ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының коронавирус жұқтырған қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі бойынша арнайы комиссия құруға тапсырма берді.
Елжан Біртанов Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ержан Бабақұмаровпен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерімен, Алматы Денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен, денсаулық сақтау ұйымдарының кәсіподақ басшыларымен және аурухана қызметкерлерімен онлайн-жиналыс өткізгенін айтты.
«Мен әріптестеріммен жиналыс өткізуді жөн санап, кешкілік аурухана қызметкерлерімен сөйлестім. Барлық мәселелерден хабардармын. Қызметкерлер эмоцияға ерік беріп, қызмет барысында науқастардан инфекция жұқтырғанын айтып, пост жазған. Демек, олар алдын-ала бекітілген талап бойынша өтемақы алуы тиіс. Біз олардың жазбаларының әрбір сөйлеміне мұқият назар аударамыз», - деді министр.
Министр осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылып, жан-жақты талдау жүретінін жеткізді. Өтемақы алатын медицина қызметкерлерін комиссия мүшелері анықтап, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесіне жібереді. Министр карантинде жатқан қызметкерлердің табыс көзі кесіліп қалмауының маңызды екенін айтты.
«Құрметті әріптестер, дәрігерлер! Сіздер қазір карантинде ем алып жатырсыздар. Комиссия шешімі шыққанша сабыр сақтауларыңызды сұраймын. Өз денсаулықтарыңызға мұқият қарап, толық жазылғанша сақ болуға кеңес беремін. Сіздер елге керексіздер!», - деді ол.