Облысымыздың ересек тұрғындарына тілдерді оқытуды жүзеге асыратын
«Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы» ММ «Тілдерді оқыту орталығы» КММ қосымша білім беру нарығында 2007 жылдан бері қызмет етіп келеді.
Орталықтың негізгі міндеті – мемлекеттік және басқа да тілдерді үйрету, оқу үдерісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету, оқу құралдарын шығару.
Орталық облыстың бір кездері өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған 6 ауданында да (Хромтау, Алға, Мәртөк, Қарғалы, Қобда, Мұғалжар) тілдік курстарды ұйымдастырады.
Тілдерді оқыту орталығы күні бүгінге дейін
2007-2021 (6 ай) жылдар аралығында
19 578 адамды тілдерді оқыту курстарымен қамтыды, оның ішінде:
мемлекеттік тіл –
16 364 (84%), ағылшын тілі-
2 048 (10%),орыс тілі-
149 (1%), латын графикасы курсы-
1 017 (5%). Ал өзге ұлт өкілдерінің үлесі
23% құрайды, яғни
4 492 адам. Оқу үдерісі zoom, x-rekorder, skype, whatsapp, teleqram, электронды пошта арқылы онлайн режимінде және қашықтан оқытылады.
Әдістемелік жұмыс –педагогикалық озық тәжірибе жетістіктері мен оқу үдерісінің өзара байланысты іс - әрекеттер мен шаралар жүйесі. Әдістемелік жұмыстарды дамыту, қолдау – орталықты дамыту, сайып келгенде заманауи білім көшіне лайық қарқында жұмыс жасау, өзекті мәселелермен айналысу, педагогикалық ұжымның іс-тәжірибесін мақсатты шоғырландыру, жинақтау және тарату болып табылады. Тілдерді оқыту орталығының педагогикалық ұжымы орталық құрылған сәттен әдістемелік жұмыстарға ерекше назар аударып келеді. Өз өнімдері төрт бағытта шығарады, атап айтсақ:
- балалар әдебиеті;
- оқу – әдістемелік құралдар;
- тележобалар;
- мерзімді баспа өнімі.
Әр жылдары орталық оқытушыларының құрастыруымен 52 әдістемелік және оқу құралдары, балалар әдебиеті, журналдар жарыққа шықты. Оның ішінде:
- оқу құралы – 23,
- әдістемелік құрал – 4
- балаларға арналған әдебиет – 18,
- электронды оқу құралы мен мобильді қосымша – 7.
Соңғы 3 жылда бірнеше тілдерде жарыққа шығып, тіл үйренушілер мен оқытушы-практиктердің оң бағасына ие болған өнімдерге тоқталсақ:
-
«Мен үш тілде сөйлеймін-1», «Мен үш тілде сөйлеймін-2» балаларға арналған қазақша-орысша-ағылшынша тілашар осы тілдерді алғаш үйренушілер үшін сөздіктер мен суретті, қызықты тапсырмалары бар құрал ретінде құрастырылды. Тілашардың мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларды жеке заттар мен құбылыстар бейнеленген суреттермен таныстыра отырып, лексикалық бірліктерді игерту, сюжетті суреттер арқылы жаңа сөздердің күнделікті өмірдегі қолданылуы мен мән-мағынасын түсіндіру. Танымдық тапсырмалар арқылы ойлау қабілеттерін дамыту.
-
«Bilimdi balaqaı» балаларға латын әліпбиін үйрету кітабы. Өлеңдер жинағының мақсаты - бүлдіршіндерге латын әліпбиінің жазылуы мен оқылуын таныстыру, әрбір әріп таңбасына қатысты өлең шумақтарын жаттау арқылы тіл ұстарту және суреттермен безендіріп, есте сақтау қабілеттерін жетілдіру. Жыр шумақтары тілге жеңіл, танымға тірек боларлық ойға орамды ұйқастарға құрылған. Өлеңдер авторы
Мұсағалиева Сағадат Сағидоллақызы - ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
-
«Jazylym» ересектерге арналған латын әліпбиін үйрету құралы. Жаттығулар жинағы жаңа әліпбидің қыр-сырын жазу және оқу дағдысы арқылы меңгертуге бағытталған 2 бөлімнен, атап айтсақ, «Жазылым» және «Оқылымнан» тұрады. Бірінші бөлімінің тараулары: «Әліпбимен танысу», «Дауысты дыбыс әріптерінің емлесі», «Дауыссыз дыбыстар емлесі», «Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы», «Түбір сөздер, қосымша сөздер емлесі», «Бөлек және бірге жазылатын сөздер емлесі», «Бас әріптер емлесі», «Қысқарған сөздер емлесі», «Сөздердің тасымалдануы». Аталған бөлім 173 жаттығу тапсырмаларын қамтиды.
- «
English Grammar» ағылшын тілінің бастапқы (А1, А2) деңгейі бойынша оқу құралы.
Грамматикалық материалдарды оңай әрі тез, қызықты жаттығулар арқылы меңгертуді мақсат еткен «English Grammar» оқу құралында грамматикалық материалдар сурет және түрлі-түсті кестелер түрінде берілген. Оқу құралдың негізгі тарауларың, атап айтсақ, «To be», «Present», «Past», «Future», «Present Perfect», «Modals», «There/ it», «Pronouns and Possessive», «Article A/an», «Adjectives» және т.б. тарауларды қамтиды. Тараулардағы жүйеленген тапсырмалар мен жаттығулар курс тыңдаушыларының ағылшын тілінен базалық білімдері мен дағдыларын қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.
-
«Оқылым» қазақ тілінің 5 деңгейі (А1-С1) бойынша мәтіндер жинағы деңгейлер бойынша оқылым дағдысын дамытуға арналған тапсырмалар арқылы тіл үйренушілердің оқу, жазу сауаттылықтарын арттыруға ықпал ету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында құрастырылған. Мәтіндер жинағы курс тыңдаушыларына, қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлерге арналған. Аталған мәтіндер жинағы әлеуметтік-тұрмыстық және білім саласындағы қатысым үшін өзекті тақырыптардан бастап, ежелгі салт-дәстүр, елтаным, ғылыми-ағартушылық және т.б. тақырыптарды қамтиды. Жинақта қазақ тілінің 5 деңгейі бойынша 50-ден астам мәтіндер жинақталды.
Облыс тұрғындарының жаңа графиканы меңгеруге деген қызығушылықтары жоғары. Осы ретте, латын графикалы қазақ әліпбиін үйрету сипатындағы орталықтың бірқатар тележобалары 2019 жылы жарыққа шықты. Атап айтсақ:
- «Жаңа әліпби – жарқын болашақ» әлеуметтік ролигі әзірленіп, «Aqtöbe» телеарнасы арқылы берілді.
Мақсаты: Қазақ тілін латын графикасына көшіру қажеттілігін негіздейтін аспектілерді түсіндіру, облыс тұрғындарын ақпараттандыру.
- «Тілдарын» балаларға арналған телебағдарламасы 2019 жылғы 1 маусымда халықаралық балаларды қоғау күніне орай кішкентай бүлдіршіндерге жол тартты.
Мақсаты: мектеп жасына дейінгі 3-6 жас аралығындағы балалардың тілдік білімін, дүниетанымын кеңейту және латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін таныстыру, үйрету.
Бағдарлама «Рика ТВ» телеарнасы арқылы 15 шығарылымы эфирден берілді.
- «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік!» ересектерге арналған
телебағдарламасы да сол жылы көгілдір экран арқылы көрермендермен қауышты.
Мақсаты: латын негізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін» практикалық тұрғыда меңгерту, көпшіліктің оқу, жазу машықтарын арттыруға ықпал ету. Бағдарламаның 12 шығарылымы «Рика ТВ» телеарнасы арқылы берілді.
Бұл тележобалар жетілдірілген латын графикалы қазақ әліпбиі бекітілген соң, қайта жаңғырып, жаңартылған жобамен бірге көпшілікке ұсынылатын болады.Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Осы мақсатты жүзеге асыруда Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының алдағы атқарар оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстары, бағындырар белестері биік екендігіне орталық ұжымы кәміл сенімді.
Серғазина Клара Хакімғалиқызы
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы
Тілдерді оқыту орталығының директоры
Басып шығару