Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің алдағы уақытта қағаз түріндегі сынақ кітапшасын пайдаланбайтынын айтты.
Министрліктің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ҚР БҒМ студент, магистрант және докторанттардың қағаз түріндегі сынақ кітапшасын пайдаланбайтыны туралы бұйрық дайындаған.
«Бұл білім беру үдерісін жеңілдетіп, бюрократияны жеңуге мүмкіндік беретін бастама. Бүгінде студенттердің, магистранттардың, докторанттардың білім алу уақытындағы тарихы туралы ақпарат қолжетімді. Транскрипт арқылы білім алушы оқу периодының кез келген уақытында өзіне тиесілі ақпаратты ала алады», - делінген мәлімдемеде.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, жаңа бастаманың 604 345 студентке, 35 690 магистрантқа, 6 363 докторантқа қатысы бар.
«Орташа есеппен бір сынақ кітапшасының құны – 380 теңге. Қазір цифрландыру дәуірінде барлық жұмыстар онлайн форматқа көшуде», - деді жауаптылар.