ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылғы 5-маусым күні termincom.kz сайтының youtube каналында «Терминологиялық сөздіктер жасаудың отандық және халықаралық тәжірибесі» тақырыбында онлайн-конференция өткізді. Қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысын нығайтуда сапалы терминологиялық сөздіктердің алатын орны ерекше.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының: «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі сөздерді алғыштап, ана тілімен жат тілдің сөздерін алмастыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерінің, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің тіліміз таза болады»,– деген пікірі әлі күнге күн тәртібінен түскен емес.
Онлайн-конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәбира Исақова терминологиялық сөздік жасаудың отандық және халықаралық тәжірибесіне тоқталды.
Шерубай Құрманбайұлы сөзжасамдағы бірізділікке баса назар аударды, егер оқу орындарында бір сөздің баламасы бірнеше нұсқада оқытыла беретін болса, бұларда білім алған түлектер ертең өндіріске келген кезде өзара түсінісе алмайтынын айтты.
Мұндай қордаланған мәселелер терминологиялық сөздіктер маңайында жеткілікті.
Сол себепті терминологиялық сөздіктер жасауға, оларды жасаудың əдістемесін жетілдіруге аса мəн берген жөн.
Аталған шара терминологиялық сөздіктер жасаудың отандық және халықаралық тәжірибесін талдауға, соның негізінде терминология сөздік жасаудың негізгі талаптарын анықтауға бағытталды.
Басып шығару