Бүгінгі күні қатар өмір сүріп отырған тілдердің, әсіресе кіші тілдерге үлкен тілдердің ықпалы қандай, көптеген кішілердің тағдыры немен аяқталып жатқаны тек тіл білімі саласында жүрген мамандарға емес, жалпы жұртшылыққа да мәлім. Осыған орай, қазір жаһанда жүріп жатқан екі үдерістің бірі жаһандану болса, сол жаһандану өзіне кері процесті де алып келді, оның аты –
протекционизм, өзін қорғау деген мағынаны білдіреді. Дональд Трамптың президенттікке келуімен байланысты `America first` деген саясатымен экономика саласының термині ретінде белсенді қолданысқа шықты. Тиісінше тіл білімі саласында да
лингвистикалық протекционизм (
linguistic protectionism) ұғымы жолға қойылды.
Біздің елімізде де «Рухани жаңғыру» идеясы бекер көтерілген жоқ. Егер мән бере қарасақ, бұл осы айтылып отырған
лингвистикалық протекционизмнің біздегі баламасы. Бұл идеяны шынайы мағынасында пайдаға асыру үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың ең үлкені – жазу реформасы. Себебі бұл да кәдімгі жаһандық деңгейде қолға алынып жатқан, өз-өзіңді сыртқы күштердің толқынынан қорғау амалдарынан туған шара. Тарихтағы бұл кезең – бейқамдыққа төзбейтін, кіші тіл тұрмақ, үлкен тілдердің де өз қорғаныс амалдарын мығым қолға алып жатқан шағы.
Осы тарихи кезеңде өзіміз сөз етіп отырған жазу реформасы барысында қазақ әліпбиінің құрамынан алынып тасталғалы жатқан орыс әліпбиінен енген таңбалардың орны қандай да бір өзгерістермен жабылатыны анық. Осыған байланысты қазақ тілінің емле-ережелеріне (яғни бүгінгі кирилдегі орфографиялық нормасына) келетін аз-кем өзгерістер болады. Бұл өз алдына бөлек тақырып, біз бұл мақалада әліпбиді латынға көшірумен келетін өзгерістерді қозғамаймыз. Біз осы жазу-сызуымызға келгелі тұрған ірілі-ұсақты өзгерістер қабатында ұлттың «темір жолынан» шығып, қиғаш кетіп бара жатқан сөзқолданыстарымызды әдеби норманың тезіне түсіріп алудың оңтайлы сәтін пайдаға асыру мәселесін айтамыз.
Тілдің әдеби нормасы аясында жазба тілінің де, сөйлеу тілінің де өзіндік орфографиялық, орфоэпиялық, стильдік нормалары тілдің табиғи болмысы тұрғысынан ретке келтіріліп, жүйеге түсіріліп отыратын болса, оның (тілдің) грамматикасы мен лексикалық қоры да әдеби нормаға бағынады.
Әдеби норма тілдің статикасы тұрғысынан өзгертілмей сақталуға тиісті өз тілші ғалымдары бекіткен табиғи қалыбы болса да, сол қалыбы тілдің динамикасы тұрғысынан белгілі бір кезеңдерге жеткенде стихиялы түрде өзгеріске ұшырап отырады. Мәселен, Абай заманындағы қазақтың тілі мен бүгінгі қазақтың тілі бір әдеби нормада тұрмауы түсінікті делік. Кейде тіпті, «Осылай айтып тұрғанымызды Абай түсінер ме еді?» деген де ой келеді. Расында, бүгінгі күнгі білікті журналистеріміздің «Стартаптар онлайн да, офлайн да ұйымдастырылып жатыр» деген ресми орталарда айтып тұрған сөзін Абай қайдан түсінсін?
Соңғы кездері, әсіресе соңғы онжылдықта орыс және ағылшын тілдері әсерінің қазақ тілінің әдеби нормасына айтарлықтай залал келтіргені байқалды.
Тілдік нормаға бағынбай белсенді қолданысқа шығатын,
узус деп аталатын тілдік бірліктер болады, тіл білімінде жақсы зерттелген тақырып. Жалпы нормадан ауытқуды Р.Сыздық
уәжді,
уәжсіз деп бөледі. Уәждісі өз контексінде қабылдауға болатын ауытқу болса, уәжсізін «ақтап алуға» келмейтін ауытқу деп түсіндірейік. Біздің сөз еткелі отырғанымыз осы уәжсіз ауытқулар. Қазақ тілінің әдеби нормасын бұзып-жарып, өз нормаларын орнатып жатқан «үлкен толқындарға» қандай да бір тосқауыл қоюға қарекет амал жасаймыз ба, әлде екі қолымыз бос тұрса да ешбір амал көрместен жұтылып кете барамыз ба? «Рухани жаңғыру» идеясы аясында оларды өз қазақи қалпына келтіруге талпыныс жасап көрсек деген оймен тілде белсенді қолданыста жүрген ауытқуларды бірнеше топқа бөле қарастырдық. Талдауларға зер салайық.
1Бірінші кезекте көзге көрініп, құлаққа түрпідей тиіп тұрған нормадан (уәжсіз) ауытқулардың мысалдарын береміз, қазір кері қайтарылмаса, сіңісіп нормаға айналып кету қаупі күтілуде.
Нормадан ауытқыған нұсқалар | Дұрысы | Түсіндірме |
Мен ойлаймын | Меніңше, ... Менің ойымша, ... Мен... деп ойлаймын | Ағылшын тіліндегі «I think», орыс тіліндегі «Я думаю»-дың әсерінен сөйлем құрылысының бұзылуы |
Аспазшы мамандығына оқып жүр Қазақ тіліне оқыту Шетел тілдеріне оқыту | Аспазшы мамандағын оқып жүр Қазақ тілін оқыту Шеттілдерін оқыту | «На что учиться? На кого пойти учиться?» деген орыс тілінің әсері Нені оқу? Нені оқыту? |
Шындықпен жанаспайды | Шындыққа жанаспайды | Неге жанасу? «Немен жанасу?» емес |
15 үміткерлеріміз Бір топ жігіттер | 15 үміткеріміз Бір топ жігіт | Ағылшын тілінде заттың көпше түрін -s жалғау арқылы жасаудың әсері |
Осы сәтпен пайдаланып Телефонмен қолданып | Осы сәтті пайдаланып Телефонды қолданып | Нені пайдалану? Нені қолдану? «Немен пайдалану/қолдану?» емес. |
Елбасымен бекітілген Мамандармен тексеріледі | Елбасы бекіткен Мамандар тексереді | Кем утвержден? Кем будет проверяться? Орыс т.-нің әсері. |
А әрпіне біткен сөз А әрпіне аяқталатын сөз | А әрпімен біткен сөз А әрпімен аяқталатын сөз | Немен бітеді? Немен аяқталады? «Неге бітеді?», «неге аяқталады?» емес. «Бойыңа біткен қуатың» десек, ол басқа сөз. «Неден басталып, немен аяқталады/бітеді?» деп сұрақты дұрыс қою арқылы тексеру керек. |
Ғалымдарға хабарласыңыз Оған, ол кісіге хабарлас | Ғалымдармен хабарласыңыз Онымен, ол кісімен хабарлас | Хабарласу кіммен? Кімге емес. |
Айту керекпіз Бітіру керексіздер | Айтуымыз керек Бітіруіміз керек | Керек көмекші етістігі жіктік жалғауын қабылдамайды, жалғау негізгі етістікке жалғанады. |
Бізге 10 жыл Маған 18 | Біз онға толдық. Мен 18-ге келдім. | Нам 10 лет /We are 10 Мне 18 лет /I am 18 |
Менде шар. Сенде қуыршақ. | Менде шар бар. Сенде қуыршақ бар. | I have a balloon. You have a doll. У меня (есть) шарик. Ағылшын және орыс тілдерінің бала тіліне әсері. |
2020 – жиырма жиырма 2030 – жиырма отыз | Екі мың жиырмасыншы жыл Екі мың отызыншы жыл | Twenty twenty Twenty thirty |
Үлкен рақмет! | Көп рақмет | Орыс тіліндегі «Большое спасибо»-ның сөзбе-сөз аудармасы |
Мысалдар ресми дереккөздерден: құжаттардан, мінберлерден, телеарналардан жазылып алынды.
Түсіндірмелерден көріп отырғанымыздай, мұндай қателерді болдырмаудың бірден-бір жолы – сұрақ қою, сұрақ қою арқылы сөзқолданыстың дұрыс-бұрыстығын тексеруге болады, бірақ сұрақты да дұрыс қоя білу керек. Мектеп бағдарламасында «балалардың өз ана тілі, онсыз да біледі» деген түсінікпен атүсті қарамай, тілдің грамматикасына осы кестеде көрсетілгендей басқа тілдерден келіп тұрған «залалды» көрсетіп, «дұрысы мынау» деп, оны жаттығулармен бекіту қажет.
2Екіншіден, бұрмаланған нұсқасында сіңісіп кеткен, әдеби норма ретінде қабылданып кеткен тілдік бірліктерді (қиын да болса, қолдан келіп жатса) кері қалпына келтіру жөн болар еді.
Нормадан ауытқып сіңісіп кеткен тілдік бірліктер | Дұрысы | Түсіндірме |
Мейрамыңмен! Мейрам(дар)ыңызбен!
| Мейрамың құтты болсын! Мейрам(дар)ыңыз құтты болсын! | Қазақ үшін «құтты болсын» деген сөзде (ғана) құт-береке бар. |
Туған күніңмен!
| Туған күнің құтты болсын! | Құттықтау сөзін айтқанда «Құтты болсын» деген сөзді қолданбау тек сөз шығыны деуге болады. |
Жаңа жылыңмен!
| Жаңа жылың құтты болсын! | Бірнәрсенің құтты, қайырлы болуын тілеген кісі сол сөздерді қолдануы керек. |
Көріскенше! | Көріскенше күн жақсы болсын! | «Күн жақсы» немесе басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса көріскенше не болатынын кім білсін?! |
Кездескенше! | Кездескенше ел аман, жұрт тыныш болсын! | «Ел аман, жұрт тыныш» немесе сондай басқа бір амандық тілейтін сөз айтылмаса келесі кездескенше не болатынын кім білсін?! |
Сау-саламатта болыңыздар! | Сау-саламат болыңыздар | «-та» жатыс септігі сын есімге жалғанбайды, зат есімге тіркеседі |
Бұл топтамадағы мысалдарды «Бұрмаланған нұсқасында сіңісіп кеткен сөздер мен сөз тіркестері» деп атап отырған себебіміз, бұлар бейресми қолданысты айтпағанның өзінде ресми қолданыста да жиі кезігетін, тіпті әдебиет көздерінен, қазақ тілінің оқулықтарынан да орын алып үлгерген
узустар болып отыр. Кері қалпына қайтару оңайға соқпайтыны белгілі.
3Үшіншіден, бүгінгі күнге дейін әдеби нормаға сай болып саналып келген, оның нормаға сай екеніне тіпті ешқандай күмән болмаған кейбір сөздеріміздің морфологиялық құрылымын қайта қарауымызға тура келеді.
Нормадан ауытқыған нұсқалар | Дұрысы | Түсіндірме |
италияндық | Италиялық | Ағылшын тілінде: Italy + сөз тудыратын -ian жұрнағы = Italian. Орыс тілінде: Италия – итальянец (-ян- + -ец) итальянка (-ян- + -ка), италянцы (-ян- + -цы), итальянский (-ян- + -ск- + -ий) сөздері (түпнұсқасы итал.т. Italia, italiani, italiano) қандай сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып тұрғаны көрінеді. |
американдық | Америкалық | Ағылшын тілінде: America + сөз тудыратын -n жұрнағы = American Орыс тілінде: Америка – американец (америка + -н + -ец), американка (америка + -н- + -ка), американцы (америка + -н- + -цы) американский (америка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай «американдықдық» деген мазмұнда қолданылып келіппіз. |
африкандық | Африкалық | Ағылшын тілінде: Africa + сөз тудыратын -n жұрнағы = African Орыс тілінде: Африка – африканец (африка + -н- + -ец), африканка (африка + -н- + -ка), африканцы (африка + -н- + -цы), африканский (африка + -н- + -ск- + -ий) Екі үстем тілдің сөзжасам тәртібінен шыға алмай «африкандықдық» деген мазмұнда қолданылып келген. |
Азиат азиаттар | азиялық азиялықтар | Ағылшын тілінде: Asia + сөз тудыратын -n жұрнағы = Asian. Орыс тілінде: Азия – азиат (азия + -ат), азиаты (азия + -ат- + -ы), азиатский (азия + -ат- + -ск- + -ий). Сонда орыс тіліндегі сөз тудырушы жұрнақпен (азия + -ат) азиат болып, соған қазақ тіліндегі -тар көптік жалғауының жалғануы арқылы азиаттар кейпіне келіп тұр екен. |
Ал бұл талдаудан кейін қазақ тілінің өз табиғи сөзжасамы жолымен түбір сөзге тікелей
-лық, -лік, -тық, -тік, -дық, -дік жұрнақтарының сәйкесін жалғасақ, сөздің дұрысы:
италиандық емес,
италиялықамерикандық емес,
америкалықафрикандық емес,
африкалық азиат емес,
азиялық, (тиісінше)
азиаттар емес,
азиялықтар екеніне көз жеткіземіз.
Біз көрсетіп отырған топтамалардың 1 және 3-іншісін өз атымен грамматикалық қателер деуіміз керек. 2-топтаманы узустар деп қарастырсақ, Р. Сыздық: «Тегінде, норма мен узусты айырып таныған жөн, ...узустың бір айырым белгісі – оның тілдік жүйеге қайшы келетіндігі деп танимыз» деп көрсеткен болатын «Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы)» деген еңбегінде (Алматы: «Ел-шежіре», 2014). Демек, 2-топтаманы да «узус қой» деп, қабылдап ала беруге болмайды, тілдік жүйені бұзады. Сонымен, қарастырылған 3 топтаманы да қайта қалпына келтіріп, «темір жолға» түсіру қажет-ақ.
Бірақ бұл ауытқулардың қай-қайсысын да тілдің өз болмыс-бітіміне сай нұсқасына қайтару оңай тимейді. Арнайы бір әзірленген стратегия іске қосылмаса, өздігінен тұрып тек қана кері кету, яғни одан бетер ушыға түсу үдерісі орын алатыны белгілі. Себебі үлкен тілдердің әсері күнделікті сағат сайын, сәт сайын келіп жатады, оған тосқауыл жоқ. Осылайша, тілдің әдеби нормасы белгілі бір уақыт кезеңінде реттеуші құрал ретінде әрекет ете алу қауқарынан айрыла бастайды. Әсіресе тілдің ауызша сөйлеу формасы бой бермей кетуі мүмкін, өйткені оны әрбір сөйлеушінің аузынан қадағалау мүмкін болмайды.
Бүгін «мына сөзқолданыс қате, дұрысы мынау» деген ескертпеңді қабылдап алса да, ертеңіне бәз-баяғы қатесін қайталап айтып тұра беретін «өкілдерді» көріп отырмыз, ең өкініштісі, бұл немқұрайлық тіл мамандарының өзінде де бар. Демек, нормадан ауытқулар сол қалпында түзетілмей қала берсе, жаңа өзгелік норманы қалыптастырып, бекіте береді. Ал бұл «жаңалық» мүлдем норма атаулыдан алыс жатқан, тілдің өз табиғатын түгел жоғалтып бітуге бара жатқан бұралаң жол. Мұны жоғарыда келтірілген топтамаларымыздан айқын көріп отырмыз. Бұл, анығында, тілдердің өзін жоғалту механизмі. Бұл тіпті ұзақ жылдарды, ғасырларды қажет етпейді екен, тез арада үдей түсетін үдеріс екен. Осыдан 10-12 жыл бұрын ғана
«Мен ойлаймын» деп сөйлейтін қазақ болмады. Қазір
«Мен ойлаймын» деп сөйлемейтін қазақтың саны кеміп келеді. Өзгерістер осылай көз алдымызда өтіп жатыр. Мектеп, театр, теле-радио атаулы жоғарыдағы қателерді қайталап, ертелі кеш екпіндеп тұрса, бұл айтылғанға варваризмдерді (өзге тілдің сөздерін араластырып сөйлеуді) қосыңыз, шала жансар аударманы қосыңыз, өз бетімен бара жатқан әлеуметтік желіні қосыңыз,
BilimLand, Digital Urpaq, Нappy Birthday to you, Aigerim-ді қосыңыз... Не болмақ? «Рухани жаңғыру» әліпбиді ғана емес, әдеби норманы да қайта қалпына келтіре алар ма екен?
Нұрсәуле Мақсұтқызы РСАЛИЕВА,
Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі,
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
Басып шығару