Әлемдік тәжірибеде тілді оқытуға қажетті продуктивті және рецептивті оқыту дағдылары айқындалып белгіленген. Бұл оқыту дағдылары сабақтың мақсаты мен ұсынатын мазмұнына сай лексика - грамматикалық біліммен астастырыла меңгертіледі. Тілді оқыту дағдыларын кейде сөйлеу әрекетінің түрлері деп те атап жүрміз (рецептивті оқыту дағдыларына – оқылым мен тыңдалым қарасты болса, продуктивті дағдыларға – айтылым мен жазылым жатады).
Тілдік дағдылар туралы терең түсіну үшін тілді үйрететін әдіскер маман сөйлеу әрекетінің түрлеріне қатысты мынадай сұрақтар төңірегінде ойлануына болады. Мәселен, оқылым дағдысы бойынша:
- біз күнделікті өмірде не оқимыз?
- ақпаратты не үшін оқимыз және оны қалай оқимыз?.
Осы
сауалдарды өзге дағдылар бойынша да икемдеп өзімізге қояр болсақ, тыңдалым, айтылым, жазылым дағдыларының маңыздылығы мен өзіне артар жүгінің көлемі анықтала түседі.
Күнделікті өмірде оқитынымыз – электронды хат, смс хабарлама, нұсқау (дәріні қолдану нұсқаулығы, тағам өнімдерінің қорабының сыртындағы нұсқау), ғимарат жобасы, келісімшарт, қолхат т.б. Бұл аталғандарды біз әрқалай оқитынымыз ақиқат. Бірін жалпы мазмұнды түсіну үшін жай шолып оқысақ (skimming), енді біріннен нақты ақпаратты тауып оқу мақсат етіледі (scanning). Мысалы, келісімшартты үстірт оқи алмайсыз. Әр деталіне мән беріп, оны асықпай түсініп оқимыз (детальді оқу).
Оқылымға арналған сабақ құрылымы төмендегідей болып келеді. Кез - келген оқылым сабағы негізгі үш басқыштан тұрады. Олар: оқылым алдындағы тапсырма, оқылым тапсырмасы, оқылымнан кейінгі тапсырма. Оқылым алдындағы тапсырмаға мәтіннің тақырыбын ашуға көмектесетін жаттығуларды атауға болады. Мәселен, мәтінде кездесетін сөздердің мағынасын алдын ала түсіндіріп қиындықтың алдын алу, мәтіннің мазмұнын түсінуге жетелейтін қосалқы суреттерді талдау, мәтіннің мазмұнын кілт сөздерге немесе тақырыпатқа қарап болжау, мәтінде кездесетін қандай да бір лексика - грамматикалық құрылымдарды түсіндіру жатады. Осындай маңызды басқыштан өткеннен кейін оқушыларға кезекті оқылым тапсырмасы ұсынылады. Бұл кезеңде нақты ақпаратты табу, автордың көздеген мақсаты мен интенциясын түсіну, оқушының мәтін мазмұнын қаншалықты игергенін бағамдау, онда көтерілген мәселені түсініп және оған қатысты өз пікірін білдіру, астарлы мағынаны түсіну т.б. жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Оқылым тапсырмасын тез және оңай орындау үшін тіл үйренушінің түрлі оқылым стратегияларын пайдалана білуі шарт. Стратегияларды қолдануға үйрететін әлбетте мұғалім болмақ (мәселен, жалпы мағынаны түсіну үшін тіл үйренушілер мәтінді төменнен жоғары не жоғарыдан төмен не диагональ оқу стратегияларын сабақ барысында қолдануға төселеді ).
Оқитын мазмұнның (роман, шағын әңгіме, өлең болуына орай) көлеміне байланысты оқылымды интенсивті оқылым және экстенсивті оқылым деп те ажыратамыз. Сонымен қатар, мәтіндегі сөйлемдердің грамматикалық құрылымын, тірек сөздерін талқылау мақсатында мәтінді оқу да интенсивті оқылымға жатады. Мұнда мәтіннің толық мазмұнын игеруден гөрі, оның тілдік және құрылымдық ерекшелігін талқылау, түсіну басты міндетке айналады.
Оқылым сабақтарында оқушылар түрлі оқылым стратегияларын қолданып, жыл бойында дағды қалыптастырады. Оған оқыған ақпарат бойынша тапсырмаларды орындау арқылы қол жеткізеді.
Тыңдалым да оқылым сияқты рецептивті дағдылар қатарына жатады. Тыңдалым дегеніміз тілге сай әрекет ету, тыңдаған ақпаратты түсініп қарым-қатынас орнату болмақ. Тыңдаушы қандай да бір ақпаратты тыңдап отырып тек жалпы мазмұнды түсінуге тырыспайды, тіпті тілдің ең кіші бөлшегі болып табылатын дыбыстық мағынаны да назардан тыс қалдырмайды. Осы себепті тіл үйренушінің тыңдалым дағдысын дамыту, қалыптастыру үшін ұсынылатын аудио және виделарда сөйлеушілер мен олардың отырған орнын анықтауға қолдау көрсететін дыбыстарды да қосу әдістемелік талапқа жатады. Тыңдалым мәтіндері жалаң жазылмағаны абзал (теңіздің шуылы, асханадағы ыдыс аяқтың сыбдыры, мектептегі оқушылардың дауыстары т.б.).
Тыңдалым түрлері: Әңгімелесу (диалог), әңгімелер (оқиға), хабарландыру, әндер, нұсқау, лекция және жарнама т.б. Тыңдалым дағдылары да оқылым сынды бірнеше ішкі дағдылардан тұрады.
1.Мазмұнын түсіну үшін тыңдау – жалпы мазмұнын, идеясын түсіну үшін тыңдау.
2.Нақты ақпараттарды алу үшін тыңдау - тыңдалымдағы қажетті ақпараттарды алу үшін тыңдау. Мысалы, теміржол вокзалында өзіңізге қажет уақытты немесе пойызды білу үшін сол ақпаратты ғана тыңдайсыз, басқа ақпаратты қажет қылмайсыз.
3.Детальді түрде тыңдау- әрбір сөздің мағынасын түсіну үшін әрбір сөзін зер салып тыңдау, түсіну. Мысалы, маңызды жаңалықтарды айтып жатырған кезде оны дұрыс түсіну үшін әрбір сөзін мұқият тыңдап шығасыз. Cөйлеушінің қарым - қатынасын анықтау үшін тыңдау – сөйлеушінің көңіл-күйін, не айтқысы келіп отырғанын түсіну үшін тыңдау.
Тыңдалым мазмұндық және көлемдік ерекшеліктеріне және сабақ мақсатына сай интенсивті немесе экстенсивті тыңдалым түріне жіктеледі.
Интенсивті тыңдалым – сөйлеу барысындағы сөйлемдердің грамматикалық құрылымын, белгілі бір тақырыпқа арналған сөздерді талқылау үшін тыңдау. Мұндағы мақсат – оқушылардың тілді дұрыс қолдана білудегі білімін арттыру. Мысалы, белгілі бір грамматикалық тақырыптарды өткен кезде тыңдалымды пайдалану, бірақ бұл жерде басқа дағдыларды араластырмайсыз.
Экстенсивті тыңдалым - үлкен көлемді мақала немесе шығармаларды (роман, әңгіме) тыңдау.
Тыңдалымға арналған сабақ жүйесі де үш қадамнан тұрады:
1.Тыңдалым алдындағы тапсырма: тақырыпты таныстыру; тыңдалымдағы маңызды сөздерді үйрету; тақырыпқа қатысты сұрақтар құра отырып, сол тақырыптағы оқушы білімін қозғау.
2.Тыңдалым тапсырмасы: әртүрлі тыңдалым дағдыларын қалыптастыруға арналған жаттығулар тобы; олар жалпы мазмұнын түсінуден бастап, детальді түсінуге бағытталады.
3.Тыңдалымнан кейінгі тапсырма: тыңдалымдағы тақырып туралы сұрақтардан тұрады және ол сұрақтарға өз көзқарастарын білдіре отырып, тәжірибелерімен байланыстыра отырып жауап берулері тиіс. Сонымен қатар, сұрақтар жауап беру барысында тыңдалымдағы сөздерді пайдалана алатындай құрылуы қажет (5.19-б.).
Жазылым жұмысын орындағанда оның адресатына сай сөз таңдаймыз, ресми құжат толтырып отырсақ нақты құрылымды - басталуы, негізгі бөлігі, аяқталуы, сондай - ақ, тиісті лексика - грамматикалық құрылымдарды орынды қолдануға ден қоямыз. Мәселен, тізім, құттықтау қағазы, электрондық хат, күнделік, хабарлама, әңгімелер, эссе жазуда адресант жазылымын әркелкі ұйымдастырады. Біреуінде жүйесіз жазса, енді бірінде қатаң ережеге бағынады, бірінде тыныс белгілерге сақ болу маңызды болса, келесі түрінде өзіне мұндай талап қоймайды. Қысқа қайырып айтқанда, жазылым жұмыстарының ресми және бейресми болып бөлінуіне орай жазба жұмысы орындалады.
Ескеретін жайт, белгілі бір тілді үйренушінің жазылым дағдысын қалыптастыруда негізгі мақсат ретінде
идеяны жеткізу, оның оқырманмен коммуникацияға түсе алуын қамтамасыз ету болып табылады. (Идеяны жеткізе білуге қатысты дағдылар: 1. Стильді дұрыс таңдай білу; 2. Идеяларды жүйелі ұйымдастыра білу; 3. Мәтін түрлерінің ерекшеліктерін қолдана білу және мағынасын жеткізе білуде қажетті функцияларды пайдалана білу. Оқиғаны баяндау, қандайда бір мәселе бойынша шағымдану, өтініш білдіру, біреуге алғыс айту, көлемді мәтінді қысқарту (бірнеше сөздермен негізгі идеяларға тоқталу), ойды қорытындылау – барлығы жазылым жұмысы арқылы жүзеге асады). Ал жазылым жұмысын орындауда сауаттылық талабын қою ол жанама, қосалқы мақсат болады. Бұдан сауаттылықты аяқасты қалдыру керек деген кереғар түсінік тумауы қажет. Ағылшын тілін үйретуде тіл үйренушінің пунктуациялық қателерге бой алдыруы бастапқы деңгейлерде ескерілмейді. Ондағы мақсат тіл үйренушінің мотивациясын төмендетіп алмау өз алдына, жалпы ағылшын тілінің ережелерінің өзі адамға қызмет етеді. Қазақ тілінде болса, адам ережеге бағынышты болады. Жазылым жұмысы барысында да сауаттылыққа төселу талабы үнемі қазақ тілі пәні мұғалімі тарапынан орын алып жатады. Бұл, әсіресе, бастауыш деңгейде әдістемелік қатеге саналады.
Белгілі бір жазылым тапсырмасын толық орындау үшін оқытушының жетелеуімен бірнеше қадамдар орындалады:
1. Әуелі жазғың келетін нәрсенің мақсатын анықтап алу (тақырып, идея, оқырман, стиль, жанр) қадамы орындалады.
2. Ойыңды дұрыс жеткізуді жоспарлау.
3. Шимай нұсқасын (өзгертілуі мүмкін жазылым түрі) жазып көру.
4. Түзету ( қателерді түзету және мазмұнын толықтыру).
5. Тексеріп шығу (сауаттылыққа тексеру және түзеу).
6. Дұрыс нұсқаны (екінші немес соңғы нұсқаны жазып шығу) жазу.
Айтылым дағдысы жазылым сияқты продуктивті дағдылар қатарына жатады. Яғни тілді қабылдап үйренуден гөрі оны қолдану, сөйлеу көрініс тауып отырады. Қарапайым тілмен айтқанда, айтылым дегеніміз – өзге адамдармен қарым - қатынасқа түсу барысында ойымызды жеткізу үшін тілдік бірліктерді қолдану.
Сөйлесу барысында біз мынадай әрекеттерді жиі қолданамыз:
1.Сөздерді дыбыстау. 2.Сұрақтарға жауап беру. 3.Интонацияны қолдану. 4.Бір нәрсені түсінбеген жағдайда түсіндіріп беруді өтіну, қайта сұрау. 5.Сөйлеген сөзін бақылау және өзін - өзі түзетіп отыру 6.Пікірталасқа қатысу. 7.Сөйлеу барысында қажетті стильді қолдану. 8.Дилогқа қатысу (әңгімеге араласу). 9.Адамдармен сәлемдесу. 10.Сөйлеу сөзін жоспарлау (презентация жасау барысында). 11.Жест, мимиканы қолдану. 12.Ақпаратты сұрау немесе айту. 13.Грамматикалық тұлғаларды қолдану. 14.Сөз және сөйлемде екпінді қолдану. 15. Сөйлеуші сөзін аяқтаған кезде, кезек алып сөз бастау. 16.Оқиғаларды баяндап беру. 17.Тілді сауатты қолдану. 18.Сөйлемді қайта құрастыру (перифраза), яғни бірнәрсені айтып берудің басқа жолын қарастыру. 19. Сөйлеушінің сөзін бөлу. 20.Сөйлеу барысында кідіріс жасап отыру, мимиканы қолдану (5.5-бет).
Айтылым дағдысының қалыптастырылуы тікелей практикалық жаттығуларды орындаумен байланысты болып келеді. Осы орайда практиканы жартылай бақылауға алынған және еркін деп екі түрге бөлеміз.
Бақылауға алынған практикалық жаттығу жұмысын орындауда тіл үйренушілер тілдік бірліктің тек белгілі бір түрін ғана қолдануға жаттығады. Бұл кезде оқытушы не мұғалім тіл үйренушінің қатесін тиісті дәрежеде (әдістемелік тұрғыдағы дұрыс тәртіппен) түзетіп отыра алады. Ал жартылай бақылауға алынған практикалық жаттығуда – тіл үйренушіге белгілі бір тілдік бірлікті қолданумен қатар өзге де форманы таңдау мүмкіндігі беріледі. Демек, тіл үйретуші тарапынан жаттығу жұмысының дұрыс орындалуы жартылай қадағаланады. Оқытушы ең маңызды деген ірі қателерге ғана назар аударатын болады. Еркін практикалық жаттығулар түрін орындау кезінде тіл үйренушілерге еркіндік беріледі. Олар тапсырманың жауабын беруде қандай да бір шаблонға немесе ережеге байлаулы болмайды, өз ойларын ауызша еркін өрбітетін болады.
Тіл үйренушінің еркін сөйлей білу дағдысын дамыту барысында оның қателігін бірден түзетпеген дұрыс. Солай жасаған кезде ғана тілді үйренуші өз ойын жеткізіп, коммуникацияға еш дағдарыссыз түсе алады. Есесіне, кеткен қателіктерді оқытушы өзі жазып алып (әсіресе сыныпқа ортақ), жаттығудан кейін сыныппен бірлесе отырып (қатенің иесін атамай) түзетуге болады.
Айтылымға арналған сабақ құрылымы төмендегідей: 1. Кіріспе: сабақ тақырыбын таныстыру және сол сабаққа қажетті жаңа сөздерді немесе тілдік форманы үйрету. 2. Негізгі бөлім: Жаңадан үйренген сөздерді немесе тілдік форманы жаттықтыруға арналған тапсырмалар. Бұл жаттығулар бақылауға алынған практикалық жұмыстардан бастап, жартылай бақылауға алынған практикалық жаттығуларды қамтуы мүмкін. Оның барлығы топтың деңгейі мен сабақ мазмұнына байланысты. 3. Бекіту бөлімі: тыңдаушыларға тақырып аясында еркін сөйлеуге және үйренгендерін қолдануға мүмкіндік беретін тапсырмалардан тұрады.
Қорыта айтқанда, тіл үйренушілердің қазақ тілін меңгеруі барысында рецептивті және продуктивті оқыту дағдыларының маңызы зор және оқыту процесінде алатын орны ерекше. Сөйлеу әрекетінің төрт түрін қалыптастыру мен дамытуда мынадай шешуші жайттарды назарға алу арқылы олардың басын түбегейлі қосуға болады және оқытудың нәтижелілігіне қол жеткізе аламыз. Қай оқыту дағдысы қолға алынбасын, тілді үйретуші әрқашан тіл үйренушінің қажеттілігін ескеруі тиіс. Жоғарыда санамалап айтылған әдістемелік талаптармен қоса студенттерді қызықтыратын және олардың әлеуметтік қажеттіліктерін өтейтіндей тақырыптарды сабаққа арқау етіп алу олардың білім қорының актив молаюына, тілді қолданыстық тұрғыда игеруіне бек септігін тигізеді. Аракідік тіл үйренушінің жетістігін бағамдап отыру арқылы, сөйлеу әрекетінің теңестіріле дамытылуын, бірін - бірі толықтыруын жүзеге асыра аламыз.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Marry Spratt, Alan Pulverness, Melanie Williams. The Teaching Knowledge Test Cоurse. Cambridge University Press, 2002.
- Jeremy Harmer. How to teach English. Pearson Education Limited,1998.
- Ken Hyland. Second Language Writing. Cambridge University Press.2003.
- Anne Burns. Teaching speaking: Towards a holistic approach. Taiwan, 2016 (Conference: 25th ETA-ROC Anniversary Conference: Epoch Making in English Language Teaching and Learning)
- Ақсұлу Құлмағамбетова. Тілдік төрт дағды бойынша белсенді оқыту тапсырмалары. Астана, 2014.
Нұргүл Даулеткереева,
Назарбаев зияткерлік мектебі, НЗМ ДББҰ
«Білім беру бағдарламалары
орталығыныңэксперті,филология ғылымдарының кандидаты
Басып шығару