Мәжілістің жалпы отырысында көлік алаяқтарының схемасын жою мәселесі талқыланды. Елімізде 15 жылда 40 303 көлік ұрланған. Содан 223 көлік ТМД елдерінде анықталған, алайда тек 66 көлік елге қайтарылған.
Депутат Гүлнар Бижанова ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көліктің VIN-кодын заңсыз алып, басқа көлікке қойып сататын алаяқтықпен қалай күресіп жатқанын сұрады.
"Көлік саласындағы алаяқтар арасында алты шанақ сериялық нөмірі бойынша көліктің "егізі" (двойник) деген схема кең таралған. Қылмыстық жолмен жаңа көліктің VIN-коды алынады да, тура сондай түстегі, маркасы бір ұрланған көліктерге қойылады да, сатылады. Мұндай жолмен ұрланған көліктер Еуразиялық нарықта да сатылады. Салдарынан көлік иелерінің заңды құқығы бұзылады. Олар шетелде тура өз көлігіндей автомобиль жүргенін тіпті сезбейді де. Міне, осындай қылмыстарды жою үшін Қазақстан қандай шара қолданып жатыр және мемлекетаралық механизмдер бар ма?" - деп сұрады депутат Мәжіліс отырысында.
Ішкі істер министрі алаяқтықтың схемасын түсіндіріп, қалай шешетінін айтты.
"Иә, мұндай жолмен көлік сату кең таралған. Бізде бұл мәселеге қатысты 1993 жылы қабылданған "Минск конвенциясы" бар. Сондай-ақ әлеуметтендірілген қылмыспен күресу үшін бірқатар келісім жасалған. Ол жерде құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасу керек деп нақты көрсетілген. VIN-кодты қалай алады? Басқа елден тура сондай көлік: түсі, маркасы, қозғалтқышы бірдей қылып таңдап алып, VIN-код енгізіледі. Мұндай алаяқтық схемасы ТМД елдерінде кеңінен таралған. Бізде қазір мемлекеттік органдар арасында интеграцияланған деректер базасы бар. Бірде-бір көлік Қазақстан территориясына кіргеннен кейін құқық қорғау органдарының назарына түспей қалуы мүмкін емес. Себебі кеден органы тіркегеннен кейін біз оны көреміз, егер VIN-код деректер базасында болса, көлік тіркелген болса, бірден көреміз. Яғни ол әлі елге кіру үшін кеден рәсімдерінен өтпей жатып, оған арест тағылады. Содан кейін бұл көліктің Қазақстан территориясына қалай кіргенін анықтаймыз", - деді министр.
Сондай-ақ Тұрғымбаев қазіргі таңда көлік ұрлап сатудың тағы бір алаяқтығы тіркеліп жатқанын атап өтті.
"Алаяқтар ұрланған көлікті шашып тастайды, VIN-код енгізбейді. Олар VIN-код енгізілген панельді балқытып, басқа көлікке салып қояды. Қазір біз мұндай қылмыстарды жою үшін бірқатар шара атқарылды", - деді министр.
Басып шығару