Алматыда 3650 әскери бөлімінде 2001 жылы туған әскери қызметші қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 22 тамызда сағат 15:15 шамасында Алматы қаласы 3650 әскери бөлімінің келісімшарт қызметінің әскери қызметшісі Сабыров Абылай Берікұлы қызметтік міндетін атқару кезінде өзіне бекітілген Макаров тапаншасынан оқ жарақатын алған. Әскери қызметші алған жарақатының салдарынан қаза болды.
Құқық қорғау органдары тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу тағайындалды.
"Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы мен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскери қызметші Абылай Сабыровтың туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.
Басып шығару