Mazir
16 июл 15:42korilim:1 126 Madeniet

Қазақ баспасөзінің тілдік эволюциясы


Замана көшкен сайын алыстан көк сағымдай мұнартқан жаңа дәуір жақындай береді. Ғасыр аунаған сайын тілдің, мәдениеттің, адамзат тіршілігінің бейнесі ауысып, эволюциялық жолмен сатылап дамиды немесе құлдырайды. Өткен ғасырдың бас шенінде қазақ жерінде алғаш тарала бастаған ақпарат құралдарындағы қолданбалы сөздердің бүгінде архаизмге айналуы және ғылым тіліне «томпақ келеді» деп есептелуіне өзге мәдениеттердің, азаматтардың мәдениетаралық қарым-қатынастардың, астыртын саяси идеялардың да ықпалы болуы ықтимал. 

Қазақ баспасөзінің сағасындағы тұма бұлақтың суындай мөлдір әрі сыңғыры құлаққа майдай жағатын сөз саптау дәстүрі, ақпарат берудегі бірегей үрдісі сатылы жолмен құлдырап келіп, стандартты қалыпқа түсті. Байқасақ, қазақ баспасөзінде қызмет етіп жүрген журналистердің көпшілігі осы стандартқа сыйғысы келмейді, санасындағы құйылып тұрған оралымды тіркестерді, керемет бейнелі сөздерді ысырып тастауға қимайды. Демек, қазақ тілінде жазылатын қазақ баспасөзіне «стандарт» деген тыйымды пайдалануды тоқтату керек. Тарқаталық. 

Біз елімізде жарық көріп тұрған мерзімді басылымдарды қоғамдық-саяси позициясынан, ұстанымынан тысқары қарастырып отырмыз. Маңыздысы – түрлі бағыттағы газет-журналдардың, интернет-басылымдардың өз аудиториясына негізгі ойды, идеяны жеткізе алуы. Осы жолда тілдің құдіреті мен аудиторияның бойында қанмен берілген ұлттық тетікті өзінің «кілтімен» аша алуы маңызды. 

Қазақ тілінің және әдебиетінің, публицистикасының әуезді, оралымды болуының – тілдік дамудың фольклорлық дәстүрде дамуы. Көлем мен форманы ойламаған арда халықтың жады мен логикалық ойлау қабілеті өзгелерден ерекшеленіп тұрды. Ал тыңдаушы үшін қасаң әрі ауызға бір уыс балшық салып жібергендей болып оқылатын немесе тыңдалатын дүние қажетсіз. Оларға бейнелі сөз, әдемі тіркес, астарлы қалжың мен мазмұнды ой керек. Бұл қажеттілік ұлттық кодымызда жазылған дүниелер. Демек, әлі күнге дейін қаны таза қазақтың бойында тұр, тек оятуды, түртуді, күшейтуді талап етеді. 

«Ұшқын», «Қазақ» сияқты ұлт тарихындағы ұлы басылымдардың бетінде алыптардың жазбасы жарық көрген. Біз осы мақалаға бас қоймас бұрын ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз мұрағатындағы төте жазумен жарық көрген өткен ғасырдың басындағы газеттерге көз салдық. Төте жазудан бүгінгі жазуға тәржімаласақ, ұлылардың қалам сүйкесіне таңдай қақпасқа болмайды. Оқығанда тіліміз бен санамыз тақымына жорға басқан шабандоздай жорғалай жөнелді. Жатық әрі тартымды. Жай мақаланың өзінде негізгі оқиғаның желісі бұзылмай, соны дүниелерді дәл беріп отыратыны жанға рахат сыйлайды. 

«Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына шейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Офатына он, жиырма бес, елу жыл, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, мәтбуғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді», - деп басталатын Міржақып Дулатұлының «Абай» атты мақаласында «офат», «шейін», «мәтбуғат» деген бүгінгі қазақтың құлағына оқыс тиетін сөздер бар. («Қазақ» газеті. 1914 жыл, 23 июнь, №67)

Абайдың бұ фәниден өткеніне он жыл толған мезгілде жазылған бұл жазбада ұлт зиялысы – Міржақып Дулатұлының мақаласында сөйлем құру мен ақпарат беру ерекшеліктері бүгінгі баспасөздегі стильден өзгерек. Міржақып Дулатұлының жазбасындағы негізгі ой жай сөйлемдермен тізбектеліп, «зат есім – зат есім» формасы көп қолданылады. 

Алаш арысының жазбасында қазір «дамыған ел» деп айтып жүрген сөздің баламасын «оразды жұрт» деп ұсынады. Бұл тіркесті ашық дереккөздерді шолып отырып, Жетісу жерінде 1899 жылы «Мамания» мектеп-медресесін ашқан Маман қажының тәмсілінен де аңғардық. Ол қажылық міндетін өтеп жүріп, араб елдері мен жол-жөнекей мемлекеттерді басып өткенде «менің қазағымда осындай оразды жұрт болар ма еді!» деп тамсаныпты деседі. «Ораз» сөзінің түп мағынасы «байлық, ауқат, дәулет» деген ұғымдармен астасын жатыр екен. Соған қарағанда оразды жұртты көксеген дәуірінің дүрлері елінің қараңғылықтан, кедейліктен құтылуын арман етсе керек?!

Өзіміз бөліп қарастырған Міржақып мақаласындағы «офат» сөзіндегі дыбыс ерекшелігі өзгеріп, бүгінде «опат» болып қолданылады. Ал «шейінді» орфоэпиялық дыбысталу деп қарастырып, орфографиялық заңдылықты сақтау үшін «дейін» деп жазып жүрміз. «Мәтбуғат» сөзі өткен ғасырдың басында жарық көрген барлық газеттерде кеңінен қолданылған. Мағынасы «көпшілік, қауым, әлеумет» дегенге саяды. Ал қазір бұл сөздер тек көркем әдебиеттерде, тарихи-деректі кітаптарда ғана кездеседі. 

Біз мысал етіп отырған авторлар мен, мақалалардың тілдік ерекшелігіне сол уақыттағы қазақ қоғамының араб мәдениетіне бір табан жақындығынан. Тек араб емес парсы, иран тілдерінен еніп, ыңғайланып, икемделіп алынған сөздер. Қазіргі қазақ пен байырғы қазақ ғайыптан кездесе қалса, дидар-ғайып әңгіменің сықылы қазақ пен қырғыздың немесе қазақ пен қарақалпақтың диалогіне ұқсап кетеді-ау, шамасы...

«Жалпақ жұртқа ығлан болды», «Мүкәммал тағдыры», «Мағлұм қылған» деген сияқты архаизмге айналған сөздер мен тіркестерді көптеп келтіре беруге болады. Дегенмен, мақсатымыз сөз термек емес, қазіргі баспасөздегі қысыр мәтінді идіру. 

Қазақ баспасөзіндегі сіңірлі басылымдар («Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Айқын) бүгінде өз бабында. Оның себебін алыстан іздеп, ат арылтудың қажеті шамалы. Көсіле жазып, оқырман қауымның қатаң талабында қанаты жетілген азаматтардың, кәнігі журналистердің мақалалары босағадағы бас қазық іспетті функция атқарып отыр. Солайы солай-ау, бірақ дәуірдің де алмасар уақыты жақын ғой. Қары әлсізді шыбын шаққан құрлы көрмейтін қазақ баспасөзі ауызынан уыз кеппеген, қарақанаттанып үлгермеген жас буынға бас жібін ұстата қояр ма екен?! 

***
Дүние дидарындағы кез келген ұлттың тілі – оның жаны, рухы, айрықша фигурасы. Ана тілінде ұлттың тарихы, әдебиеті, мәдениеті жатыр. Біз атаған салаларды дамытуды жалпылай топтастырып, тілді дамыту арқылы жетістікке жетуге болады. Көркем сөйлеу, шешен сөйлеу, әуезді сөйлеу – міндет һәм тілге құрмет!

Осы орайда тіл білімінің жетілуіне үлес қосып, «Педагогика» сынды еңбекті дүниеге әкелген ұлт қайраткері, ғұлама ақын Мағжанның келесі шумақтарын тарқатқанды жөн санап отырмыз: 

Болғанда кешке жақын апақ-сапақ, 
Алдымнан шықтың, сәулем, аппақ шапақ. 
Кигені қара кәмшәт оқаланған
Басында бір шоқ үкі бұлғалақтап. 

Осы шумақтағы «оқаланған» деген сөзді бүгінде күнделікті қолданыстан шығып қалды десек әбден жарасады. Қазақта «оқа» деген сөздің бар екенін білмейтін көпшілік, мағынаны «әшекейленген» деп қолдана салады. «Оқа» сөзінің «зер» деген де синонимі бар. «Зерлі шапан» деген тіркеспен жиі пайдаланылған. 

Қош! Абайдың, Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың, Мәшһүр Жүсіптің, Сәкеннің сөздеріне назар салсақ, бүгінгі тілдің шеңбері шектеліп қалғанын шыққыр көзің көріп тұрады. 

Тілді дамыту, тілді сақтау – арнайы мекемелердің емес, халықтың, қоғамның міндеті, парызы. «Шайнап бергеннің» жүрек жалғағанымен ас болмайтыны сияқты көп бірікпесе тілден де шырай кете бермек. Ал халықты тәрбиелейтін бірден-бір құрал – ана тілімізде жарық көретін басылымдар, ақпарат құралдары. 

Қазір ақпарат беру ісінде көркем жазу мен публицистиканың ара жігін ажыратпақ болған базбіреулер дұрыс жазудан да береке қашырып жүр. Шұбыртпа, әспеттеме деумен тілдік стильдің өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуға әрекет етіп жүр. Біз жау деуден аулақпыз, бірақ бұл – барып тұрған сауатсыздық немесе еліктеудің асқынған түрі. Рас, біздің ақпарат алатын дереккөзімізге айналған Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында осындай жаңашыл тенденция қалыптасқан. Дегенмен, орыстың тілі осындай бағыттарда шашасына шаң жұқтырмайды, себебі, халқының сөйлеу мәдениетінде кірме сөздер, тілдік қателер жоқ. Салыстырмалы түрде біздің ана тіліміз мұндай жеңілдетуді көтере алмайтынын айтқымыз келеді. 

Орфографиялық һәм орфоэпиялық сауаттылықтың мәселелері, тіл байлығын, сөздік қорды дамытудың мәселелері өз алдына бөлек тақырып. Жоғарыда біз қозғап өткен сөздердің, осы типтес тіркестердің бір ғасырдың тезінде тарих қойнауына еніп кетуі – өкініш әрі қорқыныш. «Алаң жұрттың» «алақайы» басқа бағытқа бұрылып кетті-дағы баппен сөйлеп байыпты ой айтатын ағайынның сөзге, әңгімеге мұршасы болмай қалды. Нарықтық дәуір осындай қамыт кигізді бізге. Демек, барлық талап, сын автоматты түрде баспасөз құралдарына ауады. Осы сынақты қазақ баспасөзі көтерудей-ақ көтеріп келе жатыр. Оның себебін де айттық. 

Қазақ баспасөзін қайта жасақтау, тұтынушының талабын арттыру – бір мезеттік әрекет емес. Білеміз, іштей ұғынысамыз. Журналистика институттарын да өзгеше бағытқа бұра салу оңай емес. Қазір біздегі көшірме білім беру бағдарламалары журналистиканы болсын, ғылымды болсын жаңашылдыққа, заманауи технологияға, шетелдік тәжірибелерге сүйреуден шаршамай тұр. Қазақта «ішкерілендіру» деген сөз бар. Осы сөздің мағынасына үңілсек, өзге жұрттың тұшымды тірлігін өз тіршілігімізге икемдеп пайдалану дегенге саяды. Ішкерілендірілмеген, яғни, қорытылмаған түйнекті бүтіндей жұта берсек, бір күні бір жерден тесіп шығуы ықтимал...

***
 «Архаизм» терминінің түп мағынасын білеміз, десек те, біз мысал етіп отырған сөздерді түбегейлі қазақ тілінен жоғалды деу қиын. Көненің көзі болып, жас буынның бой түзер бәйтерегіне айналған ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар сөздік алуандылықты өте үлкен ауқымда пайдаланады. Тақырыбымыз бен жобаның мақсаты баспасөз мәселесі болғандықтан, осы терминді шартты түрде пайдаланғанымызды ескерте кетелік. 

Қалай десек те, бұл үдерістің орын алуына отаршылдық себепкер. Тіл мен мәдениетке, ұлттық идеологияға қарсы астыртын күрестер өзінің межелі тұсына жете алмаса да, белгілі бір деңгейде кесірін тигізіп бақты. Сол кесірдің бір ұшы әлі күнге жалғасып келе жатыр. 
Жас буынның санасы азат, тілі еркін болмақ үшін қазір мемлекеттік дәрежеде жүзеге асырылып жатқан мерейтойларды, ірі шараларды осы бағытта да пайдалануымыз керек. Тілі сауатты деген орыс халқында да жазарман үшін арнайы жасақталған бірегей тілдік қағидалар жинақтары, сөздің орфографиялық нұсқалары бар. Бізге де керегі – осы. 

Тілдік тазалықты қалыптастыру үшін арнайы институттың қажеті шамалы. Құру керек-ақ. Негізгі түп-тамырын, жобалық концепциясын ел көлемінде өткен ғасырдың басында шыққан газеттерден алуымыз керек. 

Тіл мәселесі төңірегінде шешуі шиеленіскен дүние көп. Бірақ «қазақтың тілі құрыды», «тіл құрдымға кетті» деген сықылды құрғақ аттаннан табар пайдамыз жоқ. Тілдік мәселелерді ғылыми көзқарас биігінен қарайтын уақыт жетті. Бұл ретте де өз соқпағымен жүріп жатқан атқарушы органдардың жұмысын жоққа шығара алмаймыз. Талап болса, таланттың тауы шағыла қоймас. Есесіне, мемлекет көлеміндегі түрлі деңгейдегі баспасөзді эволюциялық жолмен сұрыптап алмақпыз. Шама-шарқымызша ұлттық мүдде үшін еңбек етуге әрдайым даярмыз!

Әділет МӘДЕНИЕТ
Басып шығару
Пікір қосу
Janalyqtar toptamasy
"Қорғансыздың күні"11:42«Кітап-Amanat» орталығы ашылды10:55«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.10:45АТЫРАУДА «КІТАП-AMANAT» МӘДЕНИ-АҒАРТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ10:21«КІТАП-AMANAT» партиялық жоба аясында кітап орталығы ашылды10:14ШҚО-да алғаш рет бірегей кітап орталығы ашылды09:57«Кітап-Аманат» жобасы Шымкентте жалғасты09:52"Мемлекеттік тіл және БАҚ - 2023" байқауының жеңімпаздары анықталды11:55БОЛАТ НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ11:19«ҚАЗАҚША МӘЗІР» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ ӨТТІ11:52Көк Туға – Құрмет!15:37«Кітап-Аманат» дүкенінде белгілі ақын, Алмас Ахметбекұлы кітаптарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.13:19Халықаралық семинар16:39Кеше, Жамбыл атындағы кітапханада белгілі қаламгер, күйші Таласбек Әсемқұловтың 8 томдық жинағының кезекті 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.20:35қателік10:23"Бір тойым..."10:17Абзал Құспан тик ток паракшасынан алынды16:31ТІЛДЕР МЕРЕКЕСІНІҢ МЕРЕЙІ АСҚАҚ19:24ҚҰДІЕТТІ ОТ МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫ «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» АКЦИЯСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ18:44«Анасының артынан баласы мен қыздары секіре берген»: Сырдария өзеніндегі қайғылы оқиға туралы куәгерлер айтып берді09:10Қырғызстанда 2027 жылдан бастап пластик пакетке тыйым салынады12:41«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел...»12:311 440 000 ТЕҢГЕ16:48«Азия Дауысы» арма екен?!16:38ТОҒЖАНОВ деген КІМ?15:45Нағыз қазақ – Домбыра!22:30Биыл «Динамо» спорт қоғамына 100 жыл17:36Жаңажол кен орнындағы өрт 14 сағатта сөндірілді10:06Проблемалық несиесі бар адамдарға жаңа кредит берілмейді11:13Ірі мұнай-газ компаниясы арзан бағада жекеменшікке сатылып кеткен11:15