Қазақстан Республикасының президенті – Қарулы күштердің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскер қатарына шақырылғандармен кездесіп, Қарулы күштердің Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету әрекеттерін байқады.
ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Бас қолбасшыға арнайы әскери шақыру мәселесін және коронавируспен күрес кезіндегі әскерилердің жұмысын баяндады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы жалпы ахуал, азық-түлікпен қатамасыз ету, медициналық қорғаныс құралдары және қосымша инфекциялық аурухана құрылысы туралы толық баяндады.
Әкім мен министрдің әңгімесін тыңдаған президент ірі қалалардағы дезинфекциялау жұмыстарын қатаң қадағалау қажеттігін жеткізді.
«Әрине, күзет, патруль – маңызды қызмет. Бірақ бастысы – дезинфекция. Егер сапалы дезинфекция жүргізілмесе, бұл вирусты жеңу мүмкін емес», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Төтенше жағдай режимінде қарастырылған барлық талаптарды орындауды тапсырды.
«Біз шағын бизнеске жұмысқа кірісуге рұқсат берсек те, карантин сақталуы керек. Қала тұрғындары міндетті түрде карантин талаптарын сақтауы қажет. Басқаша мүмкін емес!» - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне сыйақы беру мәселесіне тоқталып, артынша инфекциялық аурухана жайын сұрады.
«Келесі аптада біз осы ауруханаға келеміз. Бұл небәрі екі апта ішінде салынып жатқан нысан. Сондықтан, ең алдымен, емхананың сапасына көңіл бөлу керек», - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметкерлерге Отан алдындағы борышын өтеп жүргендері үшін алғысын білдірді.
«Сіздерге үлкен алғыс білдіремін! Сіздер өте маңызды жұмыс істеп жатырсыздар. Бұл – нағыз отансүйгіштіктің көрінісі. Көпшілік отансүйгіштік туралы сөйлейді, ал іске келгенде бұғып қалады. Сіздер Отанға қызмет ету үшін өз еріктеріңізбен келіп тұрсыздар. Осы үшін шексіз ризашылық білдіремін!» - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы халықтың бұл індетті міндетті түрде жеңіп шығатынына сенімді екенін тағы бір мәрте жеткізді.
«Қазіргі жағдай өте қиын. Дегенмен, біздің халқымыз бұл қиындықты еңсеретініне күмәнім жоқ. Біз қарапайым халыққа көмек көрсетуді жалғастырамыз. Бюджеттен, Ұлттық қордан қаажат бөлінеді. Егер біз халықтың қамын ойламасақ, ешқандай экономика да болмайды», - деді ол.