Айтыскер ақын Айбек Қалиев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Дикий Арманға не үшін барғанын айтты.
Ақпарат көздерінде Дикий Арман қылмыс әлемінің серкесі деп айтылады. Сіз барып кемесінде домбыра тартып отырдыңыз. Оған арнау айттыңыз ба, ода айттыңыз ба? Ол жерде не болды, деп сұрады Нартай Аралбайұлы.
"Кемесінде арнау да, ода да айтқан жоқпын. Біріншіден, мен Арманға барған жоқпын. Айнұр Тұрсынбаева "Айдың нұры" деген шұжық шығарып, Балғынбек екеумізді әріптес ретінде шақырды. Арманмен сол жерде таныстық. Балғынбек екеуміз Айнұрдың тұсаукесерінде айтыстық. Айнұр да айтты, өзімнің де көзім жетті Арман айтыстың жанкүйері екен. Менің айтыстарымды түгел жатқа біледі", - деп жауап берді айтыскер ақын.
Сондай-ақ, ақын бүгінгі күннің батыры кім деген сұраққа жауап берді.
"Батырды заман тудырады. Менің ойымша, бүгінгі күннің батыры - коронавируспен алысып жүрген дәрігерлер. Қиын кезеңдерде айлап үйін көрмей аурумен арпалысты. Мен үшін дәл қазіргі сәттегі батырлар - дәрігерлер", - деді Айбек Қалиев.
Дереккөз: Nartay Aralbayuli
Басып шығару