ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимінің 11-мамырда тоқтайтынын айтты. Артынша ТЖ жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин шараларын сатылы түрде тоқтатып, 4-мамырдан бастап ірі шаһарлардағы кейбір сауда орындарын, шаштараздарды, дүкендерді ашуға рұқсат етті.
Сауда орындарымен қатар, қала тұрғындарына көшеде спортпен шұғылдануға, қыдыруға рұқсат етілді. Десек те, қаланың тәртібін күзететін полиция қызметкерлері көшеде жүрген азаматтардан рұқсат қағазын сұрап, жүрісінің себебін сұрап, карантин шараларын бұзғаны үшін жауапқа тартуға да әрекет етуде. Бұл әрекет қала тұрғындарының ашуын туғызып, әлеуметтік желіде түрлі дау-дамайдың видеолары тарауда.
Алматы қалалық Полиция департаменті 4-мамыр қарсаңында мәлімдеме жасап, төмендегідей мәтінде ақпарат таратқан.
«Карантин режимін осалдатып, түрлі нысандардың жұмысын жалғастыруына байланысты қала ішіндегі бекеттер мен шектеу шаралары тоқтатылды», - деп жазылған хабарламада.
Дәл осы мәлімдемеде Полиция департаменті қала тұрғындарының көлікпен, жаяу, велосипедпен емін-еркін жүре алатынын айтты. Полиция қызметкерлері тек адамдар көп жиналатын саябақтарда, жағажайларда ғана жағдайды қадағаламақ.
Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі көшеде емін-еркін жүруге рұқсат етілгенімен, міндетті түрде сақтау керек профилактикалық шараларды ұсынды:
- қолды сабынмен мұқият жуу керек;
- спиртті антисептиктерді қолдану;
- адам көп жиналатын орталардан аулақ жүру;
- науқас адамдармен байланысқа түсуден аулақ болу;
- инфекция симптомдары байқалған жағдайда жедел жәрдем қызметін шақыру керек.
Алғашқы мәлімдеме жарияланғаннан кейін үш-төрт сағат өткенде Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдемені түсіндіріп, карантин режиміндегі шараларды әлі күнге дейін сақтау міндет екенін жеткізді.
«Карантин режимінің сатылы түрде тоқтауына байланысты қаладағы шектеу шаралары тоқтатылды. Бірақ бұл карантин аяқталды деген сөз емес. Міндеттер бұрынғы қалпында сақталады. Қала ішінде рұқсат етілген себептерсіз жүруге болмайды», - деді Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.
Департаментте 4-мамырдан бастап рұқсат етілген нысандардың қызметкерлері мені арнайы базаға енгізілген адамдар ғана қала ішінде еркін қозғала алатынын айтты.
«Біз қала тұрғындары мен қонақтарын санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті қатал сақтап, ережеге бағынуға шақырып. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – сіздердің денсаулықтарыңыз бен өмірлеріңізді сақтау», - деді Департамент басшысы.
Оның айтуынша, қала бойынша құрылған блок-бекеттер әлі күнге дейін күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр.
Тұрғындар кімге сенерін білмей дал. Департамент мәлімдеме жасаса, артынша басшысы оны түсіндіріп, рұқсат жоқ екенін айтса, көшеге аңсары ауған елдің әрі-сәрі күйге түсетіні өздігінен белгілі емес пе?!
Басып шығару