ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский Владимир Лениннің мумияланған мүрдесін сатуды ұсынып, баяндама жасады.
Саясаткердің ойынша, мүрдені саудалау арқылы елдің бюджеті қиын уақытта үлкен қаражатқа кенеледі-мыс.
«Францияда бір бизнесмен «Джоконда» картинасын сатқысы келіп отыр. біз де Лениннің мүрдесін сата алар едік. Қытай, Вьетнам сияқты елдер сатып алатынына күмәнім жоқ. Коммунистік партия үстемдік құрып тұрған елдер ойланбастан алады. Лениннің денесі 96 жыл бұрын ғана мумияланды, жағдайы жақсы», - деді ол.
Жириновскийдің бұл ұсынысын «Коммунисты России» партиясының орталық комитетінің төрағасы Максим Сурайкин намысқа тиеді деп есептейді. Оның айтуынша, Лениннің мүрдесін сату Кремльді сатумен бірдей.
«Оның ар-аяты жоқ. Сатылмайтын құндылықтар бар екенін ұмытпау керек. Оның жан-дүниесін қалай сатасың? Ленин мавзолейі саяси көзқарастардан тыс жалпыхалықтық құндылық. Тіпті, оның мүрдесін адам денесін сақтаудағы ғылыми эксперимент деп қарауға да болады. Лениннің денесін сақтау үшін түгел бір институт жұмыс істеп тұр. Бұл институтқа әлемнің бірқатар елдері жүгінеді. Нәтижесінде бюджетке қыруар қаражат түсіп жатыр. Жалпыхалықтық құндылықтар сатылмайды. Ленин мүрдесін сату Кремльді сатумен бірдей», - деді Сурайкин.
Басып шығару