бойынша, аймақта барлығы 362 адам инфекция жұқтырған. 180 науқас жазылып шықса, 181 науқас қазір ем алып жатыр. Ем алып жатқандардың бірі – Тұрғынбаева Сейсекүл.
«8-мамыр күні ыстығым 39 градусқа дейін көтеріліп, өзімді әлсіз сезіне бастадым. Жедел жәрдем дәрігерлері мені жұқпалы аурулар ауруханасына алып келді. Содан бері ем алып жатырмын. Шынымды айтсам, коронавирус жұқтырамын деп ешқашан ойламаппын. Облыс тұрғындарына барлық шараларды сақтап, денсаулықты күтіңдер дегім келеді. Бұл ауру өте қиын екен. Мен жеті күн бойы жан сақтау бөлімінде жаттым. Аурухана қызметкерлеріне алғысым зор. Олар демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Оңай емес. Көмектесейік! Бірге болайық!» - деді ол.
Дегенмен, карантин шаралары жеңілдегелі бері аймақтардағы тұрғындар сақтық шараларын ұмыта бастағандай. Қазір көшеде маска кигендер саны сиреп қалған. Санитарлық дәрігерлер бұлай болмайтынын, осылай жалғаса берсе карантин тоқтамайтынын айтуда. Басып шығару