Ербол Ердембекұлы, Ш.Шаяхметов «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры:
Латын әліпбиі – бізді әлемдік кеңістікке шығарады
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастырумен, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Алматыда баспагерлер мен БАҚ өкілдеріне арналған «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбында семинар-кеңес өткізді.
Басқосуды Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Ердембекұлы ашып, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына бірнеше дәйектер келтіре отырып тоқталды.
Бұдан кейін Ербол Ердембекұлы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының латын әліпбиіне көшуде 2018 жылдан бері атқарып келе жатқан жұмыстарына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы бала бақшалар тәрбиешілерінен бастап, мектептер мен колледждер мұғалімдері және ЖОО оқытушылары арасында осындай семинар кеңестер өткізілген. А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты ғалымдары әзірлеген латын әліпбиінің үлгісін тілші-ғалымдармен сан мәрте талқылап, 2018 жылдың 6-желтоқсанында Үкіметтегі Ұлттық комиссияда ол мақұлданған. Бүгінде 3-4 әріпке байланысты мәселелер пысықталуда екен. Сондай-ақ, тіл ғылымының түрлі салалары да латын әліпбиіне көшкенде кездесетін өзгерістер бойынша жұмыс атқаруда екенін айтты.
«Жаңа әліпбиді меңгерудегі IT жобалар»
Семинарда «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы «Жаңа әліпбиді меңгерудегі IT жобалар» деген тақырыпта баяндама жасап, латын графикасына көшудегі интернетпен компьютерлік бағдарламалардың мол мүмкіншілігіне тоқталды. Оның айтуынша, осы бір жыл ішінде орталықтың IT мамандары көптеген бағдарламалар жасаған. Соның бірі – QAZLATYN.KZ - порталындағы арнаулы бағдарлама 50 беттік криллицадағы мәтінді 1 секундта латын әрпіне көшіре алады екен. Екінші бір бағдарлама терминнологиялық қорды толықтырмақ. Осы бағдарламалардың 5 мобильді қосымшаларын да жасапты. Оның 3-і ересектерге арналған ойын түрінде болса, 2-і балаларға лайықталып, мультфильм үлгісінде беріліпті. Ал, үшінші бағдарлама бойынша 5000 әріп пен тыныс белгілерінен тұратын мәтінді конвертер арқылы бір сәтте аудару қарастырылған. Ең кереметі осы бағдарламалардың мобилдік қосымшаларын жүктеп алса бүкіл жүйе интернетке тәуелсіз, онлайн түрде жұмыс істей бермек. Мөлдір Бақытқызының айтуынша, орталықтың IT мамандары мен тілші-ғалымдар бірлесіп жасаған SOZDIKQR.KZ - порталында 300 000 сөз жинақталыпты. Бұл жұмыс болашақта да жалғаса бермек. Оған еліміздің барлық азаматы атсалысуға болады.
Семинарды одан ары сабақтаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызы «Латынграфикалы жаңа әліпби негізінде сапалы қазақтілді контент қалыптастыру: мәселелер мен ұсыныстар» деген тақырыпта баяндама жасап, баспагерлерге бірнеше ұсыныс айтты. Оның алғашқысы латын әліпбиіндегі балаларға арналған кітаптарды көбейту болса, екіншісі - қорларында тұрған шығармалардың электрондық нұсқасын жасап, жас ұрпақтың рухани құндылықтармен сусындауына мүмкіндік туғызуларын өтінді. Сондай-ақ, Анар Мұратқызы «Ұлттық тіл корпусын» құру уақыт талабы екенін тілге тиек етті.
Ал, өз кезегінде А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Құралай Бимолдақызы «Жаңа емле: сөздерді босаралықпен және босаралықсыз жасаудың себептері, анықтау белгілері» деген тақырыпта баяндама жасап, латын әліпбиіне көшкендегі жазу теориясындағы күрделі мәселелерге тоқталды.
Баяндама жасаған ғалымдарға баспагерлер мен журналистер қауымы сұрақтар қойып, оған дәлелді де тұщымды жауаптар алды.
Семинарды қортындылаған Ербол Ердембекұлы латын әліпбиіне неғұрлым ертерек көшсек, соғұрлым Рессей экспанциясынан құтылып, әлемдік кеңістікке шығатынымызды, сонда еліміздегі білім мен ғылымның даму қарқыны да артатынын, оған тілші ғалымдар мен бірге баспагерлер және БАҚ өкілдері үлес қосу керектігін айтты.
Нұрболат Абайұлы, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз хатшысы.