Қазақстанда дағдарыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған жобалардың бірқатары жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының мұрындық болуымен орта және шағын бизнеске, экономиканың негізгі секторларына несие беру үшін өтініштер қабылдай бастады.
Бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев 10сәуірден бері несие алу үшін жалпы көлемі 422,2 миллиард теңге болатын 619 өтініш келіп түскенін айтты. Қазір жалпы құны 292,2 миллиард теңге болатын 470 жоба мақұлданып, 153 миллиард теңге 352 жобаға несие ретінде берілген.
«Ұлттық Банк аталған бағдарлама бойынша несие көлемін 400 миллиард теңгеден триллион теңгеге дейін арттыруға шешім қабылдап отыр. осы бағыт арқылы импортқа тәуелділік пен тұрмыстық заттар тапшылығының алдын аламыз», - деді Досаев.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайдан зардап шеккен шағын және орта бизнеске, жеке кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беруді көздейтін бағдарлама әзірленіп, жұмысын бастады.
«Үш ай ішінде игерілуі тиіс қаражатпен жұмысты бастадық. Кәсіпкерлер тарапынан 647 өтініш келіп түсті. Жалпы құны 17,3 миллиард теңгені құрайтын 45 несие рәсімделді», - деді ол.
9-сәуір күні «7-20-25» бағдарламасы бойынша жалпы құны 199 миллиард теңгені құрайтын 17 328 өтініш мақұлданса, құны 173,2 миллиард теңге болатын 14 616 несие тағайындалды.
Басып шығару