Қазақ тілінің тарихына көз салсақ, қилы тағдырды бастан кешкенін, зұлматтарды өткергенін, өміршеңдігін, байлығын көреміз. Бұл – қазақ тілінің құндылық дәргейіндегі қасиеті. «Ұра берсең құдай да өледі» деген халық мәтелі бар, бірақ қазақ тілінің төбесінен ғасырға жуық уақыт шоқпар кетпесе-дағы өміршеңдігі, қадір-қасиеті жоғалмады. Жара қалды, жазылар. Біз қазір ана тіліміздің қандықол диктаторлардың соққысынан, құйтырқы саясатынан қалған жараны «емдеу» шарасын жүргізуді бастадық. Ол – Елбасының латын қарпіне көшу бастамасы. Латын қарпі қазақ тіліне таңсық соқпақ емес-тін. Демек, осы қадам арқылы біз тілдік ерекшеліктерге, бірегей құндылықтарға жасалған қастандық пен зұлымдықтан қалған ескі жарадан біржола «айығамыз».
VI-X ғасырлар аралығында қазақ жерінде түркілік руна жазуы пайдаланылыпты. Бері тартып қарасаңыз, тоғыз жүз жылға жуық уақыт бойы араб қарпі тілге қызмет етіпті. Кейін латын қарпіне екшелген төте жазу төрге шықты. Тек өткен ғасырдың 40-жылдары ғана біз қазіргі қолданыстағы кириллицаны қабылдаппыз. Қилы тағдыр, сан түрлі соқпақ.
Қазақ тілінің осындай өзгерістерде де қасиетін жоғалтпауы, байлығының кемімеуі қасиеттен. Ол қасиет – бабалар даналығы дүниеге келтірген фольклорлық әдебиет. Қағазға қатталған дүниеге секемшіл көңіл сенбеген де болар, бәлки?! Бүгінгі жағдайда қаріп ауыстыруға аса тыңғылықтыкірісіп, мұқият әрекет етпесек болмайды. Дәуір жылжып, заман ауысқан сайын ауыз әдебиетінің орыны тарихтан табылып, жазуға машықтанғандық. Жазуда (тарих, әдебиет, ғылым, мұрағат) еліміздің ғасырдан астам уақыт ішіндегі мол мұрасы жатыр. Ғасыр тезінде тасқа басылса да ол еңбектер қазақтың арғы-бергі тарихын әспеттейді, баяндайды.
Қазақстанда жаңа бастамаларды сынға алып, қос қолын көтеріп қарсы шығатындар аз емес. Мүмкін бастамашыл топтан да шикілік бар шығар. Дегенмен, латын қарпіне көшу мәселесі – Тәуелсіздік жылдарында азаматтардың көңіліндегі негізгі сауалдың біріне айналған бастама. Бұл жобаны, тарихи бетбұрысты баспасөз бетінде, сұхбаттарда сұраған, ой тастаған азаматтар өте көп. Жобаны піскен уағы енді келді, шамасы. Енді ұлттық, мемлекеттік дәрежедегі ұлы бетбұрысты шашау шығармай, пенделіксіз игерсек, жүзеге асырсақ, қай-қайсысымыздың да келер ұрпақ алдында бетіміз ашық, дидарымыз жарық болар.
Латынға көшуге түрткі болған дүние көп: соның бірі – технологиялық инновациялардың әлемде алдыңғы қатарға шығуы. Үшінші индустриялық революцияның жаңалықтарына енді қол жеткізіп жатқан дамушы мемлекет Төртінші индустриялық революцияның көшіне еруді мақсат тұтты. «Қуғыншылық халден» ертерек шығып, «дамыған» деген статусты алу да – біздік мақсат. Әлемдік экономикаға, өндіріске, халықаралық қатынастарға ықпалды мемлекеттің дамушылықтан деңгей асыра алмай жүргені ұят екені бесенеден белгілі. Ел тізгінін ұстап, халықтың өзіне артқан жауапкершілігі мен үмітінің үдесінен шығуға мүдделі басқарушы топ та мұны бізден бірнеше есе терең түсінері сөзсіз.
Технологиялық мүмкіндіктерді пайдалануда кириллица қарпі тұсау болады. Бұл туралы ақпараттық технология мамандары айтып жүр. Әсіресе, бағдарламалау, жаңа дүниелерді жазу (код), қазақ тілінің төл дыбыстарын пайдалану мәселелері титықтатып-ақ келеді.
«Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды», - деп пікір білдіріпті филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.
Расында, біз латын қарпіне көшкен мемлекеттердің тәжірибесімен толық таныстық. Латын қарпі жаңа технологиялармен ассоциацияланады. Латын қарпіне көшу әлемдік ақпарат кеңістігіне кіруге мүмкіндік береді. Бес жыл бұрын Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында латын қарпіне көшу мәселесін 2025 жылы толық аяқтауға бұйрық берген. Десек те, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жоспарды жүзеге асыру мерзімін ұзарту қажеттігін алға тартып отыр. Осы қадамдар – латын қарпіне көшуге мемлекеттің аса үлкен жауапкершілікпен қарайтындығының белгісі.
Латын қарпі әлемнің жүзден астам мемлекеттерінде қолданыста. Түркия 1929 жылдан бастап, Әзірбайжан 1992 жылдан бастап, Өзбекстан мен Түрікменстан 1993 жылдан бастап латын қарпіне көшті. Қазақстан тарихында латын қарпі 1929 жыл мен 1940 жылдар аралығында қолданыста болды. Айта кетерлігі, латын қарпіне өзіндік реформа жасап, төл дыбыстарына қарай екшеген Өзбекстанда әлі күнге дейін қосқаріпті ғаріп жағдай бар екені жасырын емес. Біз де осы мәселелерге жауаптылықпен қарап, ұлы өзгерісті өз деңгейінде жүзеге асыруымыз қажет.
Кириллица бізге атадан қалған мұра емес. Кириллица славян халықтарының ішінде тарап, кейін Ресей империясы Орта Азия елдерін жаулап алып, барша халықтың ортақ қарпіне айналды. Содан бері араб, латын қаріптеріндегі тілдердің барлығы кириллицаға өткен. Сол уақыттағы идеологияның жетегімен діннен алыстау (астарында ұлтты ұмыту) мақсатында кириллица қарпі күшпен ішкеріленді. Қазір кириллицаны Ресей, Қазақстан, Беларусь, қырғызстан, Тәжікстан, Украина, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Болгария, Македония, Сербия, Черногория, Моңғолия сияқты мемлекеттер ресми түрде қолданып келеді.
Қазір Сербия мен Черногория сияқты мемлекеттерде кириллицамен қатар латын қарпі қолданылады. Ал кириллицаны ішкерілендіргісі келетін мемлекеттер, тілдер жоқтың қасы бүгінде.
Біріккен Ұлттар ұйымының алты бірдей ресми тілінің негізгі үшеуі (ағылшын, француз, испан) латын қарпінде. Ал экономикалық ұйымдардың арасындағы ең ірісі саналатын – Бүкіләлемдік сауда ұйымының үш ресми тілі де (ағылшын, француз, испан) латын қарпін қолданады.
Латын қарпі адамзат қоныстанған барлық құрлықта кең тарап келеді. қазір Еуропа елдерінің жоғарыда аталған шығысеуропалық елдерін қоспағанда түгелге жуығы латын қарпін қолданады. Сонымен қатар, біз қолданғалы отырған қаріпті Солтүстік және Оңтүстік Америка, Аустралия, экономикалық күш жинап, қарқынды дамып келе жатқан оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері (Малайзия, Сингапур, Индонезия) пайдаланады. Тіпті, Біріккен Араб Әмірлігі, Пәкістан, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты өзіндік қаріп дағдысы бар мемлекеттерде де латынға жақындау байқалады. Қытай Халық Республикасында қытай иеорглифтерінің латындық транскрипцияларын жасау мәселесінің бірнеше жүйелері тыңғылықты жұмыс істей бастады.
Бүкіләлемдік Банк жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші бойынша ең озық отыз мемлекеттің 22-сі латын қарпінде жазатынын, оның ішінде алғашқы ондықтың 7 мемлекеті осы қаріпті қолданатынын алға тартады. Ал дамушы мемлекеттердің басым бөлігінде латын қарпіне көшу мен ағылшын тілін меңгеру бастамасы жыл сайын өзінің ауқымын кеңейтіп келеді.
Ағылшын тілі (ішінара латын қарпі) бизнестің, саясаттың, халықаралық қатынастардың, туризмнің, ғылым мен мәдениеттің тіліне айналды. Жаһандық даму түрлі субмәдениеттердің, мәдениетаралық қарым-қатынастардың дүниеге келтірді. Осы мәдениетаралық, ақпараттық кеңістіктегі еркін мемлекет болу үшін әлемдік деңгейдегі бастамаларға уақытыл қосылып, даму көшінен кейіндемеуге күш салу керек.
Түркітілдес мемлекеттер шеңберіне көз салсақ, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Өзбекстанның латын қарпін ресми түрде пайдаланып келе жатқанын көреміз. Түркі әлемінеғ латын қарпінің ішкерілендірілгеніне ғасырға жуық уақыт болып қалды. Бұл – жетістіктің, дамудың айқын көрінісі.
Әзірбайжанның латын қарпіне көшу процесі 1992 жылы басталып, 2001 жылдың 1-тамызында толық аяқталды. Тоғыз жылға созылған үдерісті сәтті болды деп бағалауға әбден болады. Ел президенті Гейдар Алиевтің «Әзірбайжан тілін терең ішкерілендіру туралы» бұйрығымен жүзеге асқан реформа пьюрификацияның кепілі болып, тілдің әрі қарай қарқынды дамуына мұрындық болды.
Оқу құралдары мен жоғары оқу орындарында пайдаланылатын әдебиеттерді латын қарпіне көшіру мәселесі өз шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің классикалық мұрасын, шежірелерді, тарих құндылықтарын цифрландыру мәселесі де осы реформаны жүзеге асыру барысында шешілуі тиіс. Латын қарпіне көшіру процесі барысында мұрағаттардағы, кітапханалардағы ел тарихының алтын қорын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі критерийлерін басты назарға ала отырып, электронды нұсқаға ауыстыру – кезек күттірмейтін мәселе.
Бүгінде төл дыбыстарды латын қарпіне көшіру турасында бірқатар мәселелер орын алуда. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл комитеті мен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» орталығы» осы дау төңірегінде елдегі ғалымдармен, зерттеушілермен, кәсіби тіл мамандарымен кездесулер өткізіп, аймақтарда талқылау отырыстарын өткізуде.
Тіл – халықтың мұрасы. Қазақ тіліне реформа жасау барысында әлеуметтік қауыммен кері байланыстың өз дәрежесінде болуы өте маңызды. Фонетикалық заңдылықтар турасында, әсіресе, диаретикалық белгілердің (диграфтар мен триграфтардың) орынына (ұсынылған жобалардағы апострафтар) классикалық латын әліпбиіндегі 36 белгіні пайдалану көпшілік тарапынан қолдау табуда.
Қалай десек те, латын қарпі жас мемлекеттің қоғамдағы кейбір мәселелерін шешуге әрекет етуі тиіс. Әлбетте, латын қарпін ішкерілендіру арқылы елдің экономикалық, әлеуметтік әлеуеті артып, азаматтық қоғамның нағыз үлгісі орнай қалмайды, білім сапасы қазіргі деңгейінен шығандап кетпейді.
Латын қарпі – Қазақстанның өркениет жолында эволюциялық даму стратегиясындағы негізігі ірі жобалардың бірі, нақты қадам. Біз таңдау жасадық! Мүдде жолында бірлік пен еңбек қажет екені әмәнда кәлләмізда болғаны бек абзал!