Павлодарда карантинге жабылған медицина қызметкерлері тиесілі сыйақыны ала алмай, қауіптеніп отыр.Павлодардағы №1 қалалық ауруханасының қызметкерлері өз күдіктерін әлеуметтік желіде жариялады.
«8-сәуір күні бізге пневмония деген диагнозбен 1936 жылы туған азамат түсті. Қабылдау бөлімінде коронавирус тесті алынды. 9-сәуір күні кешке дәл сол азаматтан инфекция табылғаны туралы айтты. Ол аурухананың бірқатар қызметкерлерімен, басқа науқастармен қарым-қатынасқа түскен. Ал біз ол адамнан тест алынғанын және күдікті екенін білмедік. Кейін егер азамат күдікті болса неге оны оқшауламады деген ойлар келе бастады. Осы уақытта коронавируспен күресетін штаб қайда болды? Неге бұл штабқа ешқандай медициналық білімі жоқ кадрлар бөлімінің басшысы кіреді?» - деп жазды павлодарлық дәрігерлер.
Жазба авторының айтуынша, күдікті азамат бөлімдегі ақ халаттылардың көпшілігімен тікелей байланысты болған, олар қазір өз денсаулықтарына алаңдаулы екен.
«Мені, аяғым ауыр болса да, карантинге тасымалдау кезінде 5 адаммен қатар жедел жәрдем арқылы жеткізді. 5 адамның біреуі коронавирус жұқтырған азаматты тасымалдаған фельдшер екен. Кейін дәл сол фельдшердің анализі инфекция жұқтырғанын көрсетіп, оны жұқпалы аурулар ауруханасына алып кетті», - деді терапевт Мадина Абжанова.
Медицина қызметкерлер басшылықтың өздерін назардан тыс қалдырғанына күйіп отырғанын жеткізді.
«Біздің мекеме тек 50 қызметкерге гуманитарлық көмек көрсетті. Қалғандарына гуманитарлық көмек түгілі моральдық көмек те көрсетпеді, ұмытып кетті. Біз жалақысыз, отбасымыздан алшақ, бала-шағамыздан бөлек қалып қойдық. Қазір біз 9-сәуірден бері овсервациялық госпитальде жатырмыз», - дейді олар.
Аймақтық Денсаулық сақтау басқармасы аталған жазбаға пікір білдірді. Басқармадағылар бұл жазба №1 Павлодар қалалық ауруханасының терапия бөлімінің 12 қызметкеріне тиесілі екенін жария етті. Олар 13 күнге карантинге жатқызылған.
«Медицина қызметкерлері карантинде жатқан уақытта қалыпты жалақы ғана аламыз деп уайымдап оттыр. Айта кету керек, әркім тәуекел класына қарай сыйақы алады. Қазір облыс әкімі Асхат Оралов осы жазба негізінде Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлерімен және аурухананың бас дәрігерімен сөйлесіп, сыйақы тағайындау мәселесін тапсырды», - деп хабарлайды ведомства баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар шешім медицина қызметкерлерінің пайдасына қабылданады деп сендірді. Қазір жағдай қалыпты және басшылық назарында.
Басып шығару